Адам дамуының индексі бойынша Қазақстан ТМД-да бірінші орында
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Даму бағдарламасы адам дамуының индексін жариялады. Еліміз әлемде 60-орында, ал ТМД-да 1-орында тұр. Бұл жөнінде ranking.kz хабарлады.
Адам дамуының индексі (Human Development Index, HDI) — Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) елдердің даму деңгейін кешенді түрде салыстыру үшін әзірлеген жиынтық көрсеткіш. Ол үш негізгі бағытты қамтиды: ұзақ әрі салауатты өмір сүру, білімге қолжетімділік және лайықты өмір сүру деңгейі. Осы үш көрсеткіш халықтың әл-ауқатын, өмір сүру ұзақтығын және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Индексті есептегенде, орташа өмір сүру ұзақтығы, болжалды және орташа оқу ұзақтығы, сондай-ақ сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс ескеріледі. Көрсеткіш 0 мен 1 аралығында бағаланады.
HDI көрсеткішіне қарай елдер төрт санатқа бөлінеді:
• өте жоғары деңгей — 0,800 және одан жоғары;
• жоғары деңгей — 0,700–0,799;
• орташа деңгей — 0,550–0,699;
• төмен деңгей — 0,550-ден төмен.
Айта кету керек, Қазақстан адам дамуы деңгейі өте жоғары мемлекеттердің қатарында.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы 2025 жылғы баяндамасында әлем елдерінің 2023 жылғы деректерін қамтыған.
Онда Қазақстан 0,837 көрсеткішімен 193 мемлекеттің арасында 60-орында тұр.
Ал ТМД елдерінің арасында адам дамуының индексі бойынша Қазақстан ең үздік болып отыр.
Одан кейін тізімде Ресей (HDI — 0,832, 64-орын), Беларусь (0,824, 65-орын) және Армения (0,811, 69-орын) орналасқан. Бұл төрт ел де адам дамуы деңгейі өте жоғары мемлекеттер санатына кіреді.
Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы — 74,4 жыл. Дәл осындай көрсеткіш Беларусьте де тіркелген. Ал Ресейде бұл көрсеткіш — 73,2 жыл.
Қазақстанда болжалды оқу ұзақтығы 14 жыл болса, ал орташа оқу ұзақтығы — 12,5 жыл. Айта кету керек, қазақстандық білім беру жүйесі халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, QS Best Student Cities 2027 рейтингіне сәйкес, Алматы мен Астананың деңгейі өсті, яғни 78-орынға (+13) және 119-орынға (+8) көтерілді. Осылайша, Қазақстан студенттік қалалардың тартымдылығы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Рейтингте елдің басты артықшылықтары ретінде жоғары деңгейдегі университеттер мен жоғары білімнің қолжетімділігі атап өтілді.
Қазақстанда сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 30,9 мың АҚШ долларынан асты. Қарастырылған елдер ішінде бұдан жоғары көрсеткіш тек Ресейде тіркелді, онда — 39,2 мың АҚШ доллары. Беларусьте бұл көрсеткіш 26,7 мың доллар болса, ал Арменияда — 20,2 мың доллар.
Адам дамуы деңгейі жоғары елдер тобына Әзербайжан (0,789), Молдова (0,785), Украина (0,779), Түрікменстан (0,764), Өзбекстан (0,740) және Қырғызстан (0,720) енді.
Тәжікстан 0,691 индексімен 128-орынға жайғасып, қарастырылған елдердің ішінде адам дамуы деңгейі орташа санатқа енген жалғыз мемлекет болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан жаһандық зейнетақы индексінде «орнықтылық» рейтингін сақтап қалғанын жазғанбыз.