«Абайлаңыз, сиыр!» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

Өзге ел жоқ батырынан Жумонг, жоқ тарихынан «Құйынды мекен» сынды фильм жасап жатса, біздегілер көк қағаздың соңында кеңдігімізді кемсітіп, бар дүниені барынша батпаққа батырумен келеді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Абайлаңыз, сиыр!» атты мақаласында. Мақала авторы жуырда ғана еліміздің кинотеатрларынан көрсетілген осы аттас көркем фильм туралы өз ойларымен бөліскен.

«Бірде бір продюсерге «Сіз неге шетелдік фильмдерді көшіруге қаражат саласыз? Сонда тың идеяның таусылғаны ма?» дегенімізде, «Мен сол шетелдік өнімдерге қазақша бояу беремін ғой» деп ақталған еді. «Дурнушка Бетти» мен «Толстушка» сынды фильмдерге «қазақша бояу» берілген бұл туындының кемшін тұстарын көрмеу, көрген соң айтпай қалу мүмкін болмады. Қай жанрда қандай фильм түсіремін десе де - режиссердің еркі. Десек те ұлттық құндылық, қазақы көрініс, біздегі менталитетті мұқатуды доғарса. Бірақ бұл қателік қазақ режиссерлері үшін қалыпты жағдайға енгенге ұқсайды», дейді мақала авторы. Басылымның жазуынша, комедиялық фильмнің талабын орындаймыз деп кинодағы жастардың шайтан суды шамадан тыс ішіп, құсқан сәтін, Айгүлдің арбада отырған сәтіндегі жылқының «әрекетін», ауыл тұрғындары Баянды қуып жібергендегі экраннан айтылмау керек бейәдеп сөздерін, батыстың «Бритни Спирсі» киетін келте шалбарын киген ауыл серісін көрсету арқылы фильмнің мәдени деңгейінің қаншалық екені де көрінеді. Елімізде комедия жанрындағы кинолар жоқтың қасы десек, бұл салада тер төгіліп, біраз еңбек етілуі керек-ті. Десек те, ауыл болмысын, тұрғындар табиғатын, қазақы қалыпты киноға негізгі сюжет етіп аларда біраз ойлану қажет. Кәріс режиссері Кан И Со бір сұхбатында: «Мен елімнің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрі тіпті аспаптарына арнап түсірілетін фильмдерге аса ұқыптылықпен қараймын» деп жазады. Бізге де «ҚАЗАҚ» сөзімен қатар келетін ұғымдарды кинода бейнелеуде аса абай болу керек шығар. «Абайлаңыз, сиыр!» фильмінде «Аққайнар» ауылының болмысы дәл кинода көрсетілгендей ме екен?! Әлде бұл Есентаева-Ұзабаевтың танымы мен қиялындағы ауыл көрінісі ме?! Не десек те түсірілім тобы келесі туындыда фильмнің тақырыбы емес, мазмұнында абайлауы керек болар, дейді автор.

Жақында Billboard журналы табысы көп өнер иелерінің тізімін жариялады, деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның мәліметінше, рейтингтің көшбасында 23 жастағы кантри стилінде ән шырқайтын әнші Тейлор Свифт тұр. Ол үшін өткен жыл өте табысты болды, Тейлор 2013 жылы 40 миллион доллар қаржы жинады. Екінші орында - Кенни Чесни. Ол өткен 2013 жылы 33 миллион доллар табыс тапты. Нақты айтқанда, оның соңғы шығарған музыкалық «Life on a Rock» атты альбомы әншіге зор табыс әкелген, сондай-ақ концерттік қаламақыдан түскен қаржы да Кенни Чеснидің дәулетін молайтқан. Үшінші орында Джастин Тимберлейк тұр. Ол өткен жылы 31,1 миллион доллар қаржы тапқан көрінеді. Жеті жылдан кейін барып өзінің «The 20/20 Experience» және «The 20/20 Experience: 2 of 2» атты альбомын шығарған әншінің дауысын әнсүйер қауым сағынып-ақ қалған екен. Оның дискілерін қолдан-қолға сатып алып кеткен. Сөйтіп, бір жылда екі рет музыкалық альбом шығарған Джастин Тимберлейк еңбекқорлығының арқасында 31,1 миллион доллар тапқан. Сонымен қатар алғашқы бестікті атақты рок-музыканың алыптары Bon Jovi (29,4 млн доллар) мен Rolling Stones (26,2 миллион доллар) жалғап тұр. Бұл табысты олар өздерінің сахна төрінде 50 жылдығын атап өтуімен және концерттен түскен қаламақыдан алған. Алтыншы орында 24,4 миллион доллармен әнші Бейонсе тұр. Одан кейінгі орындарды Maroon ($22,2 млн), Люк Брайан ($22,1 млн), Пинк ($20 миллион) алған. Ал ондықты Британияның Fleetwood Mac тобы 20 миллион доллармен аяқтап тұр. Billboard журналы анықтаған табысы мол 40 әншінің қатарында әнші Мадонна жоқ. 2012 жылы ол 34 миллион доллар табыс тауып, әлемдік әншілердің арасында көш бастаған еді. Ал биылғы рейтинг бойынша ол дәулетті 40 әншінің қатарынан да табылмады. ***

Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Луизиана штатын Наполеон Бонапарттан АҚШ-тың сатып алғанына (1803 ж.) 100 жыл толуы құрметіне Сент-Луис қаласында 1903 жылы өткізілуге тиіс еді. Алайда, ол түрлі себептерге байланысты бір жыл кешіктіріліп, 1904 жылдың мамырында ашылып, 1 желтоқсанына дейін өткізілді, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Балмұздақты «вафель» стаканымен жеуді үйретті» атты мақаласында. Басылымның мәліметінше, Франциядан Луизиана штатын сатып алу АҚШ тарихындағы аса үлкен сауда-саттық оқиғасы болды. Міне, осы тарихи оқиға құрметіне арналған көрме өткізу шарасы да өте үлкен ауқымда жоспарланды. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу шараларын ұйымдастыруға Луизиана штатын сатып алу құнымен пара-пар - 15 миллион доллар қаржы жұмсалды. Көрме қалашығының ауқымы келген қонақтарды ерекше таңғалдырды. Тек ауыл шаруашылығы павильонының өзі ғана 324 мың шаршы метр аумақты алып жатты. Сент-Луис Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі қалашығында барлығы 1500 құрылыс нысаны тұрғызылды. Осы құрылыс нысандарын бір-бірімен жалғастыратын жолдардың ұзындығының өзі 120 шақырымға созылды. Тіпті, негізгі павильондардың өзін сырттай аралап шығудың өзі туристер үшін аптаға жуық уақытты қажет ететін еді. Көрме қалашығындағы құрылыс нысандарының басым көпшілігі уақытша қолданысқа арналып, гипстен салынды. Алайда, сәулет өнерінің озық үлгілері болып танылған, мәңгілік құрылыс материалдарынан тұрғызылған ғимараттар да аз болған жоқ. Мәселен, осындай екі ғимаратта әлі күнге дейін көркемөнер және тарихи мұражайлар орналасқан. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы Сент-Луис қаласында жеті ай бойы желбірегенде, дүние жүзінен келген туристерді қызықтырудың небір амалдары жасалды. Тіпті, көрме қалашығындағы арнайы павильонда Африканың, Американың және Австралияның ну ормандары мен шөлейт аймақтарында мекендейтін небір жабайы тайпалардың өкілдері қамалған темір торлардан тұратын «адамдар зоопаркі» туристер назарына ұсынылды. Арнайы жасалған үлкен сахнадан әлемдегі ең үлкен органнан концерт берілді. Сент-Луис қаласындағы ең бай және ең ірі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырушылар жеті ай бойы төрткүл дүниеден келген қонақтарды таңдандыра білді. ***

Кейбір деректерге қарағанда, жаһанда Наурыз мейрамын 300 миллион адам атап өтеді екен. Биыл да жалпақ жұрт жаңа жылды жақсылап тұрып қарсы алмақ. Әсіресе, үлкен мерекеге Арқа төсіндегі жұрттың дайындығы қызу. Бұл туралы «Астана ақшамы» газеті жазып отыр. Басылымның атап өтуінше, биыл астаналықтар мейрамға ерекше ықылас танытуда. Бұл күні өтетін бұқаралық серуендер мен концерттерге қаланың көркем безендірілген көрнекіліктері де ерекше көрік қосып тұрары анық. Бүгінде қаладағы оқу орындары, қоғамдық ойын-сауық орталықтары мен маңызды мекемелердің ғимараттары ұлттық нақыштағы өрнектермен әшекейленген. Бірнеше сәулет нышаны орнатылып, көше бойлары ұлттық ою-өрнектермен безендіріле бастады. Сондай-ақ, көшелерден өзгеше формадағы небір мүсін түрлерін кездестіруге болады. Жалпы, мерекеге орай, Астанада қырыққа жуық іс-шара өтеді және бірнеше киіз үй тігіледі деп жоспарлануда. Ал, сахналандырылған басты қойылым «Қазақ елі» монументі жанында көрсетілмек. Мейрамға байланысты қалада қауіпсіздік шарасы күшейтіліп, көлік қозғалысы да шектелмек. Сонымен қатар, сауда ойын-сауық орталықтары да Наурыз тойына арнайы бағдарламаларын ұсынатын болады. Әрине, бұл күні ұлттық ойындар, спорттық сайыстар да ұйымдастырылады, жиналған жұрт ыстық бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиеді.

*** Алимент мәселесі әлі күнге дейін әлеуметтік шешімін таппай келеді. Заңға сәйкес ата-ананың екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларын асырауға міндетті. Алайда, алимент төлеуден жалтарып жүргендер көп. Ондай борышкерлерге сот актісін орындамағаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 524-бабына сай әкімшілік жаза қолдану үшін жадығат толтырылып, сотқа жолданады, деп жазады «Астана ақшамы» бүгінгі санындағы «Алимент төлемей, әуежайда ұсталды» атты мақаласында. . Басылымның мәліметінше, көп жағдайда ел азаматтары заңды күшіне енген сот актілерін орындаудан бас тартып жатады. Ендігі жерде мәжбүрлеп орындаудың бір шарасы - борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қою. Сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Рес¬публикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады. Борышкерлерге қатысты қолданылатын бұл шектеу аз уақыт ішінде тиімділігін көрсетті. Астанада жыл басынан бері «Бүркіт» базасы бойынша борышкерлерге қатысты 467 рет шетелге шығуға тыйым салынды. Мәселен, Ахметов есімді азамат Түркия мемлекетіне ұшу кезінде елорда әуежайында ұсталды. Оған 156 мың теңге алимент қарызын толық өтегеннен кейін ғана елден тысқары шығуға рұқсат берілді. Ал, 430 мың теңге көлемінде алимент төлемеген Ысқақов есімді азамат шетелге сапар шеккелі тұрған жерінен жолына тосқауыл қойылды. Сондықтан, әрбір азамат сот шешіміне құрметпен қарап, уақытылы алимент төлемеудің салдары жеке басына, қызметіне нұқсан келетінін түсінген абзал.

Соңғы жаңалықтар