Абылай ханның арманы қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиеті тағы бір құнды кітаппен толықты. Ол - жазушы Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» жинағы. Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр.
None
None

Белгілі жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Думан Рамазанның бұл жаңа жинағына пьесалары мен аудармалары, әдеби сын мақалалары мен жолжазбалары топтастырылған.

Қарымды қаламгердің «Абылай ханның арманы», «Кенесары - Күнімжан», «Бала Қазыбек» сынды пьесалары, Харуки Мураками, Уильям Сароян, Әзиз Несин, Марио Варгас Льоса, Леонид Владимирский секілді әлемге әйгілі көркемсөз шеберлерінен жасаған аудармалары, Ғалым Жайлыбай, Маралтай Райымбекұлы тәрізді айтулы ақындар жөніндегі әдеби мақалалары мен Моңғолия және Ресейдегі қандас ағайындар өмірінен сыр шертетін жолсапар жазбалары айтар ойының айшықтығымен, теңіздей телегей мән-мазмұнымен, ішіне бүккен құпия-сырымен һәм самалдай ескен жаңашылдығымен ерекшеленеді.

Абылай хан - қазақ тарихында ойып тұрып орын алар кесек тұлға. Ол туралы жазуға кез келген жазушының тісі бата қоймасы анық. Осы оймен авторға Абылай хан туралы жазуға қалайша бел буғандығын сұрадық.

«Әрине, Кенесары да, Абылай да өте күрделі тұлға. Кенесарының Абылай ханның Қасым сұлтаннан туған немересі екені жалпақ жұртқа аян. Халқымызға қадірлі ұлы тұлғалар туралы жазу үшін ішкі дайындығың болуы керек. Менің Кенесары тақырыбын көптен бері зерттеп-зерделеп жүргенімді көзіқарақты оқырман білетін шығар. Кезінде ханның бас сүйегі мен дене сүйегін іздедім, өмірі мен көтерілісіне байланысты көптеген зерттеу материалдар жаздым. «Хан Кененің қазасы» атты кітап шығардым. Осының бәрі мені Кенесары хан туралы тарихи драма жазуыма алып келді. Сәтті шыққан сияқты. Олай дейтінім, 2011 жылғы Астанада өткен республикалық театр фестивалінде «Ең үздік драма» атанды, 2012 жылы «Жылдың ең үздік драматургиялық туындысы» деп танылды. Астана, Шығыс Қазақстан, Ақмола театрларында сахналанды, әлі де табыспен жүріп жатыр. Оның үстіне Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларының театрларында түрік тілінде қойылды. Бұл спектакль Астана театрына да үлкен абырой-бедел алып келді. Сондықтан да болар «енді Абылай ханның көркем бейнесін Елорда сахнасына шығарсақ» деген ұсынысымды режиссер Болат Ұзақов пен сол кездегі театр басшысы Еркін Жуасбек мырзалар қызу қолдай кетті. Сөйтіп «Абылай ханның арманы» атты тарихи драма дүниеге келді», - деп жауап берді автор.

Жалпы әр көркем шығарманың өз айтар ойы болады. Біз автордан бұл шығарма арқылы не айтпақ болғандығын, сондағы Абылай ханның арманы қандай деген сұрақ қойдық.

«Иә, мен бұнымен не айтпақ болдым? Айтайын дегенім, кейде бір елдің тарихына, болашақ тағдыр-талайына ықпал ететін тарихи тұлғалар болады. Кейде бір тарихи тұлғаның ақылдылығы арқасында сол ел гүлденеді, өседі, өркендейді, қанатын кеңге жаяды немесе ақымақтығының кесірінен күйреуге ұшырайды. Айта берсек, мұның мысалы өте көп. Соның бір дәлелі осы. Әмірсананың ақымақтығының арқасында қуатты Жоңғар елі жер бетінен жойылып кетті, Абылай ханның кемеңгерлігінің арқасында Қазақ елі тұтастығын сақтап қалды. Қазіргі біз ие болып отырған Қазақ елінің территориясын сол Абылай бабамыз белгілеп беріп кеткені - тарихи шындық. Егер Абылай ханның көреген саясаты болмаса, біздің де жоңғарлардың кебін киеріміз анық еді. Сондықтан Абылай ханды қалай құрметтесек те, жарасады. Мен сол бабамыздың ерлігі мен ақылына сүйсінетін ұрпағы ретінде бір парызымды өтедім ғой деп ойлаймын.

Пьесамда Абылай ханның аузымен айтылатын мынадай қанатты сөз бар. «Жоңғарлардың түбіне жеткен - алауыздық, осы кесірлі дерттен арылмай, біздің де көсегеміз көгере қоймас!» Бұны айтқан мен емес, Абылай бабамыздың төл сөзі. Бірақ осы сөзді қазір де қайталағым келіп тұрады. Өйткені, әлі де мән-маңызын жоғалта қомаған сөз. Қазір де бізге ең басты керегі - береке-бірлік! Онсыз көсегеміз көгере қоймайды. Міне, көркем шығарманың айтары бүгінгі күнмен астасып жатқанда ғана оның құндылығы мен маңызы арта түспек. Иә, сонымен бұл шығармамен не айтқым келді, қысқаша қайырып айтар болсақ, егер алауыз болсақ, жоңғарлар сияқты біздің де құрдымға құлап кетуіміз ғажап емес, ал береке-бірлікте болсақ, ешқандай жау ала алмайды. Бұл менің халқыма өнер арқылы ескертуім! Өнердің құдіреті де осында жатыр емес пе?!» - деп сөзін қорытты жазушы. Иә, Абылай ханның арманы - күллі қазақ баласының басын қосып, біріктіру.

Президентіміз Н. Назарбаев та күні кеше жариялаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында осы бірлікті айтып өтті емес пе?

«Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі - бірлік, берекесі. Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз. Ел бірлігі - біздің барша табыстарымыздың кілті», - дейді Елбасы.

Ендеше, бабаларымыз арман еткен бірлігімізді сақтай отырып, биік шыңдарды бағындыра берейік! Оспанова Гүлден

Соңғы жаңалықтар