Әділет министрі Р. Түсіпбеков Саран қаласындағы «Қарағандырезинатехникасы» ЖШС ұжымымен кездесті
АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Әділет министрі Р.Түсіпбеков Елбасы Н.Назарбаевтың ағымдағы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша
республикалық ақпараттық-насихаттық тобының жұмысы аясында «Қарағандырезинатехникасы» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.
Р. Түсіпбеков ЖШС-ның өндірістік цехтарында болды және шығарылатын өніммен танысты. Кәсіпорын ұжымымен кездесуінде жаңа технологияларды белсенді түрде енгізудің арқасында ұжым бүгінде бәсекеге қабілетті тауарларды шығырып отырғандығын атап өтті. Бұл өз кезегінде, еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасын және Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында маңызды қадам болып табылады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелері айтылды. Атап айтқанда, жаңа жұмыспен қамту стратегиясының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламаларының міндеттері туралы сөз қозғалды. Министр Президент Жолдауын іске асыру шеңберінде Үкімет өңірлердің проблемаларын кешенді шешуге және олардың әлеуетін дамытуға бағытталған құжаттарды әзірлеуді бастағандығын атап өтті. Алқалы жиын соңында кәсіпорын ұжымын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау тұжырымдамасымен таныстырды және «Қарағандырезинатехникасы» ЖШС барлық қазақстандықтар үшін маңызды және айтулы іс-шараға өз үлесін қосатындығына сенім білдірді.