Абылай ханды тану - қазақты тану - абылайтанушы Зарқын Тайшыбай

«Осы күндері қазақтың ханы Абылайдың 300 жылдығын тойлап жатырмыз. Бұл дегеніміз - қазақтың оянғандығы, өзіне өзі келгендігі. Абылайды тану, ол қазақты тану деген сөз. Яғни, Абылай ханды тану арқылы қазақтың өткен тарихын, бүгінін, еліміздің келешектегі жолдарын бағдарлап, танып білуге тікелей қатысты», - деді ғалым.
Абылай ханның сыртқы саясатына тоқталған ол, «Абылай хандық құрған кезде Қазақстанның жағдайы дәл қазіргідей болған. Ол кезде геосаяси ахуалымыз, орналасуымыз, сондай-ақ ғаламдану жағдайы бүгінгідей болған. Бүкіләлемдік жер бөлінісі жүріп жатты. Сол кезде қазақ халқының жер бетінде қалуы, жеріміздің бүтін болуы үлкен тұлғаға, яғни бір ғана ханға байланысты болды. Жан-жақтан қауіп-қатер төніп тұрды», - деді.
«Қазіргі кезде біздің Президентіміздің саясаты да дәл сондай, яғни барша көршілермен тату болуға негізделген. Солармен жақсы дипломатиялық тиімді тең дәрежеде қарым-қатынас жасау керек. Абылайдың аманатын біз ақтағандай болып отырмыз. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырға таяп қалса да, өзімізге өзіміз келіп, бүкіл әлемдік қауымдастықтың мүшесі болып отырғандығымыз, бізді әлем танып отырғаны - ол Абылайдың тәуелсіздік мұраттары жолындағы күрестің жемісі болып табылады», - деп түйді З. Тайшыбай.