Әбілмансұр Батырғали ТМД елдері ойындарының күміс жүлдегері атанды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық каратэші ТМД елдері ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазақстандық каратешілер табысты өнер көрсетті.
«Беларусь Республикасындағы Могилев қаласында өтіп жатқан ТМД елдерінің II ойындарында атыраулық каратэші Әбілмансұр Батырғали бақ сынады. Ол ел намысын 75 келі салмақта қорғап, күміс медальға ие болды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Әбілмансұр Батырғали – әлемге енді таныла бастаған жас спортшы. Әлемнің бірнеше елінде өткен халықаралық додаларда топ жарған.
Мәселен, жастар арасында өзінің мықты спортшы екенін дәлелдеп, әлем чемпионы атанған.
Кейін ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленген. Осындай табысы үшін карате-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жеңіс Нұрлыбаев джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз.
Бұл – Жеңіс Нұрлыбаевтың әлемдік додадағы екінші жеңісі.
Ол 2021 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында спорттың осы түрінен өткен әлем чемпионатында алғашқы алтын медальге ие болған еді
Ал Моңғолияда өтіп жатқан әлем чемпионатында атыраулық тағы үш спортшы табысты өнер көрсетті. Оның бірі – әйелдер арасында сынға түскен Әйгерім Төреғожина күміс медальды иеленді.
Сондай-ақ атыраулық ардагер спортшы Русланхан Мадыханов та әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Тағы бір ардагер спортшы – Атырау облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Есенғалиев Айбар қола жүлдеге ие болды.
Фото: Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы