Аббас Палестинада 20 жылда алғаш рет парламент сайлауы өтетінін растады
АСТАНА. KAZINFORM — Сайлауға дайындық ФАТХ қозғалысындағы пікір қайшылығы, Газа секторының сайлауға қатысу-қатыспауының әлі нақтыланбауы және белгіленген мерзімнің сақталуына қатысты алаңдаушылық жағдайында өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Палестина президенті Махмұд Аббас 2026 жылғы 28 қарашада Палестина заң шығару кеңесіне сайлау өткізуді жоспарлап отырғанын растады. Бұл Палестина аумағында соңғы 20 жылда өтетін алғашқы парламент сайлауы болмақ. Ол бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысушыларға арнаған бейнеүндеуінде мәлімдеді.
— Біз биыл 28 қарашада заң шығару кеңесіне сайлау өткізу үшін дайындықты жалғастырып жатырмыз, — деді Аббас.
Палестина басшысы биліктің халық пен халықаралық қауымдастық алдында қабылдаған реформалар бағдарламасы толық орындалғанын да айтты. Бұған дейін АҚШ Палестина ұлттық әкімшілігінен сыбайлас жемқорлықпен күресіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін шаралар қабылдауды талап еткен еді.
Палестина заң шығару кеңесінің соңғы сайлауы 2006 жылы, ал президент сайлауы 2005 жылы өтті. Парламент сайлауында ХАМАС басымдыққа ие болды. Одан кейін ХАМАС пен ФАТХ арасындағы текетірес күшейіп, қозғалыс Газа секторына бақылау орнатты.
2026 жылы Аббас 2027 жылы президент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарды. Алайда дауыс берудің нақты күні әзірге белгіленген жоқ.
Палестина басшысының мәлімдемесіне қарамастан, ФАТХ өкілдері сайлаудың белгіленген мерзімде өтетініне күмән келтіреді. Қозғалыстың бір бөлігі алдымен барлық палестиналық фракциямен диалог орнатуды ұсынса, енді бірі Израильдің Газа секторына сайлау жәшіктерін, бюллетеньдер мен қажетті құжаттар және сия жеткізуге рұқсат бермей отырғанын алға тартады.
ФАТХ қозғалысы да әзірге өз кандидаттарының тізімін жариялаған жоқ. Палестина Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға өтініштерді 26 қыркүйектен бастап қабылдауды жоспарлап отыр.
ХАМАС сайлауға қатысатынын мәлімдеп, ФАТХ-қа қарсы коалиция құру үшін басқа саяси күштермен келіссіз жүргізе бастады. Аталған тараптардың қатарында ФАТХ-тың бұрынғы жоғары лауазымды өкілі, қазір БАӘ-де тұратын және Аббастың мұрагерлерінің бірі саналатын Мұхаммед Дахлан да бар.
Франция Палестина билігін парламент және президент сайлауын өткізуге шақырды. Париж Палестина ұлттық әкімшілігіне сайлауға дайындық барысында қолдау көрсетіп, Еуропа одағы байқаушыларын жіберуді қолдайды.
АҚШ Аббасқа және Палестина делегациясының өзге де мүшелеріне елге кіруге виза бермегеннен кейін, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында Рамалладан бейнебайланыс арқылы сөз сөйледі.
Вашингтон бұл шектеуді Палестина билігінің Израильмен арадағы қақтығысты халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған әрекеттерімен түсіндірді.
Палестина президенті АҚШ-тың бұл шараларын заңсыз деп атап, Вашингтонды диалогты қайта бастауға және екі мемлекет қағидатын жүзеге асыруға бағытталған халықаралық күш-жігерді қолдауға шақырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Палестинаны 160 мемлекет мойындаған.
Бұған дейін Палестинаның ФАТХ қозғалысы 10 жылда алғаш рет жаңа басшылығын сайлап жатқанын хабарлаған едік.