АБДУЛИН АЙТҰХАМЕД АБДОЛЛАҰЛЫ

sp;Абдулин Айтмұхамед Абдоллаұлы (1924) инженер-геолог, ғалым, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның Мемлекет сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Инженерлер академиясының және Қазақстан Республикасы Инженерлер академиясының академигі, Башқортстан Республикасы Ғылым академиясының құрметті академигі, АҚШ-тың Оңтүстік Каролина университетінің профессоры, Қазақстан РеспубликасыҰлттық геология комитетінің алғашқы президенті.
None
None

Қарағанды облысы Қарсақпай (қазіргі Ұлытау) ауданының Ұлытау ауылында дүниеге келген. Атбасар өңірінің аға сұлтаны, биі, болыс болған Ерден Сандыбайұлының тікелей ұрпағы. Орта жүз Бағаналы руының Жырық атасынан тарайды. Балалар үйінде тәрбиеленген. 1942-1946 жылдары Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына және Жапон соғысына қатысқан. Запастағы полковник.

1946-1948 жылдары Бостандық аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. 1948-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетінде оқып, Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтының аспирантурасын бітірген. 1953 жылы ғылыми еңбек жолын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтында инженер болып бастаған.

1953-1964 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтында аспирант, лаборант, инженер, кіші, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, ғылыми хатшы, 1964-1974 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институты директорының орынбасары, 1974-1995 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтының директоры әрі Қазақстан Ғылым Академиясы Президиумының академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1988-1994 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Президиумының вице-президенті, сонымен қатар Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық институтының директоры қызметтерін қатар атқарып, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде дәріс берді. 1995 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтының құрметті директоры.

Ғалымның зерттеулерінің негізгі бағыттары: жалпы және аймақтық геология, тектоника, металлогения, мұнай және газ геологиясы.

Айтмұхамед Абдоллаұлы Орталық Қазақстанда алтын, мыс, турмалин кендерін зерттеумен шұғылданған. 1957 жылы алғаш рет Самар алтын мыс кенішін ашқан. Мұғалжар кешенді экспедициясын басқарып, Құмкөл, Арысқұм, Нұралы мұнай кендері, тағы басқа кен орындарын ашқан. Ғалымның тапқан нақты мәліметтері бойынша республиканың тектоникалық картасы жасалды. Орал, Тянь-Шань және Орталық Казақстанның тектоникалық құрылымдарының байланысы жөніндегі теориялық мәселелер жаңа тұрғыдан шешілді, геологиялық дамуының ерекшеліктері айқындалды.

А.Абдулин 300 астам ғылыми еңбектері мен 10 монографияның авторы. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ-ші шақырылымының депутаты. ҚР Парламенті бірінші шақырылымының депутаты. ҚР Ұлттық Геология комитетінің алғашқы президенті, ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Жоғарғы Аттестациялау президиумының мүшесі, Диссертациялық кеңесінің төрағасы, «Қазақстан геологиясы» журналының бас редакторы, ҚР ведомствоаралық стратиграфиялық комиссиясының төрағасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының мүшесі. Сонымен қатар А.Абдулин көптеген шетелдік ғылыми қоғамдардың мүшесі, Тараз, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінің құрметті профессоры, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінінің профессоры, Қазақстанның құрметті инженері. «Қазақстанның Құрметті кен іздеушісі» атағына ие болған.

Абдулин Айтмұхамед Абдоллаұлының есімі Алматы қаласының Алтын кітабына енгізілген.

Октябрь революциясы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет», Отан ордендерімен, Моңғол Халық Республикасының орденімен, көптеген медальдармен, Халықаралық геологиялық конгрестің алтын белгісімен марапатталған.

  

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 1 том

Соңғы жаңалықтар