Адам көп, суы лай, жағымсыз иіс бар: Петропавлдағы жалғыз жағажай тұрғындардың көңілінен шықпайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы ресми бекітілген жалғыз шомылу орнына қатысты соңғы кезде тұрғындардың наразылығы күшейіп келеді. 

Адам көп, суы лай, жағымсыз иіс бар: Петропавлдағы жалғыз жағажай тұрғындардың көңілінен шықпайды
Фото: видеодан алынған скрин

Пестрое көлінің жағажайы биыл күрделі жаңғыртудан өтіп, жазғы шомылу маусымында пайдалануға берілген еді. Демалушылар үшін жаңа шезлонгтар мен орындықтар орнатылып, душ кабиналары, дәретхана, велосипед жолдары және балалар ойын алаңдары салынды.

Жаңартылған аумақ «эко-саябақ» ретінде таныстырылды.

Бастапқыда көл маңайының тазарып, абаттандырылғанына қуанған жұрттың бір бөлігі бүгінде жағажайдың жай-күйіне көңілі толмайтынын айтып отыр. Атап айтқанда, аптап ыстықта көлеңкелі орын және дәретханалар жетіспейді.

Дегенмен көпшілікті алаңдататын басты мәселе — көлдің суы. Демалушылардың айтуынша, көл суы былық, түбін қара лай басқан. Кейбірі судан батпақтың иісі шығатынын және шомылғаннан кейін терінің қышуы сияқты қолайсыздықтар тудыратынын айтады. Осыған байланысты әлеуметтік желіде су сапасына қатысты түрлі пікірлер мен алаңдаушылықтар жиілеген.

Шомылуға келгендердің жарақат алған жағдайлары да тіркелген. Оқиғадан кейін көлді жалға алушы су айдынының түбін тастар мен темір-терсектен тазартты.

Алайда бұл мәселені түбегейлі шешпеді. Суы лай, жағымсыз иіс бар.

Петропавл тұрғындары Пестрое көліне шомылуға амалсыздан барады, өйткені таңдау жоқ. 2024 жылғы су тасқынынан кейін Есіл өзеніндегі қалалық жағажай жабылып, Пестрое көлі Петропавл аумағындағы шомылуға рұқсат етілген жалғыз ресми орын болып қалды.

Әсіресе демалыс күндері мұнда «ине шаншар жер» жоқ. 

Жергілікті билік бұған дейін жағажайды жалға алушы кәсіпкерге су айдынын тазарту жөнінде тапсырма берген.

— СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су сапасына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыр. Уәкілетті органдар тарапынан шомылуға қатысты қандай да бір шектеу немесе тыйым енгізілген жоқ.

Бұған дейін шомылу маусымының алдында жағажайға іргелес көл түбі механикалық тәсілмен тазартылған болатын. Су айдынының иесімен бірлесіп, тағы да көл жағалауы мен акваториясын арнайы техниканы тарта отырып қосымша тазарту мәселесі пысықталу үстінде.
Ал екінші жағажайды ашу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Су тасқынынан кейін Есіл өзенінің арнасы шамамен 6 метрге дейін тереңдеп кеткен. Осыған байланысты бұрынғы жағажайды қайта пайдалануға беру қауіпті, — дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

Бұған дейін Атырауда шомылу маусымын ашу мерзімі тағы да кейінге қалдырылғанын жазған едік.