Адамның өзін бақытты сезінуіне байлықтың әсері аз - Айсұлу Тұрсынбайқызы

- Осы күні біз «бақытты елге» айналдық. Әйтеуір әлеуметтанушылардың зерттеулеріне сүйенсек, еліміздің көпшілігі өзін «бақытты» сезінетінін аңғаратын болдық. Бұл не бақыт, қандай өлшемдерге сүйенген бақыт? Жалпы қарапайым халықтың «бақытты» болуы үшін не керек? Әлеуметтанушы мамандар бұл бақыттың өлшемдерін қалай сызып береді?
- «Бақыт» - философиялық категория болғанымен, әлеуметтану ғылымы оның өмірдегі «көрінісін» өлшеуге ұмтылады. Халықтың «бақыттылық» деңгейін өлшеудің екі әдісі бар. Біріншісі - субъективті әдіс, адамдар «бақытты - бақытты емесін» өздері айтып береді. Яғни ел арасына «Сіз бақыттысыз ба» деп сауалнама жүргізеді, респондент «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді. Бұл бағыттағы әлеуметтік зерттеулер халықаралық деңгейде және ел ішінде де жүргізіле береді. Халықаралық Gallup зерттеу орталығының мәліметі бойынша әлемдегі өзін ең бақытты санайтындар қатарына Сальвадор, Панама және Парагвай халықтары жатады. Бұл үш елден бөлек ең бақытты он елдің қатарында Венесуэла, Эквадор, Гватемала және Коста-Рика бар. Ең бақытты деген латынамерикалық Панамада бар жоғы 3,4 миллион халық тұрады. Мың адамға шаққандағы адам өлімі де төмен, 196 орында тұр. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі де аса көп емес, 12 мың долларды құрайды. Демек, адамның өзін бақытты сезінуіне байлықтың әсері аз.
Екіншісі - объективті әдіс, мұнда халықтың өмір сүру деңгейі мен өмір сапасы: халықтың табысы, жағдайы, рухани, мәдени өмірін, бос уақытын ұйымдастыруы сияқты, т.б. интегралды өлшемдердің жиынтығы арқылы халықтың бақыттылық деңгейі анықталады. Осы әдіс бойынша жақында Колумбия университеті Жер институтының сарапшылары «Бақыт туралы есебін» жариялады. Олар әр елдегі саяси бостандық, әлеуметтік кепілдіктер, жемқорлық деңгейі, адамдардың денсаулығы, тұрақты және бақытты некелердің көлемін бағалап, ең бақытты мемлекеттердің рейтінгісін жасады. Бірінші орында Дания болса, одан кейін Норвегия, Финляндия, Нидерландия және Швейцария, АҚШ, Ұлыбритания ең бақытты мемлекеттер деп бағаланған. Бұл тізімде Қазақстан 59 орында болса, Белорусия 62 орында, Ресей 76 орында, ал Украина 91 орында.
Егер де бірінші әдісті негізге алсақ, қазақтың менталитетінде «шүкіршілік» деген жақсы қасиеті бар. Тіпті күнкөріс минимумынан төмен өмір сүрсе де өзін «ел қатарлы» бағалайтын азаматтарымыз көп. Яғни ешбір қазақ өзін «бақытсызбын» деп атамайды. «Шүкір, жетеді» деп жауап береді. Сондықтан, бақыттылықты анықтаудың бірінші әдісі бойынша, біздің жоғары көрсеткішке жететініміз өздігінен түсінікті.
Және «Бақыт үшін не керек?» деген сауалдың да жауабы да әрқилы. Ол әркімнің қанағаты мен танымына байланысты. Мәселен, дамыған ел болып саналатын, жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын елдердің азаматы өздерін бақытсыздар қатарына жатқызады. Ал халықтың өзін бақытты сезінуі мен оған өмір сүру сапасының да сәйкес келуі классикалық әлеуметтанулық өлшемдегі бақыттың көрінісі болып табылады. Әр адамның субъективті бақытты сезінуі мен халықтың тұрмыс-тіршілігін объективті бағалап, олардың нәтижелерін бір-бірімен салыстырып, әлеуметтанулық мағынадағы «бақыттылық» коэффициентін анықтауға болады.
