Әдебиет - құмырада өсетін гүл емес - түрік жазушысы Харун Токак
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы мен Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасының ұйымдастыруымен «Сәулелі сөздің шуағы» деп аталатын қос кітаптың тұсаукесері өтеді.
Бұл шара ақын Нұрлан Оразалиннің түрік тіліндегі «Yanık Yürek» (Қоздағы шоқ) атты жыр жинағының Түркияда жарық көруіне және түрік жазушысы Харун Токактың «Олар таңның атуын күте алмады» атты әңгімелер жинағының қазақ тілінде басылып шығуына арналады. Бұл қос туындыны жазушы-аудармашы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәлік Отарбаев тәржімалаған.
Осы әдеби шараға орай «Айқын» газетінде жарық көрген түрік жазушысы Харун Токакпен сұхбатты ұсынамыз.
«Кітабымның атауы - Елбасының сөзі»
«Олар таңның атуын күте алмады» деген қазақша шыққан кітабым алдымен орыс тілінде, Беларусь Жазушылар одағы тарапынан басылған. Кітаптың атауы тікелей Қазақстанға байланысты. Соған қарамастан, дәл осы атаумен алғаш орыс тілінде шықты. Ал қазақ тіліндегісі - шетелде басылған екінші кітабым. Бауырлас елде осындай кітаптың шығуы адамға ерекше бір шуақты сезім сыйлайды. Алыстан бір сағынысқан туған бауырымды тапқандай сезімде отырмын.
«Олар таңның атуын күте алмады» деген кітаптың атауы - Қазақстан Республикасы Президентінің айтқан сөзі. 1999 жылы Түркияның сол кездегі прези-
денті Сүлеймен Демирелдің атынан Қазақстан Президентіне хат пен арнайы сыйлық тапсыру мақсатында Астанаға келдік. Ақордада бізді қабылдаған Президент Н.Назарбаев: «Қазақ елі алғаш тәуелсіздігін жариялағанда ең бірінші болып Тұрғыт Өзал: «Бауырым-ау, біз қуанғаннан таңның атуын күте алмадық, Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып танығанымызды бүкіл әлемге жарияладық» деп түн ішінде телефон соқты» деді. Шынтуайтына келгенде, Түркия мен Қазақстан арасындағы бүгінгі терең ынтымақтастық пен бауырмалдық - екі ел басшыларының арқасы. Осылайша «Таңның атуын күте алмады» деген тіркес үлкен философиялық ұғымға айналып, әрі әңгімеме, әрі кітаптың атауына арқау болды.
Кітаптарымды шетелдерде бастыру жоспарымда жоқ және басылып жатқандарына еш қатысым жоқ. Қазақша таңдама-
лы әңгімелерімнің шығуына Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин ағамыз ықпал етіп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасымен басылды. Украинаның түркология институтының мамандары «әңгімелеріңізді украин тіліне аударып жатырмыз» деп хабарласты. Тәжікстан президентінің кеңесшісі Нәдір Әлиев деген үлкен академик «Арал» деген әңгімемді тәжік тіліне аударуға ұсыныс жасады. Менің әңгімелерім Түркияда әр дүйсенбіде радиода оқылады. Радиодан тыңдаған бір кісі «Мұндай әңгімелер бүгінде рухани дағдарыстағы Батыс адамына ауадай қажет, ағылшын тіліне аударсақ» деп ұсыныс айтты. Осылайша ағайындар ұнатып, әңгімелерімді шығаруға өздері мұрындық болып отыр.
«Біз неге үмітсіздікті жырлауымыз керек?»
