Адамға намаз оқу, ораза ұстау қандай бұйрық болса, Құранның талабына сай киіну де дәл сондай бұйрық - Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі

МАТЫ. 24 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Шариғат бойынша киіну арғы жақ, бергі жақтан келген бір ағымның жолы емес, ол Қасиетті Құранда анық айтылған бұйрық.

Адамға намаз оқу, ораза ұстау қандай бұйрық болса, Құранның талабына сай киіну де дәл сондай бұйрық - Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі

Бұл туралы еліміздің Бас мүфтиі, хазірет Әбсаттар қажы Дербісәлі кеше Алматыда өткен республикалық «Әсем киім - әйел көркі-2011» байқауының қорытынды кешінде айтты.

Оның айтуынша, қазақ халқы сан ғасырдан бері ұстанып келген Ханафи мәзһабында да осылай айтылған. «Ата бабаларымыз осы талапты орындау үшін өз мәдениетіне, әдет-ғұрпына, діліне сай етіп небір әсем киім үлгілерін жасап шығарған. Олардың шариғат қағидаларына қайшы келмеуін басты назарда ұстаған», - деді Бас мүфти.

Оның пікірінше, адамға намаз оқу, ораза ұстау қандай бұйрық болса, Құранның талабына сай киіну де дәл сондай бұйрық. «Ендеше дінді ұстанған адамның оның талабы бойынша киінуі де заңды нәрсе. Бүгінде жаһанның төрт бұрышында қаншама ұлттар мен ұлыстар мұсылмандықты ұстанып, шариғат бойынша киінуде. Демек, киім киюдің сеніммен, иманмен астасқан жағы да бар. Мұны ұмытуға болмайды», - деп атап өтті Бас мүфти шара барысында.

Бас мүфти бұнымен қатар: «Киім жай ғана жапырақ мата емес, ол белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні орасан. Сондықтан әр қазақ мақтан тұтатын мол мәдениетіміздің елеулі бір саласына киім кию ғұрыптарымызды жатқызсақ болады. Шындығында да, әлемдегі озық өнер түрлерін сарапқа салар болсақ, қазақ өнері алдыңғы қатардан көрінері даусыз. Себебі, қазақ - дүниетанымы терең, мәдениеті бай, әрбір өнері көрнекті, көрген-түйгені мол үлгілі ұлт. Қазақ өнерінің әрбір туындысы өзгеге ұқсамайтын өзіндік ұлттық нақыштарға толы. Мысалы, кешеге дейін ата-әжелеріміз тұтынып келген киіз үй мен оның ішіндегі сан түрлі бұйым, мүліктер осының айқын айғағы. Қазақтың кілемі, киізі, текеметі, алашасы, сандығы, кебежесі, домбырасы, тіпті ең қарапайым қымыз құятын мүйіз ожауына дейін екінің бірі жасай бермейтін бірегей көркем туындылар. Демек, қазақтың күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттарының ұсағынан ірісіне дейін биік өрелі өнер деңгейінде болғаны анық. Мұның бәрі жоғары рухани мәдениеттің нақты дәлелдері. Қазақ елі киім жасауда да тарих бетінде өзіндік дара із қалдыра білген. Киімдеріндегі ою-өрнектер, қолданылған материалдардың композициясы, олардың арасындағы керемет үйлесім, түр-түстің ерекше нәзік сәйкестігі - бәрі де қазақтың шоқтығы биік шеберлігін, шалқар шабытын, табиғатты терең меңгерген даналығын бірден байқатып тұрады»,-деді.

Бас мүфти сонымен қатар, қазақ халқы еш уақытта бірдей киінбеген деп атап өтті. «Ұлттық киімдеріміз адамның жасына, жынысына, әлеуметтік тегіне, деңгейіне, дәрежесіне, қызметіне қарай әр түрлі болып тігілген. Сондай-ақ, қазақ киімдерінің қыстық, маусымаралық, жаздық деген секілді маусымдық, содан соң сән киімі, салтанат киімі, ғұрыптық, яғни өлім-жітімге, тойға барғанда киетін киім түрлері болған. Осылайша, жет бетін мың түрлі әсем гүлдер қалай құлпыртса, сан түрлі киімдеріміз де қазақ даласына өзінше сән беріп келген. Кейін келе-келе, өкінішке орай, социалистік қоғам құру үшін жұрттың бәрі бірдей киінсін, бірдей жұмыс істесін, бірдей өмір сүрсін деген саясатты бастан кешіп, орыс та, неміс те, қазақ та фабрикадан шыққан бірдей киім киюге көштік. Одан бөлек, ұлттық киімдерді қасақана жоюға, халық санасынан өшіруге бағытталған арнайы үдерістердің болғаны қазір жасырын емес. Осы себептерден даланың гүліндей құлпырған ұлттық киімдеріміз қолданыстан қала берді», - деді.

Оның айтуынша, халқымыздың қыз-келіншектерге арналған бүкіл киімдерінің бәрінде ортақ бір ерекшелік бар. «Ол адамның дене бітімін қымтап жауып тұратындығы. Бұл жағынан алғанда, қазақ киімдерінің көпшілігі қасиетті дініміздің талаптарына сай келеді деуге толық негіз бар. Тарихымызға үңілсек, кимешектің де жас ерекшеліктері мен аймақтық-өңірлік ерекшеліктерге қарай сан түрі тігіліп, әсем ою-өрнектермен безендіріліп киілген. Әсіресе, әйел затына арналған дәстүрлі бас киімнің қыр -сыры мол түрлері көп болған. Мәселен, сәукеле, бөрік, кимешек, қарқара, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, шылауыш, т.б. бас киімдерді атауға болады. Бұлардың өзі бүрмелі кимешек, орама кимешек, бұрама жаулық деген секілді түрлерге жіктелген. Оны дәлелдейтін этнографиялық дүниелер өте көп. Демек, қазақ ғұрпында әйел кісі бас киімсіз, жалаңбас жүрмеген. Сондықтан болар, әйел затын ардақтаған кезде «ақ жаулықты ана ғой» деп әспеттеп, дәріптейміз. Қыздарымызды еркелеткенде, «үкілеп өсіріп отырған қызымыз» дейміз. Бұл кәмелетке толмаған балғын қыздардың өзіне қазақ халқы үкілі тақия кигізгенінің тілдегі бір көрінісі. Киімнің ең әдемісін халқымыз қызына кигізген, әшекейдің ең асылын қызына тағуға тырысқан. Жас қыздар бүрмелі ұзын етекті көйлек, жібек бешпент, барқыт камзол киген. Асыл тастармен моншақталған сәукелені де қыз бала өз үйінде киген. Күйеуінің ауылына жеткен соң, басына жаулық салған. Әр нәрсенің жөні мен көзін тауып жасаған халқымыз ұзатылған қызды да үлде мен бүлдеге орап, қадірлеп ұзатқан. Ұзатылған қыз алғашқы жылы сәукеле тақса, күнделікті өмірде желек киген. Ал, бірнеше балалы болған кезде, кимешек киіп, оның үстінен шылауыш тартқан. Қысқаша айтқанда, тарихымыздан қазақта әйел киімдерін қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері деп төрт топқа жіктеп тіккен. Бұл да қазақ қыз-келіншектерінің өз денелерін барынша қымтап киінгенін көрсетеді. Демек, ата-баларымыз әйел затына арналған киімдерді жасауда дініміздің талаптарын басты негізге алған. Дене бітімді жауып тұратын киім адамның құнын арттыратынын ата-бабаларымыз жақсы білген. Қыз баланы сұғанақ көздердің сұғынан түрлі киімдер арқылы, әшекей бұйымдар арқылы сақтауға болатынын терең ұғынған. Бүгінде қазақтың көзқарасы, дүниетанымы көз алдымызда өзгеріп барады. Мысалы, қазір бөксесі мен омырауын көрсетіп, қысқа етек-жең киіп, ашық-шашық жүргендерге біз реніш көзімен қарамайтын болғанбыз. Қоғамның еті оған әбден үйренген. Тіпті бұлай киінуді мәдениеттіліктің нышаны секілді көретін болдық. Ал, керісінше, ұятқа, ар-намысына, иманына берік болып, өз денесін бөгде еркектерге көрсетпей, қымтап киінген қыздарға үрке қарайтын дәрежеге жеттік. Ақиқатына келгенде, адам баласының табиғаты, әсіресе, әйел затының жаратылысы әу бастан ұят пен әдепке құрылған. Сонау Адам атамыз бен Хауа анамыздың дәуірінде де денені жауып киіну дәстүрі болған. Қасиетті Құран кәрімде мұны дәлелдейтін анық аяттар бар. Сондай-ақ, адам баласы анасынан жалаңаш туылып, кейін саналы түрде өз денесін жауып жүруге бейім жаратылыс. Демек, ашылған ұятты жерлерді жабу табиғатымызда бар. Сондықтан киім кию эстетикалық, ғұрыптық, этнопәлсапалық қызметтерінен бұрын жаратылыспен астасқан діни талап екендігі шүбәсіз», - деді еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Бас мүфтидің айтуынша, Құранда парыз етілген киім үлгісі қара, жасыл түсті болсын», деген секілді нақты әрі қатаң форма көрсетілмеген. «Сондықтан, әйел баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кең, денесін көрсететіндей жұқа емес және жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез-келген киім үлгісін таңдап киюіне болады. Қап-қара түсті матадан тігілген және тек көзді ғана ашық қалдыратын ниқап кию шариғатымызда парыз емес. Қандай түсті қаласа да, қандай сән үлгісін таңдаса да, киіміне нендей нақыштар мен ою-өрнектер саламын десе де, мұсылман қыз-келіншектердің өз еркінде. Тек, шариғат талаптарынан шалыс кетпесе болды», - деді Ә. Дербісәлі.