«Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысына 600-ге жуық отандық компания қатысуы мүмкін
«Әбу-Даби Плаза» жобасы Қазақстан аумағындағы ірі инвестициялық жоба болып табылады және ол Біріккен Араб Әмірлігі Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылуда. Астанадағы осы кешенге бір миллиард доллардан астам инвестиция салынады. Нысан 2017 жылы пайдалануға берілмек немесе 2016 жылдың соңына қарай тапсырылады деп күтілуде», - деді ҚР СІМ жауапты хатшы Асқар Мусинов.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бұл жоба жоғары технологияларға негізделгенін, көпбейінді кешеннің аумағы 500 мыңға жуық шаршы метрді қамтитынын жеткізді. «Әбу-Даби Плаза» Астанадағы ЭКСПО-2017 қарсаңында ең инновациялық жобаның бірі болып табылады. Сондықтан осы бағытта Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі жиынның мақсаты - «Алдар» компаниясымен (БАӘ) жергілікті компаниялардың осы жобаға қатысуын талқылау. Осы орайда жобаны жергілікті компанияларға таныстырып, олар кешеннің құрылысына барынша қатысады деп үміттенеміз», - деді вице-премьер. Кешеннің құрылысында қазақстандық қамту деңгейін арттыруға басымдық берілетініне тоқталған Ә. Исекешев, бұндай нысандар құрылысында тауарлардың, қызметтердің қазақстандық жеткізушілерге мүмкіндіктерін барынша пайдалану керектігін қадап айтты. Сонымен қатар отандық өндірушілер өнім сапасына айрықша назар аударуы тиіс. "NADLoC" Жергілікті үлесті арттыру жөніндегі ұлттық агенттігі" АҚ-ның төрағасы Қайрат Бектүргеновтің айтуынша, кешеннің құрылысына 600-ге жуық отандық компания қатысуы мүмкін.
Агенттік қазіргі уақытта «Алдар» компаниясымен бірлесіп, тұрақты жұмыс істейтін арнайы топ құру туралы уағдаластыққа қол жеткізген. «Біздің жоспарымызға сәйкес аптасына бір мәрте «Алдар» компаниясының, мердігердің, тапсырыс берушінің және отандық компаниялардың қатысуымен семинар өткізіп тұратын боламыз»,- деді ол.