Абайдың Тоғжанына ескерткіш орнатылды

«Тоғжан Абай өмірінде ерекше орын алатыны белгілі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында ақынның жас кезіндегі бозбалалық сезімі ерекше суреттелген. Тоғжан туралы Тайтөлеу Асқартегі былай дейді: «Абай атамыз жас кезінде Ділдаға үйленер алдында әкесі Құнанбайға: «Мен Ділдаға үйленбеймін, көздеп жүрген қызым бар» деп қарсылық көрсетеді. Сонда Құнанбай: «Бір шүйкебас үшін төрелермен қақтығыса алмаймын. Тоғжан Жәңгір төренің ту ұстар батырымен атастырып қойған» деп Абайды зорға көндірген. Сол Тоғжан әуелде батыр, кейін би болған Ботантайға екінші әйелдікке барған екен. Тоғыз бала көтеріп, соның үшеуі Бейсекей, Мұқаш, Ақсұлу, бұларды мен өз көзіммен көріп қолдарынан дәм таттым».
Ауыл адамдарының айтуынша, Тоғжан қартайып, кемпір болған кезінде де өте ерке мінезді болған деседі. Жақында Абай ауданы Тоқтамыс батыр ауылында Тоғжанның бейітіне ескерткіш белгі қойылды. Бұрын зираты қараусыз қалыпты. Ауыл әкімі Ақылтай Садырбай бастаған қалың жұртшылық аудан басшысы Тұрсынғазы Мүсәпірбековпен ақылдаса келіп, Тоғжан анамыздың басын көтерді. Сауапты істі соңына жеткізе білген ауылдың кәсіпкері, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Мұхтаров екен.
Тоғжан зираты басында Құран қатым түсіріліп, ел ағалары тарихтан ой қозғап, қазіргі жастарға ізгі ниеттерін арнады.