ӘДЕБИЕТ: Әбдіжәміл Нұрпейісов - әдебиетіміздің мақтанышына айналған алыбымыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер қазақ әдебиеті атты үлкен карта жасап, сол картаға әдебиетіміздегі шоқтығы биік қаламгерлерімізді орналастырсақ, Әбдіжәміл ақсақалды, әлбетте, төрге оздырарымыз хақ. Қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орнын қалай белгілер едіңіз. Назарларыңызға ортақ сауалға жауап берген қаламгерлер пікірін ұсынамыз.
None
None

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

- Әбдіжәміл Нұрпейісов - әдебиетіміздің мақтанышына айналған алыбымыз, қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі десек, жазушы үшін бәлендей қажеті жоқ, қызыл сөз сияқты көрінер. Шындап келгенде, әлем әдебиетінің санаулы саңлақтарының біріне айналған суреткердің шеберлігін арнайы уақыт бөліп, табанды, ұзақ мерзімді зерттеу жүргізген авторды білмеймін. Оның шығармаларының құрылымы, тілі, образ-характерлер жүйесі, проблемалары туралы айтылған, жазылғандар аз емес. Алайда, бәрібір көңіл толмайды. Одан гөрі әріптестерімізбен әңгімелескенде экспромтпен айтылған ауызша талдауларымыз дұрыстау сияқты. Сондайда бір сөзді бір сөз қозғап, баспасөзде айтыла бермейтін әңгімелер айтылып кетеді. Ал соларды қағазға түсірейін десең, интуициямен, жанартау секілді аяқ астынан айтылған талдауларға ғылыми термин, ұғымдар таба алмай қаласың. Әдебиет теориясында ондай мәселелер көтерілмейді. Қаламгерді қаламгердің жақынырақ, тереңірек түсінетіні сондықтан...

Ал орын белгілеу деген ұғымды түсіну қиындау. Жұлдыздардың орнын қалай анықтайсыз? Сол сияқты ғой...

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- Қазақ әдебиетінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өз орыны бар. Бұл сөзге ерекше екпін қойып айта аламыз. Себебі, әдебиеттегі өз орнын белгілеу екінің бірінің қолынан келемейтіні онымен айналысатындарға жақсы мәлім. Мұнда орынбасарлық дейтін ұғым жүрмейді. Ал қазақ көркем сөзінің мәртебелі мінберіне жазушы «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парызбен» жеткен. Жанкешті шығармашылық еңбекпен көтерілген. Оны біз белгілегеміз жоқ, көрнекті қазақ қаламгерлері, сыншылар мен әдебиетшілер, ағалары мен інілері, қатарластары және патшакөңіл оқырмандары белгілеген. Бұны дәлелдеуге көптеген кітаптар мен дәйектер жетерлік әрі осылар көлемі жағынан жазушының өзі жазғанынан асып түспесе кем емес. Сондай-ақ, Ә.Нұрпейісовтің шығармашылығымен таныс, оқыған басқа елдің танымал адамдарының да үлесі бар және олардың бағалаулары анағұрлым ауқымды (масштабный). Бұған мемлекеттік сыйлықтар мен осы тараптағы барлық атақтарды қосыңыз.

Ал енді сұрақ тікелей қойылып отырғандықтан, өз тарапымнан аздаған «орын белгелесем» - студент кезімде «Қан мен тердің» біздің төл әдебиетіміздің классикалық шығармаларының бірі екеніне дауласып, біраз құрдастарымнан ауырлау сын, айыптаулар естігенім бар еді. Олардың өкінішіне қарай, біз пақыр әлі сол ойдамыз. Сондықтан да үйімізден бұл кітап лайықты орынын алған. Аз сөзбен айтсам, осы жазушы өз орнын өзі белгілейді: «талант кіреді де шығады, бірақ өз орнын белгілеп кетеді» дегендегідей.

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- Қазақтың жазба әдебиеті, кәсіби прозасы жүз жылдық қана тарихы бар көркемдік әлем. Бірақ осы жүз жылдың ішінде қазақ прозасының дамуы, деңгейі жайында айтқанда кеш қалдық деуге де, кем қалдық деуге де бола қоймайды. Майлиннен, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин, Әуезов прозасынан бастап бір нық нүктесі Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романымен қойылған қазақ прозасын еш ел прозасынан кем емес деп қорықпай-ақ айтуға болады. «Қан мен терді» әлемдік деңгейдегі прозаның да анық бір нүктесі ретінде айта алар едім. «Қан мен тер» - көркемдік сипаты, көркемдік компоненттері жағынан алғанда әлемдік классикалық прозаның қатарына еркін енетін шығарма. «Абай жолы», «Оянған өлке», «Қан мен тер» - кез келген ел оқырмандарына ұялмай ұсынатын жәдігерлеріміз. «Абай жолы» мен «Қан мен тердің» көркемдік табиғатында, көркемдік мақсаттарында айырмашылық бар. Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазған кезде белгілі бір өңірді, белгілі бір тақырыпты немесе бірнеше тақырыпты көрсетейін дейтіндей арнайы мақсат қойған жоқ. Ол бүкіл қазақ қоғамын суреттеді. Бұл тұрғыда «Қан мен тердің» өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда белгілі бір географиялық аймақтың мысалын алғаны анық көрінеді. Әрбір географиялық аймақтың табиғатына, кәсібіне, көрші елдермен қатынасына тағы да басқа жағдайларына байланысты адамдарының да белгілі бір ерекшеліктері болады. Осыны «Қан мен тер» трилогиясында Әбдіжәміл Нұрпейісов анық алып шыққан. Бірақ мұндағы кейіпкерлер ешбір оқырманға жат емес. Себебі мұнда ең алдымен адамды көрсете алған. Адамды, адам мінезін нақты, шынайы, мейілінше терең, дәл берген. «Қан мен терді» оқып отырғанда, сондағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне қаныққан кезде, жүрегің шымырлап, кейіпкерлердің әрқайсысы тірі адамдай әсер қалдырады. Образдар, жеке-жеке оқиғалар, жеке-жеке детальдар - барлығы да шынайы. Барлығы да нағыз өмір. Тура осыны талант қарымы басқа деңгейдегі жазушы да жазуы мүмкін. Алайда, сол образдың қан мен сөлін дәл беру жағынан, оқиғаның реалдық сипатын келтіру жағынан жете алмауы мүмкін. Мысалы, үйінде Тәңірберген мырзаның қонақтап отырғанын сезіп келген Еламанның қолын сары қаншық мұп-мұздай тұмсығымен жалап алған сәтін суреттегені сияқты детальдар нағыз шығарманың қаны мен сөлі. Ал мұндай детальдар шығарманың өн бойында өте көп. Осындай детальдарды беруде де, образдарды ашуда да жалғандық жоқтың қасы. «Қан мен тер» - нағыз классикалық сипаттағы эпикалық прозаның айқын үлгісі. Сол себепті де қазақ әдебиетінің георграфиясында, картасында ойып тұрып орын алған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» әлемдік әдебиеттегі үздік шығармалардың қатарына қояр едім.

- Қазаққа Абайдың, Оспанның, Игіліктің, Құнанбайдың образдары өте таныс бола бастаған тұста, тағы да өз арамыздағы Судыр Ахметтер мен Қарақатын, Мөңке, Сүйеу қарттар шыға келгенде, «шынымен де мына образ маған таныс қой», дегендердің қатары көп болған шығар-ау. Ә.Нұрпейісовтің кейіпкерлері хақында сөз өрбіткен замандастары «Неше түрлі қызғылықты, бояуы сембеген, қайталанбас характерлердің және шынайы қазақы характерлердің қалың думан жәрмеңкесіне кіріп кеткендей боласыз» дейді. Жазушының әдеби кейіпкерлері туралы сөз қозғағанда, қазақтың әр ауылынан, әр даласынан кездесе кететін ортақ мінездерді жасай алудың қандай заңдылығы бар деп ойлайсыздар?

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- Ұлы эпопеямыз «Абай жолының» басты кейіпкерлері Абай, Оспан, Игілік, Құнанбай, Бөжей, тағы басқалар туралы исі қазақ әр түрлі деңгейде, әр түрлі қалыпта біледі. Бұл образдар мен «Қан мен тердегі» образдарды дәлме-дәл параллель қоюға болмайтын шығар. Бір-біріне жүз пайыз ұқсайтын адам тіпті, миллионның ішінен де кездеспейді. Хас жазушының негізгі ерекшелігі, өзінің көркем образын, көркем бейнесін тірі адамның деңгейіне жеткізуге ұмтылу. «Қан мен тердегі» әр образдың - Еламанның да, Кәленнің де, Сүйеудің де, Судыр Ахметтің де өзіндік ерекшеліктері мейілінше дараланған. «Абай жолы» романындағы Базаралылар, Балағаздар жобасындағы кейіпкерлер мұнда да жүр. Оспандай ер, ірі мінезді кейіпкерлер де бар. Бірақ әрқайсысы ерекше. Мысалы Базаралы мен Еламанды дәл бір қатарға қоя алмайсыз. Бажайлап қараған кезде, Базаралының өз мінезі, Еламанның өз мінезі бар. Екеуі де қазақ халқының өмірінде де, қазақтың әдебиетінде де ең әдемі, ең сүйкімді саналатын образдар. Әлемдік этнопсихологияда, этнография ғылымында халықтардың, ұлттардың мінез-құлқы жайында бағалаулар, суреттеулер, мінездер жеткілікті берілген. Мұхтар Әуезов шығармашылығына байланысты, Мұхтар Әуезов шығармаларындағы қазақ халқының этнопсихологиясы, этноқұндылықтары жайында жұмыс жасаған уақытта осы тұрғыда біраз кітаптарды ақтардық. Сол этнопсихологиялық еңбектерді оқыған кезде батыр, ержүрек халықтардың арасында қазақ халқы аталғанын кездестіре алмадық. Батыр халықтар жайында Еуропада, Испанияда тұратын баскілерді айтса, орыс әдебиетінде Кавказ халықтарын, әсіресе, Солтүстік Кавказ халықтарын көп айтады. Африкадан масайларды, Азиядан пуштундарды мысалға келтіреді. Осы тұрғыдан келген кезде Базаралы мен Еламанның образын ең сүйкімді, ең керек, біздің қатты көргіміз келетін қазақтардың образы дер едім. Бірақ Базаралы өзінше адам. Өзінің ерекше мінезі бар. Психологиялық ерекшеліктері, дүниеге көзқарасы басқаша. Еламан мүлдем басқа, бұл да ер, азамат, батыр жігіт. Бұл да терең. Бірақ өзгеше. Сол себепті Базаралы қандай танымды, дара образ болса, Еламан да сондай танымды, ерекше. Кәленнің образы да солай. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Оспан тірі адам сияқты. Тіліп жіберсең кәдімгідей қаны ағып тұрғандай, өте дара кейіпкер. Игілік те, Бөжей де дара. Кәленнің образын Базаралыдан көрі Балағазға және кейбір кезде Оспанның мінезіне жақындатар едім. Кәлен де өте терең, тәптіштей ашылған образ. Қанша берекесіз болғанымен Судыр Ахмет те, Қарақатын да өте танымды образдар. Жалпы әдебиет дегеніңіздің өзі образ. Жазушының шеберлігі образ жасай алуында. «Қан мен тердегі» ең бір ерекше, колоритті, қазір жақтырмайтын бір терминимізбен айтқанда ең бір жағымды образ Сүйеу қарт. Сүйеудің ірі мінезі, терең ақылы, кісілігі, адам тануы ерекше көзге ұрып тұрады. Еламанда, Кәленде бар мықты қасиеттердің бәрін де осы кәрі Сүйеудің бойынан табуға болады. Осындай образдар галереясын жасаудың анау-мынау заңдылығы бар деуден гөрі бәрі дарын табиғатынан дегеніміз дұрыс болар.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

- Атақты қаламгерлердің әйгілі кейіпкерлеріне ортақ қандай заңдылықтар бар, не берді деген сауалдарға біраз жауап түрлі зерттеулерде айтылды ғой. Белгілі пікірлерді қайталап жатудың қажеті бар ма деп сұраққа сұрақпен жауап қайтарсам болмас... Бұл арада мен әдебиеттану ғылымында көп айтыла бермейтін, түптеп келгенде, қаламгерлер немесе талғампаз оқырман ғана сезіне алатын гәпті айта кеткім келіп отыр. Айталық, «Абай жолын» оқығанда Мұхтар Әуезовтің өз кейіпкерлерін сұмдық жақсы көретінін аңғарасыз. Ықыласы бір суымайды, үнемі көз жазбай, қайда барса да, «әлпештеп», мейірлене «ілесіп» немесе қасынан қалмай еміреніп қадағалайды. Тахауи Ахтанов «бұлардың не істеп жатқанын бірге бақылайық» дегендей, сізді серік қылып алады. Сосын «ал, тамашалаңыз» дегендей, «таныс-бейтаныстарын» көз алдыңызда жүргізіп қояды. Ішінара сәл күйгелектенгенімен негізінен «трезво» қарап Әбіш Кекілбай кейіпкерлеріне қатты алаңдайды. Өзін өз бақылауының уысынан шығармай, «күндіз-түні» кейіпкерлерімен бірге толғанады. Әр кейіпкері - бір-бір толғаныс моделі секілді. Немесе әр кейіпкер бір-бір тебіреніс айдыны секілді. Сол айдындар жайыла, қанаттаса келіп, тұтасқанда, телегейге айналады. Автордың ықылас температурасы бірқалыпты дейтін деңгейге үнемі жуығырақ. Мұны әдебиеттануда айтылатын авторлық позиция немесе автор мен оқырман қатынасы, қабылдау мәселелері санатында қарастыруға қисын табылғанымен, көркем шығарма психологиясының нәзік иірімдерін түгендей алмайды.

Осы арада Әбекеңнің басқалармен салыстырғанда ерекшелігі айқындала түседі. Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Судыр Ахмет, Қарақатын, т.б. алайық. Немесе «Соңғы парыздағы» Әзім, Бәкизат, Жәдігер, Сары Шая, жуан Жақайым, көткеншек Көшен, т.б. образдарға қарайық, барлығы да романға жайдан жай келе салмаған. «Қан мен тер» туралы көп айтылып-жазылды ғой, кейінгі романға көңіл аударайық.

Автор барлық кейіпкерлеріне үнемі бірде лупамен, бірде дүрбімен сын көзімен қараудан еш жалықпайды, еш шаршамайды. «Жақсы көрген» Жәдігеріне де (Еламанына да) бәлендей «жаны ашымайды». Түр-түсінен, киім киісінен бастап, жүріс-тұрысына дейін, өміріне шейін мысқылға да, зілге де бергісіз түксиген қабағын ашпай, сын көзін бір айырмайды. Олардың барша дағдысы мен әрекетін, тіршілік барысын сын таразысында тартынбай салмақтайды да отырады. Қарап тұрып, жаның ашып кетеді: «қап, мына» шіркіндер» Әбекеңнің осынша сыншылдығын, соңынан бір елі қалмай, қадағалап отыратын «қатыгездігін» білмей қалған-ау, шамасы. Білсе, романның ішіне кіре қояр ма еді». Бірақ олар - кейіпкерлер, «басқа» әлемде кетіп бара жатыр ғой. Аңдып отырған аңшы - жазушыны, оған ілесіп қалмай келе жатқан, «сауға» дәметкен оқырманды қайдан білсін...» деген ...... өзіңізді-өзіңіз іштей алдарқату - бәйіз табуы себепші.

«Соңғы парыз» романындағыдай кейіпкерге үнемі үзілмейтін, өз қалауы мен қисынынан айнымайтын «барлаушы» (разведчик) сыншылдық, ара-тұра кіжініп, делебесі қозып шабуылдайтын, дегенмен негізінен ұстамдылығы әлдеқайда молырақ сыншылдықпен қарау әлем әдебиетінде кемде-кем болса керек.

Суреткердің мұндай сыншылдығынан «материал - өмірді» алдымызға көлденең тартып, куә ету немесе шыжғырып, бетіне басу немесе тәлкектеу, немесе мысқылдау мен юмор, сатира, жеңіл күлкі ету талабы жоталанбайды. «Осындай өмір, осындай тірліктің бет-бейнесі қандай, қайда апарады? Мінеки, осылардан бір сәт көз айырмай бақылағанымызға көп жылдар өтті. Сонда бұлардың неге қолы жетті? Бұлай еткені несі? Осыған қылар қандай амал-шарыңыз бар? Мыналардың тірлігіне жылайсыз ба, күлесіз бе? Өз қалауыңыз білсін...» деп, түйлігіп отырып алғандай әсер етеді.

Мұндай сыншылдық наразылық па, шүйлігу ме, түйілу немесе толғану ма, назырқану немесе шамырқану ма, алаңдау ма, қамығу ма, намыстану әлде қайрау ма?..

Осындай сауалдар ойға оралғанда жазушының кейіпкерді көру мен көрсету, бағып-байыптау сипатын сезесіз. Кейіпкерді сын дүрбісінен қайда қашса да, құтқармайтын «қайсарлық» пен босаңсымайтын, босаңсыса, сонысына қымсынып, қайта тұрып, қайта өршеленген, тосылмас, толастамас төзімді аңдайсыз. Жазушының кейіпкерге деген осындай ықылас сипаты - оның көркемдік дағдысының, мәнерінің бір көрінісі.

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- Жазушы үшін өмірдің сұлу да, шынайы картинасын жасау - шығармашылық кредо сияқты ғой. Өмірдің күрделілігі адамдарымен айқындалады емес пе? Сол адамдардың мінезі мен болмысы тек жеке адамдық дейтін ұғымға сия бермейді. Бұл индивидуализм. Кейбір жаңашыл авторларда «саудың тамағын ішіп, ауырудың сөзін сөйлейтін», жан дүниесінен бастап, қара тырнағына дейін жалғыз бір кейіпкерлер ұшырасады. Осыдан Ә.Нұрпейсовтің шығармашылығы аман. Жазушыда көркемдік жинақтау күшті. Сондықтан Судыр Ахмет пен тырыли арық Қарақатын Аралда ғана емес, Алматыда да толып жүр. Еламан сияқты жігіттерге ел іші кенде емес. Ақбала мен Тәңірберген де солай. «Мынау бір Судыр Ахмет екен!» дейтін сөздерді бала кезімізде үлкендердің аузынан естігенде түсінбеуші ем. «Қан мен терді» оқығанда бір-ақ білдім. Содан кейін тырыли арық Қарақатынды да тани қоятын болдық. «Соңғы парыздағы» Сары Шаяны мына екеуінің әлде немересі, әлде жиендері шығар деп ойлағаным да шын. Қазір біздің айналамызда «заңмен ұратын» осындай жігіттер тіптен көбейіп кетті. «Соңғы парыз» - Көткеншек Көшенді, Сары Шаяны, Жәдігерді, Әзімді, Бәкизатты, жуан Жақайымды, Адай шалды, т.т. біздің арамызға әкеп таратқан шығарма сияқты сезілетіні рас, шын мәнінде біздің арамыздан осыларды жинап алған. Біз сонда барып, ой мынау анау ғой, ал әне біреуісі... деп шұбырта жөнелдік. Ал өзін-өзі көріп қалғандар не болды екен?

Бұлар өмірде бар ұлттық харектерлер жиынтығы және жалпыадамдық типтер. Маған Жәдігер мадам Боваридің күйеуін есіме түсірді, ал Бәкизат соның өзі. Бовари жауын-шашында, түнде де, күндіз де көңілдесіне қарай жүгіріп бара жатпаушы ма еді. Ал Әзімнің Флоберде бірнеше типі бар.

Міне, осындай ұлттық әрі жалпыұлттық ортақ мінездерді сомдауда Ә.Нұрпейісов игерген нәрселер аз емес. Оған көркем жинақтау (обобщение) ғана емес, әр кейіпкерге тән тілдік қолданыстар, тұрмыстық ортақ байланыстардың негізінде орын алған тосын тартыстар, адами қуаныштар мен қайғы-қасіреттердің күрделі өрістеулері, әрбір образдың бойындағы іріктелген штрихтардың творчестволық байқампаздықпен суреттелуі және өмір тәжірибесінің (автобиография десек те болады) молдығы, т.б. мысал болады деп ойлаймын. Айталық, өмірбаяны бай емес адамнан жақсы жазушы шықпайды деген мағынадағы сөзді, қателеспесем М.Горький айтқан. Тап осы жазушының орыс жерінің әр қиырын кезген сапарларының нәтижесінде «Изергиль кемпір», «Фома Гордеев», «Клим Самгин өмірі» жазылды. Ал Әбдіжәміл Нұрпейісовтің дәл ол сияқты қазақ даласын түгел кезгенін білмейміз, Аралын бір адамдай аралаған. Оған 60-70-жылдары жазған очерктері толық дәлел. Бұны айтып отырғанымыз: жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парзыдағы» типтік образдарын жасаудағы кейбір нақты және жанама деректер мен шығармашылық зертханасын бағамдау.

- Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы үлкен тарихи қозғалысты бастан өткеріп, тың саланы игере бастады, жаңаша атмосфераға өтті. Арал маңын мекендеген халық та бұл өзгерістерден алыс қала алмады. Сонда да, «Қан мен тер» - бір тарихи формациядан екінші тарихи формацияға қадам басқан қазақ қоғамының әдебиетте таңбаланған бір көрінісі ғана емес шығар. Жазушы зертханасына үңілер болсақ, «Қан мен терден» қарапайым оқырман байқай бермейтін, алайда, әдебиет үшін өте маңызды қалтарысты тұстары туралы ой өрбітсек...

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- «Қан мен терде» тарихи формациялардың өзгеруін, жылжуын көрсетуден гөрі сол кездегі, көркемдік мезгілдегі қазақ тұрмысын, өмірін көрсету басым. Формациялар, тарихи-әлеуметтік жағдайлар ХХ ғасырда тым шұғыл өзгерді. «Қан мен тер» оқиғалары өткен ғасырда қазақ халқының шаруашылығында, тұрмысында, тарихи-әлеуметтік жағдайында үлкен өзгерістер бола қойған жоқ. Қазақ малын бағып, қазақы отбасын құрып, ескі қазақы салтпен өмір сүріп жатты. Ресейдің отарлық саясаты бірталай тарихи өзгерістер әкелгенімен, дәл қазақтың тұрмысына көп өзгеріс әкелген жоқ. «Абай жолын» қазақ халқының бір ғасырлық өмірінің энциклопедиясы дейді. «Қан мен тер» туралы да солай деуге болады. Мұндағы қазақтың өмірі де халқымыздың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы өмірі. Автор алдына формациялардың өзгеруін көрсетуден гөрі, бір аймақ қазақтарының өмірін, адамдарын бейнелеуді мақсат еткен болу керек.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

- «Қан мен тер» трилогиясы совет қоғамы мен идеологиясы кезінде тарихи-саяси өзгерістер мен жаңғырулардың қазақ даласына әсері тұрғысынан талданды. Бұлайша талдауға да негіз-қисындар әбден жеткілікті ғой. Әр қоғам өз уақытының танымы мен талабына, жеткен биігіне қарай байыптайды. Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде қай «көзбен» қарасаңыз да - қалауыңыз біледі. Романды оқығалы бері (мектепте жүргенде оқығам) өткен елу жылға жуық уақыт араға салғаннан кейін еске алсам, көңілдің бір түкпірінде қобалжу оянып, қорқыныш па, алаңдау ма, әйтеуір бір елегзіткен елес кезіп өтеді...

Апырай, сұрапыл өзгерістер болып жатқанда, адам өзін-өзі билеп, бойын жиып, тастүйін бекімес пе еді? Қандай пейіл мен пиғыл да өз тағдыры мен халық тағдырын таразылап, қажетті ортақ өмір арнасына бейімделіп, келешекті ойлап, соған орай қам жасамас па еді? Ырың-жырың, ит әуре тіршіліктің ықтиярыңа қарамай, өміріңді шөп-шаламға айналдырып, күндердің күнінде түбіңе жететінін бір сәтке кідіріп, ескерсе қайтер еді? Заманына санасынан тарайтын нұр-сәулесін молайтудың орнына өзімшілдіктің тұманымен тұмшалап, көзін ашып келе жатып та, тапа-тал түсте адасатынымызды аңғармайды екенбіз. Озбыр тарих, озбыр қоғам, дүлей мемлекет алдында адам қандай дәрменсіз еді?

Ал сол өзгерістердің жүзеге асуына себеп болған күштер адамзат аңсаған асқақ идеяларды абайлап, ақылмен жүзеге асыра алды ма, әлде омыраулаған ожарлық әлеуметтік әлімжеттілік пен әлеуметтік әулекілікке әлсін-әлсін ұласа берді ме?..

Өткен ғасырдағы отызыншы жылдар ойранында, қырқыншы жылдардағы қырғында, елуінші жылдардағы есеңгіреуде пенделік өзімшілдіктің күйкі, көрбала тіршілікті түзетінін әдебиеттен көреміз. Әсірее кезең шындығын кесек полотно, күрделі қайшылықтармен қоса қамтып, аналитикалық ойлауға игі ықпал ете алатын романдардан анығырақ, толымдырақ аңғарамыз. Тұтас мемлекеттерге, халықтарға ойран салған тарихи-саяси озбырлықтарды тоқтата алған жарық ойлы, жасампаз күштер - адам танымының жеңісі. Сондай ғажайып жеңістерге жеткен адам шіркін пенделік өзімшілдік вирусынан оңайлықпен құтыла алмайтынын «Қан мен тердің» кейіпкерлері күн кешкен, шамамен бұдан жүз жыл бұрынғы кезеңнен де, одан кейінгі жылдар белесінен де жазбай танисыз.