Журналистер маған «Неліктен құрбан болған қайғылы адамдар өмірін көбірек жазасыз?» деп сұрақ қоюда. Менің әдебиеттегі негізгі ұстанымым - ғасырлардың қанды қасіретінен сабақ ала оты-
рып, келешекке үміт жібін жалғау. Біз өткеннен дәріс ала отырып, бейбіт өмірді қалыптастыруға ұмтылуымыз керек. Бұл, өз сенімім бойынша, әдебиет арқылы жүзеге асады. Әлбетте Орталық Азия-
ның мықты қалыптасқан дәстүр-
лі әдебиеті бар. Шыңғыс Айтматовтан бастап біраз жазушыларды оқып шықтым. Әттеген-айы, сол шығармалардың дені үмітсіздікке негізделген. Мәселен, айтулы «Ақ кеменің» өзінде баланың өзін суға тастауы секілді үмітсіздік бар. Керісінше, біз келешек ұрпақтың кеудесіне үміт отын ұялататын ой тастауымыз керек емес пе?! Неге біз үмітсіздікті жырлауымыз керек? Адамзат мәдениетінің қалыптасуында Орталық Азияның рөлі өте үлкен. Келешектің алтын ұрпағы да осы жерден шығатынына сенімім кәміл. Ал ондай ұрпақ шығу үшін біз оларды үнемі әдебиет арқылы сілкіндіріп, үміт отын жанып отыруымыз қажет. Менің әңгімелерімнің рухы да осында.
Әңгімелерімнің сюжеті - ойдан шығарылған емес, өмірден ойып алынған оқиғалар. Қызмет бабымен дүниенің біраз елін аралауыма тура келеді. Мәселен, осы бір ай-
дың ішінде Африкада да, Еуропаның біраз елінде де болдым. Осындай сапарларда кейбір сюжеттер алдымнан өзі шығады. Кейбір сюжеттерді артынан қуалауға тура келеді. Дегенмен ол сюжеттердің бәрі өмірде нақты болған оқиғалар. Ешуақытта өз басым ойдан, қиялдан туындатып жазбаймын. Әлбетте әдеби нормаға сәйкес болу үшін белгілі бір дәрежеде көркемдік бояу қосасың. Дегенмен сөз-сөйлемдерді қаз-қалпында сақтауға тырысамын. Мәселен, бір қалада бойжеткен жарылғыш затты жармақшы болады. Оны қос қызын жетектеген бір әйел байқап қалып, әлгі жарылғыш затты кеудесімен жауып, мерт болады. Газетке шыққан осы ақпараттың негізінде «бір әңгіме жазып берсеңіз» деген бір журналдан ұсыныс түсті. Ары ойланып, бері ойланып, әңгіме шығара алмадым. Содан бір күні әлгі оқиға болған қалаға бір жиынға барып қалдым. Қонақүйден көшеге көз жүгіртсем, қарсыдағы үйдің терезесінен бір ана: «Әй, Қадыр балам, кеш болды ғой, үйге кірмейсің бе?» деп айқай салды. Дәл осы сөз әңгіменің түйініне арқау болды. Яғни «ойнап жүрген әлгі екі қыздың кеш батқанда үйіне шақыратын анасы жоқ». Кейін жетім қалған екі қызды тауып алып, «қайтыс болған аналарыңа бір хат жазып бересіңдер ме?» дедім. Олар келісіп, «Анама хат» жазып берді. Осы хат әңгімемнің негізгі арқауы болды.
Енді әңгімені қысқа жазуыма келсек. Мен Түркияның белді басылымының бірі - «Йени Шафак» газетінің тұрақты жазарманымын. Әр жексенбіде бір эссе беріп тұрамын. Газеттің «жеті мың әріптен аспасын» деген қатаң талабы бар. Мен осы тәртіпті сақтаймын. Әлбетте әңгіме жазған соң еркін көсілгің де келеді. Дегенмен сол газеттің өзінде «мынау ұзақ әңгіме ғой» деп шағымданатын кейбір оқырмандар бар. Ал керісінше радио тыңдармандары арасынан «енді ғана елтіп келе жатыр едік, тез бітіп қалды» деп хабарласып жатады.
Марқұм жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабы түрік тілінде шықты. Тұсаукесеріне қатыстым. Мен өзімді кейде осы Немат ағама ұқсатамын. Бұл кісі негізінен ғалым адам, кейін мәжбүрліктен жазушы болған. Мен де ұзақ жылдар мұғалімдік қызметпен айналысып, жазуды кеш бастаған адаммын. Иавуз деген Түркияның үлкен әдебиетші ұстаз ақыны бар. Сол кісінің Орта Азияға арналған «Түркістан! Түркістан!» деген жыр жинағы бар. Сол ақсақал «Харун бей, мен сені сотқа берем. Сен неге менің үлкен салама кірдің? Сен әрбір хикаяң арқылы мені жылатуға қандай қақың бар?» деді. Түріктің үлкен әдебиетші ақсақалы осындай жылы лебіз білдіргеннен кейін менің жазуға деген сенімім орнады. Қолжазбама әлгі ақсақал редактор болып, алғысөз жазды. Бұл кісі Қазақстанға менімен бірге келіп, ертеңгі шараға қатысқалы отыр.
Таралым жөнінде. Кітаптарым түрік тілінде 150 мың таралымға дейін басылды. Түркия тұрғысынан қарағанда бұл өте аз таралым. Яғни кітаптың оқылмайтынын көрсетеді.
Қазақ әдебиеті жөнінде айтсам, кезінде қиналған, қыспаққа түскен кезеңнің әдебиеті шырқау шыңға шыққан. Қалай Тәуелсіздікке қол жетіп, былайша айтқанда, қарын тоя бастаған шақтағы әдебиетте марғаулық бар. Түркияның өзінде де алғаш тәуелсіздік алған кезде шыққан Яхия Кемал, Акиф Ерсой сынды «әдебиет жаратушыларының» деңгейіне жететін жазушы бүгінде жоқ. Олардың қалдырған мұралары - бүгінгі әдебиетшілер үшін үлкен арман. Қазақстанның да әдеби ахуалы дәл сол сияқты. Яғни Тәуелсіздікке дейінгі әдебиет шырқау биікте тұр да, бүгінгі әдебиет етекте қалған. Мұның себебі, өз ойымша, Кеңес Одағы кезінде әдебиет үлкен идеология құралы болды, оған саяси мән берілді. Биліктің сойылын соққан жазушыларды көтерді де, ұлттың сойылын соққан жазушыларды кеудесінен кері итерді. Бұл өз кезегінде рухшыл күрескерлікті тудырды да, содан әдебиет дамыды. Қазіргі әдебиетте мамыражай, жайбарақаттық, жалқаулық байқалады. Жазушы шабыт алу үшін әлемді шарлап, өзге мәдениеттерді көруі керек. Әдебиет - құмырада өсетін гүл емес. Әдебиет - қырда өсетін гүл. Оған жел, керек болса дауыл керек. Сонда ол мығым болып өседі.
Өмірдерек
Жазушы, қоғам қайраткері Харун Токак 1955 жылы Ушак уәлиятында дүниеге келген.
Измир Докуз Эйлүл университетінің Жоғары Ислам институтын тамамдаған. Түркия Республикасының Ұлттық Білім министрлігінде қызмет атқарған. Түркия Республикасы Ұлттық Білім министрлігінде және Түркия Республикасының Үкіметінде кеңесші болып қызмет атқарған.
1997- 2008 жылдар аралығында «Журналистер мен жазушылар қауымдастығының» төрағасы болды. Қауымдастықтың аясында халықтар арасындағы татулықты, мәдениеттер арасындағы сұхбатты нығайту мақсатында «Мәдениеттер арасындағы диалог платформасы», «Диалог Еуразия платформасы», «Абант платформасы» сынды интеллектуалды ұйымдардың дүниеге келуіне мұрындық болды.
Бүгінде И.Ортайлы, Ш.Айтматов, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, М.Шаханов, Р.Рыбаков, Анар, Б.Мариан, Г.Аласания сынды Еуразия аймағының зиялы қауым өкілдері құрған «Диалог Еуразия» платформасының тең төрағасы болып қызмет етуде.