Абайтанушы: «Толық адам» ілімін ұстанған қоғамда полиция, сот жұмыссыз қалар еді
АСТАНА. KAZINFORM – Көк тіреген алып мұнаралардың шағын кірпіштен өрілетіні секілді, әлемдегі жетілген, толысқан қоғамдарды да жеке адамдар құрайды. Біздің елде де кемел қоғам қалыптасуы үшін әр азаматтың тұлғалық дамуы, жетілуі маңызды. Ал оған бастайтын қандай бағдар бар дегенде Абайдың «Толық адам» тұжырымын еске аламыз.

Бұл концепция Исламдағы «кемел адам» идеясы секілді миллионның бірі ғана ұстана алатын әулиелік жол ма? Әлде көпшілікке бейімделген, мыңның емес, екінің бірі ұғына алатын ілім бе? Жалпы, ол қазақ қоғамын дамудың жаңа сатысына шығара алатын әлеуетке ие ме? Оны біздің қоғамға енгізіп, сіңіре аламыз ба? Осы сауалдарды белгілі Абайтанушы Асан Омаровқа қойып көрдік.
— Амансыз ба, Асан аға! Әуелі Абайдың «Толық адам» тұжырымын қысқаша түсіндіріп берсеңіз? Толық адам деген қандай адам?
— Толық адам деген — идеал. Ол қайтсем пайдам тиеді, қайда барам (өлген соң) деген сұрақтың жауабын білетін, мұсылман ілімінше айтқанда, тариқат жолына түскен адам. Ол ғылым-білімі кемелдігімен де ерекшеленеді. Абай «кім Хақ жолына шарт қылып қадам басты, сол таза мұсылман, толық адам» деп айтқан. Толық адам рухани шыңға шыққан жан, оған шығу тек Алланың қолдауы болса ғана мүмкін. Әйтпесе жоқ.
— Абай іліміндегі «үш сүю» концепциясы толық адам болуға қалай жетелейді? Басқаша айтқанда, адам «толық адамға» айналу үшін қандай кезеңдерді бастан кешуі керек?
— Үш сүюдің дұрыс таратылуы былайша: бірінші Алланың адамға деген махаббаты, екіншісі адамның Алланы сүюі, үшіншісі адамның адамзаттың бәрін сүюі. Абай «әділетті сүй» демеген. Адамзатты сүйсең, сен Хақ жолындасың, әділеттісің деп отыр. Үш сүю арқылы адамның жетілу сатысын біле аламыз. Алланы жаннан тәтті сүйетіндер иманы түгел, яғни толық адамдар. Адамзаттың бәрін сүю — адам болу деңгейі. Оған жете алмағандар иманы таяздар, яғни жарым адамдар.
Толық адам болу үшін төрт сатыдан өту керек: шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат. Хақиқатқа жете алмаса да тариқатты бастаған адам да толық адам. Оны Абай «кәміл мұсылман» дейді.
Қарапайым көпшілік шариғат, яғни білім жинау сатысынан аса алмайды. Бұл таудың етегінде жүріп дүниеден өтеді деген сөз. Құдай барын, ақырет барын біледі, бірақ ол жүрегіне жетпеген, сондықтан иманы іске аспаған хәлде дүниемен қоштасады. Абай мұны ғапылдық, яғни өмірдің зая болуы деп ескертеді.
— Абайдың толық адам идеясы мен Исламдағы кемел адам (инсан-ул-камиль) түсінігі арасында қандай ұқсастық бар? Абай сол түсінікті көшірді ме, әлде өзі толықтырды ма? Толықтырса, қалай толықтырды?
— «Толық адам» мен «кемел адам», әрине, жақын туыс ұғымдар. «Кемел адам» концепциясында Құдай дидарына жету — мақсат, сол үшін дүниені тәрк етеді. Оны «сопылық ілім» дейтініміз сол. Абайдың ілімі бойынша Құдайға жету емес, оған ұқсап бағу маңызды. Өйткені толық адамның үш қасиетін Абай Алланың үш қасиетінен тартады.
Екіншіден, толық адамның құлшылығы кең мағынада. Көпке қызмет қыл, сонда «мен сүйгенді сүйді деп, Иең сені сүйеді» дейді, яғни Абайда дүниеден суыну идеясы жоқ. Себебі ғұмыр өзі хақиқат дейді. Сөйтіп, толық адам кәміл адамды қайталау емес. Оның жаңаша үлгідегі, реформаланған түрі.
— Қазіргі заманда «толық адам» болу мүмкін бе? Абайдың осы ілімін бүгінгі қоғамға қалай енгізуге болады? Оны ұстанған қоғам қандай болар еді?
— Қазіргі заманда толық адам болуы мүмкін емес. Бірақ бұл идеяны ұстану аса қажет. Неге? Себебі бұл — алыстағы тау сияқты немесе теңіздегі шамшырақ сияқты адастырмай жол көрсетіп тұратын концепция. Ол таудың шыңына шығу түгілі жете алмауың мүмкін. Бірақ жеке адам да, бүкіл қоғам да қалай қарай ілгерілеу керектігін білетін болады. Қазір осындай шамшырақ жоқтығынан адамзат басын тасқа да, тауға да ұрумен келеді. Соғысқұмарлық, өшпенділік те содан туады.
— Толық адам ілімін мектеп бағдарламасына енгізу қажет пе? Қалай енгізуге болады?
— Мектепке енгізу, бұл идеяны әр ұстаздың білуін міндеттеу ауадай қажет. Оны енгізу үшін бүкіл педагогтер корпусы, яғни миллиондаған қауым Абайды тануға ынталы болуы керек. Мемлекет тарапынан «Абайды білмесең, білгің келмесе, ұстаз емессің» дегенге саятын қатаң талап болуы керек. Қазір көп мұғалім Абайдың кітабын қолына да алмайды. Оны өмірден көріп жүрміз.
— Біздің қоғамның кемелденуіне «Толық адам» тұжырымы бағдар бола ала ма? Ол үшін қандай жұмыстар жүргізу керек?
— Балабақша, мектептен бастау алса, қоғам санасы жаңғырады, сауығады. Жапония, Корея елдері сияқты боламыз. Ұлт пен ұлттың айырмасы шамалы. Ол үшін зор рухани жұмыстар керек. Өздігінен ештеңе салбырап түспейді. Жаңа ұстаздарды айттым, сол сияқты телеарна, газет, журнал, әлеуметтік желі атаулы мақсатты түрде Абай мен Шәкәрімнің «адам бол» идеясын жатпай-тұрмай насихаттап көрсінші, қоғам көз алдымызда гүлденер еді, махаббат бұлағы ағар еді. Полиция, сот дегендер жұмыссыз қала бастар еді. Бәрі өзімізге байланысты. Қай қоғам өзгергісі келеді, соны өзгертеміз деген Құран аяты да бар. Қысқаша айтпағым осы.
— Әңгімеңізге рахмет!