Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әбіш Кекілбаевқа «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атағы берілді

АҚТАУ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова / -  Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа   «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атағы берілді,

Әбіш Кекілбаевқа  «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атағы берілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда облыс әкімі Қ.Көшербаев, ҚР Парламентінің депутаттары М.Бортник, Ж.Сәрсенқұлов, З.Алшынбаев, С.Оспанов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалар мен қоғамдық ұйымдар басшыларының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.

Сессияда облыс әкімі Қ.Көшербаев сөйлеп, көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевқа «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс жасады.

 Алдағы тамыз айының 27-29 аралығында туған елінің дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы,  Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген Әбіш Кекілбайұлының 70 жасқа толу мерейтойын жерлестері атап өткелі отыр.

 Әбіш Кекілбайұлы бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына ересен үлес қосты.

 «Жақында іссапармен Мәскеуде болғанымда, бір топ белгілі ресейлік әдебиеттанушылармен кездестім. Сол кездесуде танымал жазушы, «Абай жолы» романын жаңадан орысшаға аударған атақты аудармашы Анатолий Ким «М.Әуезовтың шығармаларына ерекше кеңдік, ауқымдылық тән болса, Ә.Кекілбаевтың туындылары айырықша тереңдігімен сипатталады» деген еді. Киелі Маңғыстаудың айтып жеткізе алмас ұлан-ғайыр шежіресін Әбіш ағадай білетін, одан терең зерттеген қаламгер жоқ деуге болады»,-деді облыс басшысы Қ.Көшербаев.  

 Өткен жылы  «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» деген атақты  өлкенің шын мәніндегі құрметті тұлғаларына беру туралы шешім қабылданған болатын.  Оның ең алғашқы куәлігі былтыр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа табысталды.

 «Ендігі кезекте, Елбасының кемел кеңесшісі, сенімді серігі, рухани жолдасы бола білген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 70 жасқа толу мерейтойы қарсаңында, осы атақты беру туралы ұсыныс енгіземін және қолдауларыңызды сұраймын», деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.  

  Мұнан кейін сөз алған № 25-сайлау округінен сайланған депутат Ж.Сарбасов Әбіш Кекілбаевтың ел алдындағы өлшеусіз еңбегін атап көрсете келіп, әріптестерін облыс әкімінің ұсынысын қолдауға шақырды.

 Облыстық мәслихаттың депутаттары бірауыздан Ә.Кекілбаевқа «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдады.