«Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысында Мақсат Ақанов жеңімпаз атанды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары белгілі болды.

«Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысында Мақсат Ақанов жеңімпаз атанды
Фото: Абай облысы әкімі баспасөз қызметінен

Таңертең басталған республикалық ақындар айтысында от тілді, орақ ауызды 12 айтыскер ұлы ақынның мұрасынан, шығармашылығынан сөз қозғап, көпті тәнті етті.

Жыр дүлдүлдерінің бәйгесін белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Қазылар алқасының төрағасы — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. 

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов, ақын Төлеген Жанғалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Қалиев, Қалқаман Сарин, Мәжіліс депутаттары Ринат Зайытов пен Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облысы филиалының төрағасы Дәулет Сметов айтысқа қазылық етті. 

Айтыс қорытындысы бойынша 3-орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина иеленді. Олардың әрқайсысына 1 млн теңгеден берілді. Ал 2-орынға лайық деп танылған Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан 1,5 млн теңгеден қаржылай сыйлық алды. Бірінші орын алған Рүстем Қайыртайұлы 3 млн теңгені қанжығасына байлады. Ал бас жүлде мен «Chery Tigo 2 pro» маркалы автокөлікті бәсекелестерінен оза шапқан қарағандылық Мақсат Ақанов жеңіп алды. Сөз бұйдасын ұстаған басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді. Облыс әкімінің атындағы арнайы жүлде Мұхтар Ниязовқа бұйырды. 

Аймақ басшысы Берік Уәли Абай тойына орай ұйымдастырылған республикалық айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының әрқайсына арнайы жасатылған Абай шапаны мен тақиясын және Шымкент қаласындағы фабрикадан шыққан мерейтойлық кілемшені тарту етті.

Еске салсақ, осыған дейін Абайдың 180 жылдығына орай Семейде республикалық ақындар айтысы өтіп жатқаны жайлы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар