Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны ұлдарға да салу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов тегін әрі ерікті түрде ер балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салуды ұсынды.

ДДСҰ: Вакцина Африкада 1,8 миллион адамның өмірін сақтап қалды
Фото: Анадолы

- Өткен аптада біз Денсаулық сақтау министріне ата-аналар кездесулерде көтерген бір сұрақпен жүгіндік. Атап айтқанда – ер балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы ерікті вакцинациялау бағдарламасына қосу мәселесі. Қазір Қазақстанда қыз балалар адам папиллома вирусына қарсы екпені тегін алып жатыр. Бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалатын маңызды шешім және үлкен жетістік, - деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram парақшасында.

Халық қалаулысы аталған вирусқа қарсы екпе егу тәжірибесін кеңейту қажет деп санайды.

- Адам папиллома вирусы – тек «әйелдерге тән вирус» емес. Бұл вирус жатыр мойны обырынан бөлек, көмей, ауыз қуысы, тік ішек обыры сияқты басқа да онкологиялық ауруларға ерлер арасында да себеп болуы мүмкін. Бүгінде көптеген елде ер балалар да қыздармен қатар вакцина алады. Сондықтан біз бұл екпені ерікті негізде алуға мүмкіндік беруді ұсындық. Вакцинаны дәріханалардан табу қиын, сондықтан мемлекет тарапынан оған қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы қолдайды деп үміттенеміз. Себебі ер балалар да қауіп тобына жатады. Олардың денсаулығы назардан тыс қалмауы тиіс, - деп толықтырды депутат.

Айта кетейік, сәуірде елімізде ер балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина егілуі мүмкін екендігі туралы хабарлаған едік. 

Еске салайық, былтыр қыркүйекте елімізде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы — адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпы вакциналау басталды. Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстанда аталған инфекцияның таралу статистикасы қандай, бұл вирус не үшін қауіпті және неге екпе алу қажет екеніне шолу жасаған еді. 

Өткен жылы Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. 

Соңғы жаңалықтар