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- Қазақ әдебиетінде туған өлкесін тамылжыта жырламаған ақынды табу мүмкін емес. Төмпегін төбеге, төбесін тауға дейін жеткізетін қазақ жазушыларыларының қатарында өзінің Аралымен Ә.Нұрпейісов те келе жатыр. Аралды барып көрмесек те, оның балығын Еламанмен бірге ауладық, Ақбаланы аяп, Судыр Ахметке күлдік. Жәдігермен бірге мұз үстінде қалтырадық, Беларанның сай-саласына сапар шектік. Бізге «Қан мен терді», «Соңғы парызды» оқыған соң Арал өз аулымыз сияқты сезілді. Онда да жақынынан, жарынан жылылық көре алмаған адамдар бар екен. Опасыздық пен сатқындық өзінше түрленіп, ал адами асыл қасиеттер Арал сияқты тартылып бара жатыр екен. Қазақтың әр жерінде де жағасынан жырақтаған өз Аралдары бар. Ал Ақбаланың жүрегінен тапқан өз аралына Тәңірберген кемесі келіп тоқтағанда Еламанның негізгі тірегі күйреді.

«Қан мен тер» қазақ даласындағы төгілген қан мен терлердің тарихи-көркем шежіресі. Ол қан мен тердің арамы да, адалы да болған. Аралдың қасіреті әріде жатыр. Арал адамдарынан қашып бара жатқан жоқ па екен? «Қан мен тердегі» қасірет «Соңғы парызға» дейін жалғасып жатса, оның теңізбен ортақ бірдеңесі болуға тиіс...

- Әуелі «Сең» романы болып басталып, кейін «Соңғы парыз» дилогиясына айналған шығарма ірі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жайлы сыр шертеді. Қазақ қоғамының тоқырау жылдарындағы бейнесі де дилогияның көтерген бір жүгі іспетті. «Соңғы парыздың» қазақ көркемсөзіне, көркемдік ойына қандай жаңалық әкелді?

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

- «Соңғы парыз» алғаш «Жұлдыз» журналында «Сең» деген атпен бұдан отыз шақты жыл бұрын жарияланды. Сосын кітап болып шықты. Жаңылмасам, Саломея Неристің «Пой, сердце, пой, в нескончаемой тревоге» деген эпиграфы бар еді. Аралдың тағдырына алаңдау, тіршіліктің көкейтесті мәселесіне айналған күрделі сауалының жауабын іздеу талабы айқын еді...

Ал «Соңғы парызда» табиғат пен рухани экология мәселесі қатарласа, жарыса алға шыққанда, Адам мен Қоғам мәселесі молырақ, айқынырақ, әрі әлеуметтік, әрі моральдық, рухани-эстетикалық шиеленіске айналады.

Шығарманың жазылу үлгісі бұған дейінгі қазақ әдебиетінде болмаған. Ілияс Жансүгіровтің «Күйшісінде» автор күйші мен Қарашашты кезек-кезек «талдап», кейіпкерлердің психологиясын танытса, Әбдіжәміл Нұрпейісов романында психологиялық талдау тәсілі арқылы образдардың рухани әлемі ғана емес, жалпы адам табиғаты, адам шіркіннің артықшылықтары мен осалдықтары уақыт-қоғам контексінде әрі талданады, әрі сарапталады. Жеке адамның айрықшалықтары қоғам-мемлекеттің игі қасиеттеріне, сол арқылы игілігіне ұласпайтыны, қоғамдық сананың ауқымы ғажайып кең бола тұра, жеке факті - адамды тану мен бағалауға келгенде «аңқаулығы» мен қолапайсыздығы Жәдігер мен Әзім арасындағы бықсыған түтін тартыстан, ашық көрсетуге көпшіліктен қымсынатын, жасырын текетірестен үнемі көрініп жатады.

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- Романдағы көткеншек Көшен, Сары Шая, Аққұба жігіт, Жуан Жақайым, Әзімнің құрылысшы ағасы, Адай шал, Жәдігердің шофері, анасы, енесі-кәрі қақсал, қозы қарын, «Райымның» тас қайнатар пысықайы, т.с. адамдар қазақ әдебиетіндегі типтік бейнелердің мол шоғырын толықтыра түспесе, кеміткен жоқ. Бұлардың барлығы да өзіміз күнде көріп жүрген замандастарға әрі ұқсайды әрі ұқсамайды. Ұқсағанда - кісілігімен, қайсарлығымен, аңғалдығымен әм тазалығымен ұқсаса, ал ұқсамағанда - тап солай ұқсамайды және қасіреттерімен өзгешеленетін тәрізді. Мысалы, Жәдігердің отбасылық қасіреті, Әзімнің тарихи әрі пенделік екіжүзділігі, көткеншек Көшеннің тұрмыс дарытқан мінез-құлқы, Сары Шаяның этнопсихологиялық болмысы Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында жаңаша бейнеленген. Әрине, түп негізі «Қан мен терде» бар, бірақ «Соңғы парыздың» оқиғалық желісіне сай өзіндік қуаныш-қайғыларымен ерекшеленеді. Кабинетте рушылдықты өрбітіп қойып, шыбын қуалап жүрген жуан Жақайым лас әрекеттердің адамы; Жәдігерді «еңбек озаты» деп, «қырып жүрмегенін бетіне айтып», ал бірдеңе десе «өлтіреді, айтқаным айтқан» деп байбалам салатын Бәкизаттың шешесі кісіні сөзбен өлтіретін қасіретті бейне; Әзім «Мен неден қателестім?» деп істің себебін ойламай салдарын сараптағыш академик. Астанада отырып ап, Арал мәселесімен, мемлекеттік мәселемен айналысады, өзі билік пен мансап жолында ештеңеден тайынбайтын байғұс ғалым; Қит етсе кодекс соғып, елдің есін шығаратын Сары Шая; «қайыған інгендей» бет қаратпайтын құдағидан зәрезап болған кейуана; «бұл үйге аяғымызды тағалап келмесек болмас» деп, жалтыраған еденнен ешбір жылылық көрмей қапа болатын Адай шал, т.т. бір-екі сөзбен тұжыра салатын образдар емес. Негізді талдауды керек етеді.

Ал өмір секілді табаның тайса қайта тұруың қиын мұз үсті, бар мен жоққа пара-пар із, мұз үстіндегі өздерінің терісін жамылған адамдарға шабуыл жасайтын қасқыр, Жәдігердің қойнына кеп кіріп кететін торғай - «Соңғы парыздағы» жаңалық демесек те жаңаша тұжырымдар түйюге аз штрихтар болмауға тиіс.

Қасіреттің өзі де осында: ең ақырғы сағаттарда бір-бірін таныған, шын түсінген ерлі-зайыптылардың енді өмірді қайта бастауға ешбір мүмкіндігі қалмады. Сең үстінде серейіп өлген Жәдігер, күйеуінің ақырғы деміндей болып, қойнынан шырылдап ұшқан суық торғай, өз басын күйттеп қашып кеткен Әзім, міне осылар кімнің кім екенін Бәкизатқа тым кеш ұқтырды, бірақ ақиретке осыны түсініп кеткеніне сенгің келеді...

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- Біз ескінің адамдарымыз. Ескілеу болғаннан кейін әдебиетті Бейімбеттен, Ғабиден, Ғабит, Мұхтарлардан бастап оқып, «Қан мен терге» тоқтап, нағыз әдебиет осы деп қалыптастық. Орыс әдебиетінің де эпикалық кезеңін, Гогольден бастап Горькийге келген тұстарын оқып, кейінгі жастар оқыған жаңа формалы әдебиет шығамаларын аса оқып біле қойған жоқпыз. Сондықтан да біз нағыз, үлкен әдебиет деп эпикалық, негізінде үшінші жақтан баяндалатын, авторлық баяндаумен берілетін шығармаларды оқуға қалыптасып, соны жоғары бағалайтын ұрпақпыз.

Әдебиет өзгеріп жатты ғой. Анау бір жылдары оқырманға Хемингуей келді, тіпті оны оқу сән болды. Бірақ Хемингуэй Хемингуэй болып қалды. Оның тұсында да эпикалық проза жазылып жатты. Қазақ әдебиеті де жаңа уақытқа сай бейімделді. Жазушылар жаңа формаларды игере бастады. «Соңғы парызды» оқыған кезде, шынын айтқанда, таңқалдым. «Қан мен терді» жазған Әбдіжәміл Нұрпейісов те жаңа формаға біраз күш салған екен. Мысалы, бірінші бетін бастап оқыған кезде мынандай сөйлемдер бар: «Ұзын қара кісі соңында сыбалаңдап жатқан ізіне қарап тұр. Әлгінде келген жағына көз салғалы артына бұрылғанда назары осы ізге түсті де, жанарын ала алмай арбалып қалғаны» дейді. Алдындағы сөздерге әбден разы болып келіп, сөйлемнің соңында «қалғаны» дейтін сөзге біртүрлі қоңылтақсыған кездеріміз болды. Әрі қарай оқығанда «қалай?» деп бітетін сөйлемі бар. Осы «қалай» деген сөзді жаңа бастаған жазушылардан көп кездестіруші едік. Алайда ары қарай оқи бастаған кезде жазушының бұрынғы өз деңгейін қайта алып кеткенін байқадық. Бірақ жаңа формада. Осы формасын, күрделі көркемдік әдісін романның соңғы беттеріне дейін ұстаған. Осындай үрдіс Айтматовта да болды ғой.

- Жазушы замандастарының бірі оны «Арал Хиросимасының куәгері» деп атайды. «Соңғы парыздағы» Арал тағдыры, оның болашағы жайлы пікір мен қаламгердің туып-өскен жердің өзгере бастаған келбеті қалай суреттелген деп ойлайсыздар?

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

- Аралдың тартылуы - экологиялық мәселе. Осы мәселені зерттеу және шешімін табу қажеттілігі енді шаруашылық-экономика салаларымен сабақтасады, сол арқылы әлеуметтік, ары-беріден кейін қоғамдық маңызы орасан зор қарқынмен ұлғайып, тарихи-планеталық деңгейге көтеріледі. Солай дегенмен де ең алдыңғы кезекке тағдырлар шығады. Осы тағдырлар кешуі арқылы жазушы кәнігі тәсілінен - сыншылдық көзбен қарап, үңіле, ұдайы зерттеу дағдысынан бір жаңылмайды, еш тізгін тартпай, жүйелеп, үдетеді де отырады.

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- «Соңғы парыздағы» Жәдігер мен Бәкизаттың арасындағы жұбайлық, тұрмыстық қарым-қатынастардың Арал теңізіндей тартылып бара жатқаны тегін емес еді. Олардың өміріне әлдебір суық қол себеп болып отыр. Оны тап басып айта алмайтыныз - Арал қасіретіндей. Осынау екі экологияның тамыр түбіне ден қойсақ, көңіл көншітер ештеңе көре алмайсың. Кейде біз экологияны тек табиғат апаты деп есептеп, оны тар мағынада түсініп жүрген сияқтымыз. Жәдігер-Бәкизат-Әзім үш тағаны отбасылық, тұлғалық, тіптен ой-сана экологиясы емес пе екен?! Тек жұмыс деп, отан деп, ел-жұрт, балық пен жоспар деп әлдебір механикалық ойыншық сияқты кете беретін Жәдігер бір ойлағанда адам емес. Аптаны айтпай-ақ қой, ай бойы үй бетін көрмей балықшылармен кеудесіне қойған шелек тамшыға толғанша қоста дірдектеп, адамның тәуекелі жетпейтін өлермендікке барып (машинамен мұзға түсіп), әлдекімдермен Арал, ауыл жайлы айтысып-тартысып, досқа күлкі дұшпанға таба болып жүргеніне кім кінәлі? Енді кеп, бір күн, бір түн Тұшшыбас қолтығында есалаң адамша артындағы ізіне қайта-қайта қарай бергені несі?

Шығармадағы экокеңістік - мұз үсті. Ондағы ізден ешқашан жылы леп еспейді. Кісі де, аң да, құс та, қашқан да, қуған да, бәрі-бәрі мұз үстіне шығып кеткені табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынастардың бұзылғанын суреттемей ме екен? Романдағы Жәдігердің тағдыры Арал тағдырынан несі кем?

Ең әуелі адам, туған жер тағдыры мен ұлттық құндылықтар шешімін табу керек. Сөйтсе ғана елден көшкен халық, Адай шал қайта оралады. Ана баласына кейімейді, жар жұбайынан жерімейді, бала жарымжан тумайды. Көткеншек Көшендер ешкімге тұлға емес. Баяғы тырыли арық Қарақатынның ұсқыны құсап, тілінен у төгіп отыратын Көшеннің өмірге де, Құдайға да, адамға да өкпесі қара қазандай. Осындай «ырың-жырың» өмір кешіп жатқандарды Арал сияқты картадан көре алмайсыз. «Соңғы парызда» жазушы осыны қазаққа айтуды парыз санағандай...

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- Мұнда негізінде көтерілген мәселе Арал тағдыры болғанмен, Арал тағдырынан бұрын адам тағдыры тұр. Сол себептен Арал тағдырынан көрі, адам тағдыры көп, терең суреттеледі. Формасы мүлдем жаңа. Арал тағдыры мен адам тағдырын байланыстыруға ыңғайлы форма. Алғашқы беттерде Бәкизаттың ба, Жәдігердің бе - ішкі монологтары бар. Сонда өмірінің соңы «ырың-жырың» болып кетті дейді. Осы «ырың-жырың» өмірдің соңғы нүктесін Арал трагедиясы қойғандай. Жәдігердікіндей, Бәкизаттікіндей өмір сүрген адам көп, алайда олар өз өмірін ырың-жырың болып кетті деп ойламауы да мүмкін. Ал бұлар солай ойлайды... Арал қайтқан, адамдар көшкен, ауыл қаңырап қалған, мінез өзгерген.

- «Қан мен тердегі» Еламан-Ақбала-Тәңірберген образдары қазіргі заманауи жағдайда Жәдігер-Бәкизат-Әзімге ауысып кетеді. Яғни дәуір ауысса да, мінез ауыспайды, адамның қилы тағдыры сол қалпында қалады. Мінездердің қайта жаңғырыққан тұсы мен «Соңғы парыздағы» жазушының мінездерді қайталай сомдау шеберлігі жайлы не айтар едіңіздер?

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- «Қан мен тер» классикалық үлгіде, үшінші жақтан баяндаумен жазылған шығарма. Адамның психологиясы көбіне кейіпкердің іс-әрекетінен көрінеді. Автор тікелей мінездемені аз береді, оқырман өзі байлау жасайды. Ал «Соңғы парызда» да үшінші жақтан келетін авторлық баяндау бар. Осы үшінші жақтан келетін авторлық баяндау бір кезде кейіпкердің баяндауына ауысып кетеді. Тіпті, тыныс белгісін қоймай-ақ ауысып кететін жағдайлар бар. «Ұзын қара кісі» дейді. Осы «Ұзын қара кісі» деп басталатын жерлерде үшінші жақтан келетін авторлық баяндау, «Сол» деп басталатын жерде авторлық баяндаудан көрі, кейіпкердің баяндауына ұқсап кетеді. Бір қабатта автор баяндаушы кейіпкермен сөйлесіп отырады. Демек, бұл шығармада баяндаудың анық байқалатын үш қабаты жатыр. Тілшілер, әдебиетшілер арнайы ғылыми зерттеулерінде ашатын нәзік нюанстар бар.

«Қан мен терге» қарағанда «Соңғы парызда» авторлық бағалау анағұрлым көп. Бір қызығы, басты кейпікерлердің образы бірте-бірте дамып, шығарманың соңына қарай ашылып отырады. Қосалқы кейпкерлер де сәтті, бірақ басқаша суреттеледі. Мысалы, Қожбан дейтін жүргізуші жігіт. Шығарманың алғашқы беттерінде-ақ Қожбан туралы айтылып болған. Кім екені, түрі, түсі, мінезі - барлығы ашылып кеткен. Ал Жәдігер мен Бәкизаттың образы бірте-бірте ашылады. «Мынау қайтеді» дегендей, оқырман күйіп-пісіп отырады. Әзім - бәріміз танитын образ. Жәдігерді Еламан мен Қаленге жақындатуға болады. Бірақ дәл солай дей алмаймыз. Жәдігерде Қаленнен гөрі Еламан басымдау. Әзімді Тәңірбергенге сәйкестендіргенімізбен, уақыт, әлеуметтік жағдай, білім басқа екенін ұмытпағанымыз жөн. Екеуін ұштастырып жіберу қиындау. Бірақ Тәңірбергеннің көркемдік рөлін атқарып тұрған бір кейіпкер болса, жобалап алғанда Әзім деп айтуға келеді. Ал енді Бәкизатқа келген кезде Ақбаланы ойлай бересің. Ақбаланың мінезіндегі, психологиясындағы біраз штрихтар мұнда бар. Екеуі де ең алдымен ет пен сүйектен жаралған әйел. Социалистік реализм жазушыларды белгілі бір арнаға түсіріп жіберуді мақсат етіп, жағымды кейіпкер өте жағымды, жағымсыз кейіпкер өте жағымсыз болып кеткен мысалдар Кеңес әдебиетінде өте көп кездесетін. Ақбаланың да, Бәкизаттың да образын жасаудағы автордың басты табысы - бұл екі образ да ол салаға ауып кетпеген. Еламанның да, Тәңірбергеннің де өзіндік ерекшеліктері, бір-бірінен өзіндік артықшылықтары бар. Тәңірберген - ақылды, көрікті, біраз жақсы қасиеттері, өнері бар адам. Сонымен қатар оның малы бар. Жігіт деген анықтауыщ Еламан үшін ұсақтау сөз болғанымен, ол да адамгершілігі мол, ірі мінезді, көрікті жігіт. Бірақ Еламанның үстіндегі киген киімі, тұрған үйі Тәңірбергеннен көп төмен. Осы арада Ақбала пенде, әйел ретінде солқылдақтық көрсетеді. Адам ретінде әкесі Сүйеуден көп төмен. Бәкизатқа келгенде осы мысалға орала береміз. Еламан-Ақбала-Тәңірберген, Жәдігер-Бәкизат-Әзім тақырыбына ауысып кеткен кезде образды талдау, даралау жағынан Жәдігер тереңірек дараланған деп ойлаймын. Жәдігердің өзі білетін, бірақ құтыла алмайтын қырсықтықтары бар. Ондай адамдар көп. Бәкизатты осынысымен осалдыққа өзі итермелейтін эпизоттары бар ғой. Мысалы астанаға демалысқа әйелімен бірге баруына болады, бірақ қырсығып бармай қалады. Алайда, Алматыда бір кезде Бәкизат сүйген Әзімнің бар екенін және оның ғалым екенін, жақсы пәтерде тұратынын, Арал маңыдағы ауылдағы қазақтан көрі сәнді киініп жүргенін біледі. Біле тұра әйелін Алматыға жалғыз жіберіп отыр. Оқырман қаламайтын, қимайтын әрекетке барады. Бірақ автор өмірлік шындықтан көркемдік шындықты ажыратпаған.

Бәкизаттың екі оттың, Жәдігер мен Әзімнің ортасында қалуы, кейбір жағдайларда Әзімнің басым түсіп кетуі - Бәкизаттың әйелдік табиғатында жатыр. Оның бір жағында үлкен, биік адамгершілік тұлғасы, сыртқы түрі бар Жәдігер, екінші жағында Кеңес өкіметіндегі ең бір сүйкімді, пайдалы образ - адам Әзім тұр. Сол себептен де Бәкизат өзінің тағдырын талқыға түсіріп алады. Өзі айтқандай өмірінің соңы «ырың-жырың» болып кетеді. Автор «ырың-жырыңның» түбін тек қоғамнан іздемейді, адамның ішкі психологиялық күйінен де іздейді.

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- Бұл образдар жүйесінде көп жағынан ұқсастық бар. Өзгешеліктер де мол. Әрқайсысы да өз заманының адамдары. Қуаныш-қайғылары да өмір сүрген кезеңдеріне сәйкес. Бәкизаттың Жәдігерді жарылқаған түгі де жоқ: қонаққа барса бұлтыңдау, үйге келсе кесір, екі бала тек жарымжан ғана емес, сұмдығы сол - оларды емізбей қойды, қыз әкесіне суық өсіп келеді, ол да оның тәрбиесі. Жәдігердің жалғыз шешесін, енесін келінінің жеткізген жері сол - үйіне келген қонақ адам құсап күліп шықпайды: Адай шал пельменді үлкен машақатпен жегенімен қоймай, әбден кейігені сонша Жәдігерге: «Тек әрі! Асты қорлап... Етті шешеңе шайнатып жейтін өнерді қайдан тапқансың?» деп салады. Байғұс ана жер болады.

Құрысын деп жазушы айтпақшы, не болса да жан-жағы экологиялық апаттардың қыспағына түскен Жәдігердің өз ізін өзі іздемеске шарасы жоқ.

Әзім тарихи уақыт пен тарихи көзқарастардың құрбаны. Ал Бәкизат отбасылық экологияның негізгі себепшісі. Жәдігер соны ары қарай дамытушысы. Өйткені, Арал қашағанын құрықтаймын деп жүріп, отбасында қандай қасіреттердің пісіп-жетіліп келе жатқанын болжай алмады немесе болжағысы келмеді.

Осындай тарихи да, тұлғалық та, көркемдік те ерекшеліктер мол бұл үштік образдар «Қан мен тердің» кейіпкерлерімен рухани тамырлас болғанымен, сомдалу жағынан жазушының шеберлігін тағы да мойындатады. Эпизоттық бейнелердің өзіне де осыны айтуға болады. Романдағы фрагменттік ауқымдағы оқиғаларда да автордың дара, қайталанбайтын қолтаңбасы бар.

- Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармалары туралы қаламгерлердің «Жалпы бұл кісінің шығармалары адамның еңсесін езіп тастайды. Сабасына түсіреді, тоқмейілсуге жол бермейді. Адамды жердің астына, бейнелеп айтқанда қылуетке бір түсіріп шығарады. Ойландырады, толғандырады, қажытады, шаршатады. Қайтадан адами қалпыңа келтіреді» дейтіні бар. Мұндай күрделі шығарманы оқу қазақ оқырманына не береді?

Ермек ҚАНЫКЕЙ:

- Жалпы жұртты айтпағанда, қазіргі әдеби ортада кейбір шығарманы оқымайтын адамдар бар. Мысалы, Толстойды, Достоевксийді, Әуезовті. Айтатын уәждері де жетеді. Олар Чеховті шексіз мақтайды. Ал бұған қалай дау айтасың.

М.Әуезов «Өз жайымнан мағлұматында» Анатоль Францты сүйіп оқитын жазушым десе, Толстойды оқығанда «Жан құдайының алып жұртын көргендей, езіліп тапталып қаласың» дейді, ал Достоевсийдің «адам жанын қойма ақтарғандай ақтаратынына» таң қалады. Заңғар жазушы А.Чеховті де сүйіп оқыған. Демек, оқу керек. Рас, адамның мүмкіндігі, тіптен өмірі бәрін оқуға жетпейді.

Сондықтан әдебиет төңірегінде жүрген, әсіресе ақын-жазушы болам деген жастарға «Соңғы парыздан» үйренетін нәрселер аз емес деп ойлаймын. Және «Соңғы парыздың» қазақ оқырмандары да көп екеніне сенгім келеді. Ал күрделі шығарманы оқу қазақ оқырманына не береді дейтін сұраққа жауап жоғарыдағы айтқандарымның арасынан табылатын шығар деп үміттенемін.

Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:

- «Соңғы парыздың» оқиғасы сең үстіндегі Жәдігердің, одан кейін барып қосылған Бәкизаттың, Әзімнің төңірегінен өрбиді. Баяндау бір нүктеден, Арал теңізінің үстіндегі мұзда жүріп жатыр, Жәдігерден, Жәдігердің төңірегінен өрбиді. Мұндай шығарманы оқуға қиын деп те ойлауға болады. Бір шығармалар бар. Монолог, писхологизм дейді де, бір нәрсені езіп айта береді. Онысы шындыққа келе де бермейді. Оны оқу қиын, оқығың да келмейді. Психолгизмнің мысалы - Майлиннің «Талақ» дейтін әңгімесі. Ашумен «талақ, талақ» деп айтып алды да, біраз уақыттан кейін қинала бастады. Әйелін қимайды. Қаны, сөлі тамып тұрған психологизм осы. Кейіпкердің ішкі монологы деп, езіп, соза бергеннің бәрі психологизм емес. Ол жалған әңгіме. Ал «Соңғы парызда» оқиға көп болмаса да, айтылатын әңгімелердің өзі тартымды. Роман ішінен ондаған әңгіме, көптеген микроновеллаларды бөліп алуға болады. Осы бөліктің өзі жеке әдеби объект қызметін атқарып кете береді. Оқиғалы ішкі монологтар көп. Сондықтан, дәл осы «Соңғы парызды» оқырманға оқуға қиын шығарма деп есептей алмаймын. Ішкі монологтар, авторлық баяндаулар болды-ау деген жерінде тоқтап отырады. Шынайы оқиға, шынайы образ, шынайы мөлшері өлшеулі психологизм көркемдік мақсатқа ғана қызмет етіп тұр. Сұрақта келтірілген «еңсесін езіп тастайды, сабасына түсіреді, тоқмейілсуге жол бермейді, адамды қылуетке түсіреді» дегендер әр оқырманның өзіне байланысты болар. Ал «ойландырады» дегені дұрыс-ау. Ал «толғанамын, қажимын, шаршаймын» десең, ол да өз еркіңде. Романда символдық образдар бар. Қайтқан теңіз, артыңдағы із. Артыңдағы із дегенді айтқан сайын әркім-ақ әртүрлі ойға келер. Бір интервьюін Ресейдің Халық әртісі Валентин Гафт «Вообщем-то я жизнь профуфукал» деп аяқтапты. Әркім-ақ артына қарап, өткен ізін барлап, өмірім «ырың-жырың» боп өтпеді ме осы деп әлденеше рет ойланбады ма екен осы «Соңғы парызды» оқу үстінде? Романды «залпом» бірақ қопарып оқып шығуға да болады, бірер беттеп оқып, өміріңнің әр кезеңінде қалдырған ізіңді ойлап байыптап қарауға да келеді. Қазақ оқырмандарын анық ойландыратын шығармалардың бірі осы - «Соңғы парыз».

Дөңгелек-үстелді жүргізген

Қарагөз СІМӘДІЛ.

Соңғы жаңалықтар