ӘЧ-2026: Бельгия Сенегалды қосымша уақытта жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия құрамасы қосымша уақытта Сенегалды 3:2 есебімен жеңіп, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты.

ӘЧ-2026: Бельгия Сенегалды қосымша уақытта жеңді
Фото: Sports.kz

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалындағы матч АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Lumen Field стадионында өтті.

Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Сенегал құрамасы сапында Хабиб Диарра мен Исмаила Сарр мергендік танытса, Бельгия құрамасы үшін Ромелу Лукаку мен Юри Тилеманс гол соқты.

Жеңіс голы қосымша уақыттың 120+5-минутында соғылды. Юри Тилеманс пенальтиді сәтті орындап, Бельгия құрамасына 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.

Топтық кезеңде Бельгия құрамасы G тобында бірінші орын алса, Сенегал I тобында үшінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын.

Биыл әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Қазіргі әлем чемпионы — Аргентина құрамасы.

Айта кетейік, Гарри Кейннің қос голы Англияны әлем чемпионатының 1/8 финалына шығарды.