Адам папилломавирусына қарсы вакцинаны сатып алуға 9 млрд теңге қарастырылды - онколог

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл қыркүйек айынан бастап оқушы қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакциналау басталады. Аталған вирус қаншалықты қауіпті одан неге ерте жастан қорғану керек? осы және өзге де сұрақтарға Алматы онкология орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова жауап берді.

Райхан Болатбекова
Фото: Kazinform

Осыдан 11 жыл бұрын адам папилломавирусына қарсы вакциналау бағдарламасы пилоттық режимде қолға алынып, кейін сәтсіз аяқталды неге?

– 2013 жылы Қазақстанда 12-14 жас аралығындағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы егу басталды. Бұл пилоттық жобаға еліміздің 4 қаласы қатысқан болатын. Атап айтар болсам, Атырау, Павлодар, Алматы және Астана. Пилоттық жоба барысында 17000 оқушы қыз екпенің бір дозасын алған, ішінде тек 11мың қатысушыға толық дозалық вакцина егілді. 2015 жылы екпеден өз еріктерімен бас тартқандықтан және Павлодарда екі жасөспірім қыз HPV-ға қарсы екпеден кейін жағдайының нашарлағанына шағымданды. Содан жоба тоқтатылды. Алайда, кейін олардың есінен танып қалуы вакцинамен байланысты емес екені анықталды.

Адам папилломавирусы қандай қатерлі ісікке әкелуі мүмкін?

– Адамның папилломавирусының кей түрлері емделмеген жағдайда 10-15 жылда жатыр мойны ісігіне әкеледі. Сондай-ақ халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі адам папилломасывирусының 16 және 18 типті түрін канцерогенді фактор ретінде ресми түрде мәлімдеді. Жатыр мойны обырының дамуы – ұзақ процесс. Әр төрт жыл сайын скринингтен өтуге болады. Егер қандай да бір патология анықталса, мұндай пациенттерді бақылау және емдеудің алгоритмі бар. Яғни қатерлі ісікке дейін апармайды.

Адам папилломавирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алатыны ғылыми дәлелденген бе ?

– Профессор Харальд Зур Хаусен адам папилломавирусы жатыр мойны обырына әкелетінін дәлелдеген ғалым. Ол үшін профессор Нобель сыйлығымен марапатталды. HPV-нің 200-ге жуық түрі бар, олардың 14-і адам үшін қауіпті және тек жатыр мойны обырын ғана емес, ауыз қуысының, анустың, жыныс мүшесінің, сыртқы жыныс мүшелерінің ісігін де тудыруы мүмкін. Америка Құрама Штаттары мен Австралия сияқты елдер жасөспірім қыздарға иммундау бағдарламаларын 15 жылдан астам уақыт бұрын енгізді. Вакцинацияның экономикалық тиімділігі көптеген зерттеулерде дәлелденген. Вакцина - аталған вирус салдарынан болатын ауруларды және өлімді 70-тен 97% -ға дейін төмендетеді. Ал, жатыр мойны обыры – толықтай алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік.

Инфекциялық вирус несімен қауіпті?

– HPV инфекцияларының басым көпшілігі жыныстық қатынас арқылы жұғады. Алайда, вирус жұқтырған адамның терісі мен шырышты қабаттарымен тұрмыстық байланыс арқылы да беріледі, сондықтан жұқтыру қаупі жыныстық белсенді емес қыздар арасында да бар.

Ата- аналар арасында вакцина «бедеулікке әкеледі» деген үрей бар. Оған не дейсіз?

– Адам папилломавирусына ( HPV) қарсы вакцинациясы мен бедеулік арасындағы байланысты көрсететін эпидемиологиялық зерттеу жоқ. 2018 жылы «АҚШ-та адам папилломавирусына қарсы вакцина инъекциясын алған 25-29 жас аралығындағы әйелдердің жүкті болу ықтималдығы төмендеді», деген мақала жарық көрген болатын. Мақала авторы Gayle DeLong мамандығы бойынша медицина саласына қатысы жоқ, білімі экономист еді. Осы мақаладан HPV вакцинациясына қатысты барлық алаңдаушылықтар басталды. Кейін оның негізсіз екені дәлелденді. ДДҰ бұл вакцинаны қауіпсіз және тиімді деп бекітті

Вакцинация ерікті түрде жасалады ма?

– Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, 2024 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының мектептеріндегі 11 жастағы қыздарға екпе салуды тек ата-анасының келісімімен ғана бастауды жоспарлап отыр.

Неге 9-11 жастағы оқушы қыздарға салынуы керек?

– Жаппай егу 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздарға жүргізіледі. Бұл жасөспірім қыздарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай вакцинациялау мақсатында таңдалды, өйткені жыныстық белсенділіктің 10 жасында басталу жағдайлары бар. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер 10 жастағы жасөспірімдердің 2% жыныстық өмірді 10-11 жаста бастағанын көрсетті.

Биыл қанша оқушы қызды вакцинациядан өтеді?

– Бюджетке келетін болсақ 2024 жылы денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, АПВ - ға қарсы вакциналарды сатып алуға шамамен 9 миллиард теңге қарастырылған 175 мың қызды екі дозамен қамту жоспарда.

Вакцина қай елден жеткізіледі?

– АҚШ пен Ұлыбританиядан арнайы тапсырыспен алынады.

Екпені жыл сайын алып туру керек пе?

– Жыл сайын вакцина алу қажеттілігі жоқ. Қазақстанға «Гардасил- 4» вакцинасы жеткізіледі. Екпе 2 кезеңге бөлініп салынады. Жүргізілген зерттеулер бойынша вакцина 10 жылдың ішінде әсерін жоғалтпаған. Иммунитеттің ұзақтығына қатысты зерттеулер әлі де жүргізілуде. Нәтижесінде 10 жылдан кейін ревакцинация қажет емес екені дәлелденді.

Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ата-аналар біріншіден, толықтай берілген ақпаратпен танысу керек. Екіншіден, барлық сұрақтарына дәрігерлерден жауап ала алады. Үшіншіден, қазіргі уақытта интернет желісінде толық мәліметтер қол жетімді. Оның ішінде бүкіләлемде жүргізілген зерттеулермен таныса алады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар