ӘЧ-2026: Эрлинг Холанд Бразилиямен кездесуде Норвегияға сенсациялық жеңіс сыйлады
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финалында Бразилия — Норвегия кездесуі аяқталды.
Бұл ойынға жанкүйерлер тарапынан ерекше қызығушылық болғаны рас. Әлемнің үздік құрамалары қатарында саналатын Бразилияға Эрлинг Холанд бастаған норвегиялық футболшылар қандай қауқар көрсете алады? Бұл сауал көптің көкейінде жүргені рас.
Ойынға бразилиялық құрама сапынан алған жарақатына байланысты қорғаушы Уэсли, жартылай қорғаушы Лукас Пакета, шабуылшы Рафинья қатысқан жоқ. Еуропалық құрамадан барлық футболшы алдағы кездесуге сақадай сай болды.
Кездесу барысында алғашқы минуттан тізгінді өз қолында ұстауға тырысқан Бразилия құрамасы толассыз шабуыл ұйымдастырды. Оған норвегиялық ойыншылар лайықты төтеп беріп жатты. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде де Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері басымдықты арттыра түсті. Десе де норвегиялық футболшылар қарымта шабуылға көңіл бөлді. Эрлинг Холанд 79-минутта есеп ашса, 90-минутта тағы бір мәрте көзге түсті. Нәтижесінде ол биылғы әлем біріншілігінде бес гол соғып үлгерді.
Ал 99-минутта Неймар пенальтиден есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша Норвегия құрамасы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, ¼ финалға жолдама алды.
Айта кетсек, қазірге дейін екі құрама екі мәрте кездескен еді. Оның біреуінде Норвегия басым түссе, бір ойын тең нәтижемен аяқталды.
Айта кетсек, бұдан бұрын 1/8 финалда Франция Парагвайды 1:0, Марокко Канаданы 3:0 есебімен жеңіп, ¼ финалға жолдама алды.
Енді 05:00–де Мексика — Англия құрамалары жасыл алаңға шығады.
Ал 7 шілдеде 00:00–де Португалия — Испания, 05:00–де АҚШ — Бельгия, 21: 00-де Аргентина — Мысыр, 8 шілдеде 01:00–де Швейцария — Колумбия шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Марокко құрамасы Канаданы жеңіп, ширек финалға жолдама алды.