Адами өлшем саласындағы ЕҚЫҰ-ның маңызды құжаттарының жинағы жарық көрді

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, адами өлшем саласындағы аса маңызды саналатын ЕҚЫҰ құжаттарының жинағын шығарды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті.

Адами өлшем саласындағы ЕҚЫҰ-ның маңызды құжаттарының жинағы жарық көрді

Баспасөз хатшысының айтуынша, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жинақта ЕҚЫҰ адами өлшемі жөніндегі конференцияның Копенгаген кеңесінің құжаты, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің адами өлшем саласындағы міндеттемелерді орындауды бақылау жөніндегі Мәскеу және Вена тетіктері қамтылған.

Айта кетейік, Копенгаген құжаты 1990 жылғы 29 маусымда Адами өлшем жөніндегі копенгагендік конференцияда қабылданды. Ол барлық ЕҚЫҰ өңірі үшін негізгі кодекске, ЕҚЫҰ кеңістігінде адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау саласындағы ережелер жинағына айналған. «Ағымдағы жылғы 10-11 маусымда Копенгаген қаласында Қазақстан ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы ретінде «ЕҚЫҰ-ның Копенгагендік құжатының 20 жылдығы: мәртебесі мен келешегі» тақырыбында мерейтойлық копенгагендік конференциясын өткізді. Шараға ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы-СІМ Қанат Саудабаев қатысқан болатын. Онда адамның, аз ұлттардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігі, сайлау жөніндегі міндеттемелерді орындау мәселелері қамтылды», деді І. Омаров.

Оның айтуынша, аталған конференцияны өткізу ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Копенгаген құжатында мазмұндалған міндеттемелерді орындау саласында қорытынды жасау тұрғысынан маңызды болып табылады. «Конференция адами өлшемдегі қазіргі кездегі ғаламдық сындарға жауап қайтарудың жаңа жолдарын талқылауға арналған диалогтық алаңға айналып отыр», - деді І. Омаров.