- Әлеуметтік антропология, әлеуметтік генетика бүгінгі әлеуметтану саласында қаншалықты маңызды рөл атқарады? Қазақстандық ғылым бұл салаларға қаншалықты көңіл бөліп отыр?
- Нәсілдердің пайда болуы мен өмір сүру салтын әлеуметтанулық тұрғыдан зерттейтін әлеуметтік антропологияның бүгінгі қоғамның даму заңдылықтарын зерттеуде маңызы зор. Ал генетика - әлеуметтанулық зерттеудің сапалық әдістерінде қолданылады. Мәселен, қазақта адамның шыққан тегінің кейінгі өміріне әсері мол екені анық. Еуропада мұның әлеуметтанудағы теориясы мен әдіснамасын зерттеу ХІХ ғасырда ғана басталды. Ал халқымыз оның практикасын ежелден қолданып келеді. Жеті атадан қыз алмау дәстүрі мен тегіне қарап жар таңдаудың салауатты ұрпақтың тууына әсері мол.
Бірде «Әлеуметтанудағы сапалық әдістер» дәрісінде гениалогия туралы әңгіме қозғалды. Сонда оқытушы әрқайсымыздан социогенограмма сызуды өтінді. Социогенограммада әке-шешеден бастап барлық туыстар, олардың ата-әжелері мен бабалары, білгеніңше, түгелімен көрсетілуі тиіс болатын. Әжемнің құнттауымен жеті атамды жетік біліп өскен маған бұл қиынға соқпады. Қызық болғанда, орыстың ұл-қыздарының көпшілігі әкесінен гөрі, анасының тегін көбірек тарқатты. Күйеуін өз үйіне именбей алып келген орыстардың балалары ғой, танымындағысын түсірді. Менің социогенограммамда (шежіре) аталық сызба тым ұзақ. Ұстазымыз мұндай айырмашылықты бірден байқады. Тіпті, отбасыдағы бала санына дейін менің сызбам өзгеше еді. Менің әкем он ағайынды болса, біз алтаумыз. Сызбаны түсіндіріп тұрып, қазақ дәстүріндегі жеті атаның маңызын, генафондқа әсерін және шежіремізде әйел адамның көрсетілмейтінін айтып бердім. Француз елінде біраз жыл оқып, адамға тектің әсерін зерттеген, Еуропа ғалымы Анна Шутценбергтің шәкірті болған ұстазымыз менің айтып отырған шежірем классикалық социогенограмма екенін және тектің адамдардың денсаулығына, мінез-құлқына әсер ететінін түсіндірді. Сосын өзге ресейлік студенттердің сызбасын көрсетіп, «генді әйелден таратып сызу - біздің трагедиямыз» деді. Сол сәтте қаны таза ұлттың ұрпағы екендігімді іштей мақтан тұттым.
Индивидке социогенограмма (әлеуметтік шежіре) сызғызу арқылы оның бүгінгі мәселесіне жауап іздеп, шешімін айту әлеуметтік психологтардың міндетіне жатады. Өкінішке орай, қазір елімізде әлеуметтанудың сапалық әдістеріне көп көңіл бөлінбейді. Генетиканың әлеуетін әлеуметтанушылардан бұрын тек тазалығын ұстанған қарапайым адамдар кеңінен қолданып келеді.
- Жаһанданудан бойымызды аулақ саламыз деп жүріп, өзіміз оның құшағына қойып кеткен секілдіміз. Мәселен, осы күні өзі туралы айтудан бұрын, жеті құрлықтағы мәдени-саяси жаңалықтарды айтып, жілік-жігін шағып беретіндердің қарасы көбейді. Гегель «ұлттық таным таңғы ас мезгілінде, әйелі кофе қайнатып жатқанда, ері ең әуелі мемлекетішілік жаңалықтарды оқып отырғанда» қалыптасатынын айтқанын ескерсек, ұлттық шеңберден шығып бара жатқандай көрінеміз бе, қалай?
- Ұлттық шеңбер мен жаһанданудың әу бастан бір-біріне кереғар, қарама-қайшы тұстары көп. Жоғары таныммен ойлайтын, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің қалдықтарымен емес, озық үлгілерімен таныс азаматтардың қатары көбейгеніне қуануымыз керек. Алайда, әлемдік мәдениетті ұлттық танымды жоққа шығарып барып қабылдау дұрыс емес деп санаймын. Ұлттық шеңбермен де шектеліп өмір сүруге болмайтыны анық. Қазақтың бүгінгі ұрпағы дамудың жаңа жолына түсуі заңды құбылыс деп санаймын. Ғылым мен кәсіптің қандай тұғырына шықса да, тіл мен діл, дін әрбір азаматтың тірегі болса деген ниет бар менде.
