Адал еңбек айнасы: Үрімжідегі қазақ жүргізушінің өмір жолы - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Ташкент қаласы әкімдігінде Алматы өкілдерімен кездесу өтті – ӨзА
Ташкент қаласы әкімдігінде Алматы қаласының өкілдерімен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында екі мегаполистің делегациялары бауырлас қалалар арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Тараптар ірі қалаларды дамытудың заманауи үрдістерін саралап, ортақ сын-қатерлер мен мүмкіндіктер төңірегінде пікір алмасты.
Әсіресе, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және тұрақты даму қағидаттарын енгізу бағыттары негізгі назарда болды. Сонымен қатар, Ташкент пен Алматы арасындағы байланысты күшейтіп, өзара тиімді жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.
Кездесу аясында абаттандыру мен көгалдандыру саласындағы озық тәжірибелер, су ресурстарын тиімді басқару және ирригация жүйелерін жетілдіру мәселелері де талқыланды. Бұл бастамалар қалалардың экологиялық тепе-теңдігін сақтап, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Тараптар қала кеңістігін дамыту, жасыл аймақтарды ұлғайту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы заманауи урбанистік ортаны қалыптастыру тәжірибесімен бөлісіп, алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.
Адал еңбек айнасы: Үрімжідегі қазақ жүргізушінің өмір жолы – CNR
Таңғы күн сәулесі Тянь-Шань тауларынан асып, Үрімжі қаласына төгілді. Қала тұрғындары бір күндік қарбалас тіршілігін бастап жатқан сәтте, біз көше автобусының жүргізушісі Қайрат Құмарұлын бас бекеттен жолықтырдық, деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».
Аталған БАҚ-тың дерегінше, «Ердің атын еңбек шығарады» дейді халық даналығы. Қайрат Құмарұлының бойында қарапайым еңбекке адалдықпен қатар, жұртшылыққа жанашырлық танытатын асыл қасиеттер де мол. Бұл оның азаматтық келбетін айқындай түседі.
Үрімжі қалалық қоғамдық көлік басқармасына қарасты 1-тасымал бөлімінің 5-автопаркі партия ұйымының хатшысы Хун Юаньчүннің айтуынша, Қайрат Құмарұлы – №76 бағытта қызмет атқарып жүрген үздік жүргізушілердің бірі. Ол әр ұлт өкілдеріне шынайы ниетімен қызмет көрсетеді. Әсіресе қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, науқастарға көмегін аямайды.
Қайрат Құмарұлының айтуынша, ол осы жұмысты істеп келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болған.
№76 бағыт Үрімжі қаласының орталығын бойлай өтеді. Бағыт бойында мектептер, ауруханалар, сауда орталықтары орналасқан.
- Еңбекшілер күні қарсаңында барлық қоғамдық көлік жүргізушілерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Сіздердің еңбектеріңіз – ел игілігі жолындағы маңызды қызмет, деп жазады қытайлық басылым.
Айта кетейік, Қытайда 1 мамыр – Халықаралық еңбек күні (қытайша: 劳动节, Лаодун цзе) ретінде атап өтіледі. Бұл күн — жұмысшылардың еңбегін құрметтеуге арналған халықаралық мереке. Қытайда ол мемлекеттік маңызды мерекелердің бірі болып саналады.
Сондай-ақ осы аптада Бейжіңде шығатын «Орталық халық радиосы» сайтында «Қорғас шекара өткелінде Қытай–Еуропа жүк пойыздарының саны 3000-нан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, биыл 21 сәуірге дейін Қорғас темір жол шекара өткелі арқылы қатынаған Қытай–Еуропа (Орталық Азия бағыты) жүк пойыздарының саны 3000-нан асты.
Жыл басынан бері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы сыртқы саудада айтарлықтай өсім көрсетіп, импорт-экспорт көлемі бойынша оң нәтижелерге қол жеткізді.
Қорғас темір жол өткелі ашылғалы бері Қытай–Еуропа (Орталық Азия) бағытындағы жүк пойыздарының жалпы саны 55 мыңнан асып отыр. Қазіргі таңда пойыз бағыттарының саны 91-ге жетіп, олар 18 елдің 46 қаласы мен өңірін байланыстырады.
Сонымен қатар, тасымалданатын жүк түрлерінің саны 200-ден асқан.
«Дулаты» және «Бақты» кеден бекеттерінде жүк пен жолаушылар саны артты – «Халық газеті»
«Бақты» шекара өткелінің қызметінен алынған мәліметке сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында аталған кеден бекеті арқылы елге кіріп-шыққан адамдар саны 51,5 мыңнан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78,39%-ға жоғары көрсеткішті көрсетті, деп жазады Халық газеті.
Осы кезеңде «Бақты» кедені арқылы өткен көлік құралдарының саны 24,2 мыңнан асып, былтырғы жылмен салыстырғанда 49,88%-ға артқан. Бұл шекара өткеліндегі қозғалыс қарқынының едәуір жандана түскенін аңғартады.
Сонымен қатар, қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды шекаралық кеден бекеттерінің бірі «Дулаты» шекара бекеті де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, 21 сәуірге дейін бекет арқылы өткен жолаушылар саны 48 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 47,6%-ға өсті. Ал түрлі көлік құралдарының саны 31 мыңнан асып, 40,8%-ға артқан.
Бұдан бөлек, 23 сәуірде жел энергетикасына арналған турбина цилиндрлерін тасымалдаған ірі габаритті жүк көліктері «Дулаты» бекеті арқылы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға бағыт алды. Ұзындығы 30 метрден асатын бұл құрылғылар үшін шекара қызметі «жасыл дәліз» ұйымдастырып, кедендік рәсімдерді жедел әрі кедергісіз жүргізуге мүмкіндік жасады.
Сондай-ақ, осы аптада Халық газетінде «Хуацзян шатқалы көпірі «Ең биік көпір» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған басылымның мәліметінше,28 сәуір күні қатаң өлшеулер мен тексерулерден кейін Гуйчжоудағы Хуацзян шатқалы көпірі ресми түрде «Ең биік көпір» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Хуацзян шатқалы көпірінің соңғы расталған биіктігі 626,01 метрді құрайды. Бұл бұрынғы 565,4 метрлік әлемдік рекордтан асып түседі деп хабарлады. Хуацзян шатқалы көпірі Гуйчжоу өлкесіндегі Люань экспресс жолындағы маңызды инженерлік жоба болып табылады. Ол 2025 жылдың 28 қыркүйегінде көлік қозғалысына ашылды.
Түркияда шай тұтыну көлемі күніне 245 млн стақанға жетеді - TRT
Түркия әлемдегі ең көп шай тұтынатын елдердің бірі. Елде тәулігіне 245 миллионнан астам стақан шай ішілетіні анықталды.
Мамандардың мәліметінше, халықтың 96 пайызы күн сайын шай тұтынады. Жан басына шаққандағы жылдық құрғақ шай көлемі 3,5–4 килограммды құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Түркия әлемде алдыңғы орында.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, шай өсімдігі алғаш рет Қытай жерінен таралған. Ал Түркияда шай мәдениеті Османлы империясы кезеңінде XVII ғасырдан бастап қалыптаса бастады. Дегенмен өнеркәсіптік өндіріс XX ғасырдың басында жолға қойылды.
1917 жылы агроном Али Рыза Ертен жүргізген зерттеулер нәтижесінде Қаратеңіз аймағы шай өсіруге қолайлы өңір ретінде анықталды. 1924 жылы қабылданған заң негізінде Ризе өңірінде шай өндірісі ресми түрде басталды.
Қазіргі уақытта Түркия шай өндіру бойынша әлемде үшінші орында. Өнімнің басым бөлігі Қаратеңіз өңірінде, әсіресе Ризе қаласында өсіріледі. Сондай-ақ Трабзон, Артвин, Орду және Гиресун аймақтарында да шай өндірісі дамыған.
Сарапшылардың айтуынша, шай Түркияда тек сусын ғана емес, әлеуметтік мәдениеттің маңызды бөлігі саналады. Елде қонақ шақырудың белгісі ретінде «шай ішуге шақыру» кең таралған.
Түрік шайы әдетте жіңішке белді шыны стақанда ұсынылады. Мұндай пішін шайдың төменгі бөлігін ыстық күйінде сақтап, жоғарғы бөлігін тезірек салқындатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар стақан шайдың түсін айқын көрсетеді. Түріктер шайдың ең дұрыс реңкін «tavşan kanı» деп атайды.
Айта кетейік, Түркияда өндірілетін шайдың басым бөлігі ішкі нарықта тұтынылады. Сонымен қатар соңғы жылдары өнім түрлерін әртараптандыру бағытында да жұмыстар жүргізіліп келеді.
Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Түркияның туризм табысы бірінші тоқсанда 9,9 млрд доллардан асты» дегене тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Түркия Статистика институты 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларына арналған туризм статистикасын жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, елдің туризм табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға өсіп, 9 млрд 896 млн 456 мың АҚШ доллар болды.
Оның ішінде келушілерден түскен тікелей табыс 9 млрд 694 млн 574 мың доллар болса, транзиттік жолаушылардан түскен кіріс 201 млн 883 мың доллар. Туризм табысының 25,6%-ы шетелде тұратын Түркия азаматтарының үлесіне тиесілі.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, есепті кезеңде туристердің шығын құрылымында жеке шығындар басым болды – 8 млрд 469 млн 691 мың доллар. Ал пакеттік турларға жұмсалған қаражат көлемі 1 млрд 224 млн 883 мың доллар.
Сонымен қатар, келушілердің бір түнге шаққандағы орташа шығыны 102 доллар, ал шетелде тұратын Түркия азаматтарында бұл көрсеткіш 72 доллар болды.
Түркияға келушілердің негізгі мақсаттары: 55,3% – саяхат, ойын-сауық және мәдени іс-шаралар, 26,8% – туыстар мен достарға бару, 8,2% – сауда-саттық. Осы кезеңде шетелге шыққан Түркия азаматтарының саны 13,1%-ға артып, 2 млн 936 мың 279 адамға жетті. Олардың жан басына шаққандағы орташа шығыны 758 доллар.