ӘЧ-2026: Тартысқа толы ойында Аргентина Мысырды жеңіп, ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финалында Аргентина — Мысыр кездесуінің нәтижесі белгілі болды.
Алғашқы минуттан қарсыластар бірден шабуылға көшті. 2022 жылғы әлем чемпионы — Аргентина жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеген еді. Есесіне олар өздерінің қақпасына гол жіберіп алды. Ойынның 15-минутында мысырлық Яссер Ибрахим өз құрамасын алға шығарды. Арада төрт минут өткенде африкалық құрама қақпасына пенальти белгіленген еді.
Бұл сәтте Аргентина капитаны Лионель Месси мүлт кетті. Оның тепкен добын египеттік қақпашы Мостафа Шобейр кері қайтарып үлгерді. Салдарынан жартылай қорғаушы биылғы әлем чемпионатында екінші мәрте пенальтиді тиімді пайдалана алған жоқ. Бұған дейін ол топтық кезеңде Аустриямен ойында дәл осындай жағдайды бастан өткізді.
Бірінші кезеңде аргентиналық құрама таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ.
Екінші кезеңде қос құраманың да гол соғатын мүмкіндігі көбірек болды. Осындай сәттердің бірінде Мостафа Зико 58-минутта қарсылас қақпасынан саңылау тапқан еді. Дегенмен төрешіоған дейін тәртіп бұзылғанын ескертіп, бұл голды есепке алмады. Ол 67-минутта тағы бір мәрте көзге түсті.
Осылайша африкалық құрама екі доп айырмасымен алға шықты.
Аргентиналық футболшылар бұдан кейін шабуылды арттыра түсті. Алдымен 79-минутта Кристиан Ромеро мергендік танытса, 84-минутта Лионель Месси таразы басын теңестірді.
Бұл — оның биылғы әлем чемпионатындағы сегізінші голы. Осылайша ол өзі қатысқан аталған додада соққан голын 21-ге жеткізді.
Ал 92-минутта Энцо Фернандес Аргентинаны алға шығарды.
Осылайша олар қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.
Енді Месси бастаған аргентиналық футболшылар ¼ финалда 12 шілдеде Швейцария — Колумбия жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Сондай-ақ ¼ финалда Франция — Марокко, Испания — Бельгия, Норвегия — Англия шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Испаниядан жеңілген Португалия құрамасы ширек финалдан тыс қалды.