08:53, 03 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Адамның жиі және тез шаршауына вирус себеп болуы мүмкін - ғалымдар
АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат - Адамның жиі және тез шаршауына вирус себеп болуы мүмкін. АҚШ-тың Невада штатындағы Уайтмор-Петерсон институтының ғалымдары зерттеулер барысында осындай қорытындыға келіп отыр,
деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Ғалымдар, үнемі шаршап, сіркесі су көтермей жүретін адамдардың қанында Экс-эм-ар-ви /XMRV/ деп аталатын вирустың бар екенін анықтаған. Бұл вирус негізінен жануарларда болады, бірақ ол адам ағзасында да тіршілік етуге қабілетті.
Анықталғандай, қатты және үнемі шаршап жүретіндерін айтып шағымданған адамдардың 67 пайызының қанында осы вирус болып шықты. Сондай-ақ, XMRV вирусының адамның иммундық жүйесін әлсіретіп, шаршататыны анықталған.
Американ ғалымдарының осы жаңалықтарының арқасында, шаршауды ауру деп санап, оны емдеуге жағдай жасалынып отыр, деп санайды мамандар.