Адам саудасымен күрес. Түрікменстан 5 жылдық іс-қимыл жоспарын қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов адам саудасына қарсы күрес жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жаңа ұлттық іс-қимыл жоспарын бекітті.

Бұл туралы Turkmenportal хабарлады, деп жазды Анадолы ақпарат агенттігі.
Бұл жоспарды үкімет отырысында елдің сыртқы істер министрі Рашид Мередов таныстырды. Құжат бес бөлімнен тұрады және адам саудасымен күрес бойынша мақсатты шаралар кешенін қарастырады. Жоспарда іс-шараларды жүзеге асыру мерзімдері, тиімділік көрсеткіштері, жауапты мемлекеттік органдар нақты белгіленді. Бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді.
Адам саудасына қарсы күресті күшейтудегі маңызды қадамдардың бірі 2024 жылы Ведомствоаралық комиссияның құрылуы болды, оның қатысуымен жаңа жоспар әзірленді. Құжат Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) және БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (UNODC) бірлесіп әзірленген.
Бұған дейін елде 2016-2018 және 2020-2022 жылдарға арналған осындай ұлттық жоспарлар жүзеге асырылған болатын.
Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов адам саудасымен күрес халықаралық қауымдастықпен келісілген өзара іс-қимылды қажет ететін маңызды жаһандық проблемалардың бірі болып қала беретінін мәлімдеді.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан мен Түрікменстан халықаралық маршруттағы жүргізушілер үшін визалық режимді жоятынын жазған едік.