Әбиба Әбужақынова Душанбеде Grand Slam турнирінің қола жүлдесіне ие болды

АСТАНА. KAZINFORM – Әбиба Әбужақынова Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. 

Әбиба Әбужақынова Душанбеде Grand Slam турнирінің қола жүлдесін еншіледі
Фото: kaz_judoteam

Қазақстандық дзюдошы 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде өзбекстандық, 20 жастағы Улбусын Хакимовамен татамиге шықты.

Әлемдік рейтингіде 6-орында тұрған Әбиба белдесуді көпке созған жоқ. Қарсыласын иппон әдісімен жеңді. 

Бұған дейін Әбужақынова жартылай финалда қытайлық Вене Жуангқа есе жіберген болатын. Ал Жуанг финалда моңғолиялық балуаннан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. 

Айта кетсек, қазақстандық дзюдошы биыл Аустрияның Линц қаласында Гран-при жарысында жеңімпаз атанған еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың Grand Slam турнирінде жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар