Әділбек Жақсыбеков Астанадағы әуежайдың қызметін қатаң сынға алды
Жиында коммуналдық қызмет көрсету, қала тұрғындарының шағымдарына жедел жауап қату мәселелері талқыланды. Әкім көлік логистикасы, соның ішінде елорда әуежайының мәселелеріне ерекше тоқталып өтті. Өкінішке орай, елорда әуежайы әрдайым тұрғындар тарапынан сынға ұшырап отырады. - Төлқұжатты тексеру кезінде үлкен кезектер пайда болып, бағдарлама істен шығады, қызметкерлердің шет тілдерін білмеуі және тарифтердің қымбат болуы бұл түйткілді мәселелердің толық тізімі емес. Бұл туралы қарапайым тұрғындар, осындай жағдайларға тап болған белгілі журналистер мен бизнесмендер айтып та, жазып та жүр. Қызмет көрсету сапасы әлемдік стандарттарға сай емес, - деді Ә.Жақсыбеков. Қала басшысы барлық тиісті аумақтық және ведомствоға қарасты құрылымдарға, соның ішінде Шекара және Кеден қызметтеріне бұл мәселелердің шешімін тауып, әуежай жолаушыларына сапалы қызмет көрсету бойынша жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды.