Әділет министрлігі азаматтарды жалған сот орындаушылардан сақтандырды
АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті азаматтарды алаяқтардың сот орындаушысы ретінде өзін таныстырып, жалған әрекеттерге баруы жиілеп кеткенін ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар Әділет министрлігінің эмблемасын заңсыз пайдаланып, азаматтарды есепшоттарды бұғаттаумен, мүлікке тыйым салумен қорқытып, «берешекті» тез арада төлеуді талап етеді.
Комитет азаматтарға мұндай айла-тәсілдерге алданбауға кеңес береді. Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын әркім өз бетінше ресми дереккөздер арқылы тексере алады:
– https://aisoip.adilet.gov.kz сайтындағы «Борышкерлер мен тыйым салулар тізілімі» немесе «Атқарушылық құжатты іздеу» бөлімінен;
– жеке ЭЦҚ арқылы «Тараптар кабинеті» сервисінен;
– «Азаматтарға арналған» бөліміндегі байланыс деректерін пайдаланып, сот орындаушысына тікелей қоңырау шалу арқылы;
– «Adilet» мобильді қосымшасы арқылы.
Сонымен қатар қосымша ақпаратты Әділет министрлігінің ресми сайтынан және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының порталынан білуге болады.
«Заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тек ресми дереккөздерге сену қажет. Дербес деректерді үшінші тұлғаларға немесе күмәнді интернет-ресурстарға бермеңіздер», – делінген комитет хабарламасында.
Азаматтар құқықтық кеңесті 119 нөмірі бойынша Саll-орталықтан (Қазақстан аумағындағы стационарлық телефондардан тегін), 119 Kenesbot телеграм-арнасынан немесе ҚР «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтындағы «Виртуалды кеңесші» айдарынан ала алады.
Айта кетейік, бұған дейін Балалардың құқығын қорғау комитеті алаяқтық туралы ескертті.