Әділет Шері таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әділет Шері таеквондодан (WT) жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде еншіледі.

Әділет Шері
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ташкент қаласында өтіп жатқан таеквондодан (WT) жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты.

Спортты дамыту дирекциясы мәліметінше, 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділет Шері жарыстың соңғы күнінде қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жартылай финалда Тунис спортшысы Малек Макрониге қарсы өнер көрсетті.

Айта кетейік, алты күнге созылған әлемдік додада Айым Серікбаева чемпион атанса, Ерасыл Ерзат, Ислам Медетбай, Алидар Абдукаримов және Әділет Шері қола жүлдеге ие болды.

Ташкенттегі дүбірлі додаға 119 елден 1000-ға жуық жас спортшы қатысып жатыр.

Айта кетейік, дзюдодан Қытайдың Ордос қаласында Азия чемпионатының екінші күні мәресіне жетті. Әділет Алмат Азия чемпионы атанды.