- «Посткеңестік» буын бүгінгі қазақ ұлтының келбетін өзгерте ала ма? Ол буынға сенің және құрдастарыңның тікелей қатысы бар ғой, сендердің арман-тілектерің, болашаққа жоспарларың қандай? Сыртқа білім алуға кеткен жастардың елге қайтқысы келмей қалатыны бар деген пікірлер айтылады. Бұл қаншалықты рас? Шетел көрген жастарды сыртқы жұрт қай мінезімен тартады, Қазақстан қай қылығымен кеудеден итереді?
- Тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтары басқа таным, тәрбиемен өсіп жетілді. Әлеуметтанулық тұрғыдан қарайтын болсақ, буын алмасу процесі қоғамның дамуына әсер етпей қоймайды. Шынында да, сыртта білім алып, шет елдің өмір сүру жағдайына бейімделген жастар елге қайтпай қалатын оқиғалар жиі кездеседі. Өзімнің достарыммен сұхбаттасқаннан аңғарғаным, олар «туған жер» деген ұғымды жоққа шығармайды, туған елдің ыстық екендігін де мойындайды. Сөйте тұра Қазақстанға қайтқысы келмей қалатын жастардың негізгі себептерінің бірі - өз саласы бойынша лайықты жұмыс табу мүмкіндігінің шет елде жоғары болуы. Демек, ең бірінші маман ретінде бағаланғысы келеді. Бір жағы оларды да түсінуге болады. Сонымен қатар, елімізде жастардың өз өмірін ұйымдастыруына толықтай жағдай жасалынған деп айта алмаймыз, тұрғын үй мұңынан бөлек, «әлеуметтік лифт» өз деңгейінде жұмыс істемейді. Рационалды басқару жүйесін құруға қадам басқанымызбен «бөліп алып билегісі келетін» түрлі деңгейдегі бастықтардың бюрократиялық менталитеті мен жемқорлықты да қосыңыз. Алайда, бұның бәрінен басын алып қашпайтын, қайта жүйені өзгертемін деп өзгеше ойлайтын замандастарымыз да бар. Қазір «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алатын жастар шет елде оқуын аяқтаған соң, Қазақстанға келіп бес жыл еңбек өтілін өтеуі тиіс. Мүмкін, пафос көрінер, бірақ кейінгі көзі ашық, шет елде оқыған буынның арман-тілегі - әділ бәсеке арқылы жұмысқа тұрып, өзінің қабілетін пайдаланып елге қызмет ету.
- Ауыл тақырыбына қатысты сұрақ қойғым келеді. Ауылды аңсамайтын қазақ жоқ шығар. Алайда, ауылды қаншама сағынышпен, құрметпен еске алса дағы осы күнгі статистикалық мәліметтер ауыл халқының саны азайып, қала халқының саны көбейіп бара жатқанын айтады. Сұрағымыз - урбанизация біздің елде қаншалықты деңгейде дамып келеді. Өзге елдердің қалаларындағыдай көңіл-күй, инфрақұрылым, мінез қазақтың қаласынан байқала ма? - Қазақстанда ішкі көші-қон ауылдан қалаға ағылған еңбек мигранттарымен сипатталады. Ауылды дамыту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асқанымен, бөлінген қаражаттар мақсатты пайдаланбауы мен жауапты азаматтардың немқұрайды жұмыстарының салдарынан осы күнге дейін ауылды жерлерді тіпті сапалы ауыз сумен толықтай қамтамасыз ете алған жоқпыз... Сондықтан, ауылдан қалаға күнкөріс қамымен келген азаматтарды кінәлай алмаймыз. Мұндай мигранттар қаланың сыртқы аудандарында орналасады, оларды тіркеп, қалаға бейімдейтін, кеңес беретін орталықтар жоқтың қасы... Қазаққа әлі де урбанизация керек. Халықтың 54 пайызы қалада, 46 пайызы ауылда тұрады. Урбанизация дегеніміз халықты жаппай қалаға көшіру емес. Өндіріс орындарын перпсективасы жоғары жерде ашып, шағын елді-мекендерді абаттандырып, халқы қала парамтеріне жететіндеріне қала мәртебесін беру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуымыз керек.
Жалпы, кез келген мегаполиске тән қасиет қала құрылымында: орталық, переферия және сыртқы аймақ болады. Барлығы жекеменшік секторда болғанымен, қала сәулетіне әкімшілік жауапты. Себебі, белгілі бір мәдениет пен менталитетке негізделген қала сәулетінің адамдардың әлеуметтенуі мен тіршілігіне әсері мол. Урбанистикалық әлеуметтанушылардың зерттеуінше, қаланың бет-бейнесі қоғамдағы әлеуметтік процестердің айнасы іспеттес. Адам физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандырғаннан кейін, қауіпсіздік, махаббат, әлеуметтік байланыстар, сыйластық, сәттілік, бедел, эстетикалық қанағаттану, өзін-өзі жетілдіру сияқты қажеттіліктердің деңгейіне көшеді. Осы қажеттіліктерге қоғамдық тұрғыдан қарайтын болсақ, инфрақұрылымнан кейін қоғамның мәдени, рухани, өзін-өзі жетілдіруі керек болады. Қазақстан қалаларына көшсек, бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселесі көп қалаларда лайықты шешілмеген. Жастардан бөлек, түрлі жастағы адамдардың бос уақытын қайда өткізетіні қарастырылмаған. Атырау мен Ақтауда жоғарғы жалақы алып, оны Алматы мен Астанаға келіп жаратып жүрген адамдар көп. Десек те, тек Алматы мен Астана емес, басқа қалаларымыздың инфрақұрылымын айтпағанның өзінде, мәдени өмірін дамытуға әлі де көп көңіл бөлінсе екен.
- Ресейде білім алып жүрген жастардың көбі қай салада мамандануда? Сенің мамандығың бойынша білім алып жүрген студенттердің, тәлім беріп жүрген ұстаздарыңның бүгінгі Қазақстан туралы таным-түсініктері қандай?
- Ресейде білім іздеген он мыңдаған қазақ жастары бар. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеуде 200-ден аса жастар білім алады. Көпшілігі мемлекеттік басқару, химия, физика, экономика салалары бойынша маманданған. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген Ресейде еңбек мигранттары көп. Бір қуантатыны, Қазақстаннан келгендер - кәсібін дөңгелеткен азаматтар мен ілім іздеген студенттер. Тіпті, кейбір қазақ студенттерінің қабілетін байқаған оқытушылар Ресей оқу орындарының гранттарын ұсынып, дарынды жастарымызды алып қалуға ұмтылады. Ал менімен бірге оқитын стундеттер Қазақстанның басқа Орта Азия елдерімен салыстырғанда экономикасы мен әл-ауқаты көш ілгері ел екендігін біледі. Қазақстанның әлеуметтік саясат жүргізу моделі туралы баяндамалар да жасап тұрамын.
- Бүгінгі Ресей қандай ел? Мәселен, саған Мәскеу ұнады ма? Бір кездері бір идеология астында өмір сүрген ол елмен қазір қандай айырмашылығымыз бар?
- Бүгінгі Ресей мен Қазақстанның кейбір мәселелері ұқсас. Әлеуметтік салада бізден артық, не кемшін тұстары да бар. Ал әлемнің ең ірі мегополистерінің қатарына жататын, 16 миллионға жуық халқы бар Мәскеудің маған ұнағаны рас. Мәскеу - өнердің ордасы. Мәселен, түрлі жанр, тақырыпта қойылым қоятын 129 театр, әрқайсысының өзінің көрермендері бар. Әсіресе, өнер галереялары мен мәдениет орындарында Еуропаның классикалық және бүгінгі заманғы өнер майталмандарының таңдаулы картиналары мен туындылары жиі қойылады. Жексенбі күндері мәдени орындарға халық өте көптеп келеді. Испан суретшісі, сюрреалист Сальвадор Далидың көрмесіне барғанда билет алуға касса маңында екі жарым сағат кезекте тұрғаным есімде. Метро мен қоғамдық көлікте кітап оқыған халық көп. Орталық Ленин кітапханасында ғылыми кітап қоры да мол. Әсіресе, өзім барған Кремль Сарайы, Үлкен театр, А.Чехов атындағы театр, «Таганка» және «Современниктің» қойылымдары ерекше әсер етті.
Алайда, Ресеймен кезінде бір идеологиямен өмір сүргенімізбен соңғы зерттеулер көрсеткеніндей, Қазақстан халқының оптимизмі жоғары. Ресейде депопуляция процесі жүріп жатқандықтан ішкі еңбек нарығында жұмыс күші жетіспейді, сондықтан экономикалық әлеуеті төмен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттерден ағылып келіп жатқан мигранттарда есеп жоқ. Орыстар оларды ұнатпайды, бір жағы олардың жұмысшы күшіне зәру, сондықтан мигранттарды қабылдауға мәжбүр. Мәскеуде 25 мыңға жуық қазақтар болса, олардың 90 пайызы ақыл-ой еңбегімен айналысатын немесе кәсіпкер азаматтар, гастрабайтер қазақ жоқ. Қырғыз бір туған бауырымыз болғандықтан ба, әйтеуір оларға қатты жаным ашиды. Елінен шетке нәпақа табу үшін безіп, өзге жерде рухани езгіге ұшырап, өлместен күнін кешіп жүргені жаныма батады. Мәскеу тұрғындарында писсимизм басым, адамдардың қарым-қатынасындағы салқынқандылық байқалады. «Мәскеуден қаншалықты алыстаған сайын, адамдар да соншалықты жылы» деген орыстардың өз сөзінің жаны бар.
Бір байқағаным, қазір Ресейде Еуразиялық Одақ құру мәселесі қызу талқылануда. Сабақ берген мұғалімдер де сөздерінің арасында бір іліп алып айтып өтеді. Бұл идеяны ХХ ғасырдың аяғында ғылыми тұрғыда зерттеп, «жарқын» насихаттаған Николай Гумилев пен Анна Ахматованың ұлы Лев Гумилев болатын. Ғалымның «Ежелгі түріктер», «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» кітаптарын оқыдым. «...Этностар бір-бірінен мінез-құлық стереотипімен ерекшеленеді. Этнос, әрбір адам өзінің географиялық және этникалық ортасына бейімделеді. Қоғамда пассионар-тұлғалар көбейіп шарықтау шегіне жеткен кезде, біртұтас этникалық әлем - бір-біріне мінез-құлық және мәдениеті тұрғысынан жақын жеке этносторды қамтыған суперэтнос пайда болады. Пассионарлық кемісе, керісінше жағдай орын алады. ...Түркілер мен славяндардың бірігуі Орман мен Даланың «спецификалық» үйлесімінен туындаған симбиоз. Себебі көшпелі шаруашылық жермен айналысатындармен байланыспай тұра алмайды, өніммен айырбасу екі тарап үшін де бірдей маңызды». Гумилевтің айтқандарының бәрі дұрыс деуден аулақпын, оның өз сыншылары бар. Алайда экономикалық қажеттіліктен туындаған Қазақстанның Ресеймен Кедендік Одақ аясындағы қарым-қатынасының болашағына саяси реңк беріп жүргендер көп...
- Әлеуметтану бағытында білім алып жүрген жас маман ретінде және магистрлік тақырыбыңның әлеуметтік сараптама бағытында екенін ескеріп, бүгінгі Қазақстанның негізгі дерті неде екенін білгіміз келеді. Жаһандану, азғындық, түрлі өтпелі кезеңдерді бүгінгі қоғамның негізгі мәселесі ретінде түсіндіретіндер көп. Бұған не дейсіз?
- Адамзат ақпараттық қоғамға аяқ басқан бүгінгі таңда жаһандық үдерістер арқылы тарайтын түрлі мәдениеттер кез келген мемлекеттің ішкі жағдайына әсер етпей қоймайды.
Әлеуметтік поляризация қоғамның дертіне айналғандай. Ең төменгі және жоғары таптың арасындағы табыс жағынан айырмашылық бұрынғы 10 пайыздық мөлшерден, ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының мәліметі бойынша, 30 есеге өскен. Бұл өз кезегінде қоғамда түрлі әлеуметтік шиеленістердің туындауына әсер етпей қоймайды. Әрине, социализм қоғамындағыдай азаматтардың табысы мен өмір сүру деңгейін теңестіруді меңзеп отырғаным жоқ. Капиталистік құрылымның ең үлкен кемшіліктерінің бірі де осы - бәсекеге қабілетсіз қоғамның бір бөлігі ешкімге керексіздердің қатарына қосылып, түрлі маргинал топтарды құрайды. Мемлекет азаматтардың табысын молайту үшін мемлекеттік жәрдемақылар беріп қана қоймай, олардың кәсіби, интеллектуалдық біліктілігін сапалы деңгейге көтеріп, сәйкесінше жаңа жұмыс орындарын ашу секілді нәтижелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Елімізде «Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы» мен «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарламалардың әлеуметтік тиімділігін анықтап, кешенді ғылыми сараптамалық жұмыстар жүргізілуі қажет. Тәжірбиеде жиі қолданылатын экономикалық шаралардан бұрын, әлеуметтік тиімділікті өлшеудің әдісін жасағым келеді.
- Әлеуметтанушы маман қоғамның болашақта көрсетер мінезін дәл анықтап бере ала ма? Ол тәжірибе біздің қолданысқа қаншалықты енді? Осы саланың болашақтағы өкілі ретінде қоғамның қандай көлеңкелі тұсына үңіліп, әлеуметтік талдау жасағың келеді?
- Болжау мен жобалау әлеуметтану саласының іргелі бағыттарының біріне жатады. Әлеуметтік процестердің өрбу болашағын алдын ала белгілі бір деңгейде көрсетуге болады. Оның зерттеу әдіснамасы оннан аса әдіс түрлерін қамтиды. Мәселен, футуролог А.Тоффлер өткен ғасырдың 50 жылдары ақпараттық қоғамның болашағын болжап еңбектер жазған болатын. Постиндустриалдық қоғамдағы адамдардың бір-біріне қатынасы мен отбасы, неке сияқты маңызды әлеуметтік институттардың жағдайын дәл сипаттай білген оның еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті. Сол сияқты, ғылымының мұндай әлеуетін пайдаланып билік жыл сайын халықтың әлеуметтік көңіл- күйін сұрап сауалнама жүргізіп отырады. Сауаланамамен қатар зерттеудің сапалық әдістерін қолданып (тереңдетілген сұхбат, этнографиялық әдістер, бақылау және т.б.) әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін деген мәселерді анықтауға да болады.
«Жаңаөзен» оқиғасынан кейін ресейлік ұстаздарымның маған ең бірінші қойған сауалы мынадай болды: «Неге мұндай жағдайдың боларын әлеуметтанушылар алдын-ала зерттемеген?». Зерттеу жүргізілмеді деп айта алмайсың, тіпті неше ай бойы билік қана емес, күллі халық болып мәселенің шиеленісіп бара жатқанын көріп отырдық емес пе?! Негізінен елімізде әлеуметтанулық зерттеу орталықтары екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін маркетингтік зерттеулер және мемлекеттік тапсырыстар арқылы әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Әрине, біріншісі пайдалырақ. Ал халықтың жағдайын, тұрмысын зерттеуге түрлі ведомстволардың ықыласы болмаса, өз қаржысына ешқандай жекеменшік зерттеу орталығы сауалнама жүргізбесі анық. Әлеуметтанулық зерттеулер жүргізуге жарияланатын тендердің де жыры көп. Осы тұста қоғамның әлеуметтік мәселелерін зерттейтін, алдын-ала сараптама жүргізіп, ұсыныстар дайындайтын, басқару шешімдерінің тиімділігін өлшейтін мемлекеттік ғылыми орталықтың қажеттілігі туындайды. Әлеуметтанушы ғалымдарымыздың әлеуетін билік дұрыс пайдаланбай келеді.
Бүгінгі таңда еліміздің түрлі депрессивті аймақтарын зерттеудің маңызы зор. Себебі, индустриалдық-инновациялық жобалар жүзеге асып, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар ашылып жатқан тұста, моноқалалар мен адамдық әлеуеті мол бола тұра кедейшілік деңгейі жоғары аймақтардың экономикалық әл-ауқатымен қатар әлеуметтік, мәдени, рухани өмірін дамытудың жолдарын да тереңірек зерттеу қажет.
Әңгімелескен:Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.