Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ACT Creative Tech Week 2026: Қазақстан мен Корея сарапшылары бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM – М.Тынышбаев атындағы ALT университетінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен креативті индустрияларды тоғыстырған халықаралық білім беру апталығы — ACT Creative Tech Week 2026 ресми түрде ашылды.

в
Фото: ALT University

Салтанатты іс-шараға Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук, ALT Университетінің, «Диалог» аудармашылар одағының, Almaty Creative, Алматы туризм бюросының, шетелдік білім беру және технологиялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен жоба қатысушылары қатысты.

в
Фото: ALT University

ACT Creative Tech Week 2026 қатысушыларды әлемдік креативті және технологиялық индустрияда қолданылып жүрген заманауи тәжірибелер мен технологиялармен таныстырады. Бағдарлама вебтундар жасаудан, кино, анимация және жарнама салаларында жасанды интеллектті қолданудан бастап, өндірісті цифрлық трансформациялау мен бағдарламалау дағдыларын қажет етпейтін шешімдерді әзірлеуге дейінгі бағыттарды қамтиды. 

к
Фото: ALT University

ACT Creative Tech Week білім беру апталығы 2026 жылғы мамырда ALT университетінің базасында «Диалог» аудармашылар одағымен бірлесіп ашылған Креативті технологиялар академиясының (ACT) алғашқы ірі халықаралық жобаларының бірі. Академия жасанды интеллект, IT және креативті индустриялар тоғысындағы мамандарды даярлауға, заманауи технологиялармен тәжірибелік жұмыс жүргізуге және халықаралық салалық сарапшыларды тартуға бағытталған.

Креативті индустрияларды дамыту қазіргі экономиканың перспективалы бағыттарының біріне айналып келеді. Шығармашылық, технология және кәсіпкерлік тоғысында жаңа мамандықтар, өнімдер мен бизнес-модельдер қалыптасып келеді. Ал жасанды интеллект пен цифрлық құралдар контент жасау және зияткерлік меншікті дамыту тәсілдерін өзгертіп жатыр. 

а
Фото: ALT University

Ресми ашылу салтанатында М.Тынышбаев атындағы ALT университеті директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Серіктегі ACT Creative Tech Week өткізу Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім, ғылым, инновациялар және жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамыту жұмысының жалғасы екенін атап өтті. 

- Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасын көпжылдық достық әрі өзара тиімді қарым-қатынастар байланыстырады. Екі ел арасындағы ынтымақтастық экономика, ғылым, білім, инновациялар, мәдениет және жоғары технологиялар салаларында жүйелі түрде дамып келеді. Бірлескен жобалар адами капиталды дамытуға және халықтарымыз арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді, - деп атап өтті Арслан Серіктегі.

Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы технологиялық және креативті бағыттардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. 

в
Фото: ALT University

- Бүгінде жасанды интеллект, өндірістің цифрлық трансформациясы, креативті индустриялар және цифрлық контент сияқты бағыттар ерекше маңызға ие болып отыр. Дәл осы салалар корей-қазақстандық ынтымақтастықтың жаңа қозғаушы күшіне айналып, екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтере алады, - деді Ха Тэ Ук.

Бас консулдың айтуынша, жастардың осындай білім беру бастамаларына қатысуы ерекше маңызға ие. Алынған білім, кәсіби байланыстар мен бірлескен жобалар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың берік негізіне айналуы мүмкін.

ACT Creative Tech Week 2026 бағдарламасы төрт бағытты қамтиды: Visual Storytelling and Webtoon, кино, анимация және жарнамадағы AI Production, Smart Factory & Manufacturing DX және No-Code AI Technologies. Қатысушылармен Корея Республикасы мен ТМД елдерінің вебтундар және зияткерлік меншік, жасанды интеллект, Smart Factory, цифрлық өндіріс және No-Code технологиялары саласындағы мамандары жұмыс істейді.

к
Фото: ALT University

Ресми іс-шараның маңызды қорытындыларының бірі ALT Университеті мен Корея Республикасының YLAB Academy, Yumong Co., Ltd. және Smart Maker Platform ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойылуы болды.

Келісімдер бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға, тәжірибе мен сараптамалық білім алмасуға, заманауи цифрлық технологияларды енгізуге және креативті индустриялар саласындағы жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды. Бұл келісімдер ALT Университетінің Оңтүстік Кореяның білім беру және технологиялық ұйымдарымен ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанаты мен меморандумдарға қол қою рәсімінен кейін Корея Республикасының Бас консулы Ха Тэ Ук пен қонақтарға ALT Университеті бойынша кампус-тур ұйымдастырылды. Делегация мүшелеріне университеттің материалдық-техникалық базасы, оқу және зертханалық кеңістіктері, заманауи жабдықтары, сондай-ақ білім беру, ғылыми және технологиялық жобаларды іске асыруға арналған инфрақұрылымы таныстырылды. 

Айта кетейік, ACT (Academy of Creative Technologies, Креативті технологиялар академиясы) — 2026 жылғы мамырда М.Тынышпаев атындағы ALT Университетінің базасында «Диалог» аудармашылар одағы» ҚБ-мен бірлесіп ашылған халықаралық білім беру платформасы. Академия жасанды интеллект, IT және креативті индустриялар тоғысындағы білім беру бастамаларын біріктіреді.

Айта кетейік, ALT University немесе М.Тынышпаев атындағы ALT университеті — университеттің ресми атауы.

ALT аббревиатурасы ребрендинг нәтижесінде сақталып, жоғары оқу орнының бұрынғы атауы Academy of Logistics and Transport (Логистика және көлік академиясы) атауынан шыққан. Бұған дейін университет Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (ҚазККА) ретінде де белгілі болған.