Адвокаттың шағымынан кейін Атыраудағы тергеу изоляторына қызметтік тексеріс басталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Адвокат Нұрлан Жолболов әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Атыраудағы №75 мекемеде адвокаттардың қамаудағы азаматтармен кездесуі кезінде әңгімелердің аудиоға жазылатынын айтты. Ол бұл мәселені бір мекеменің аясында қалдырмай, елдегі қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемесіне тексеру жүргізуді сұрады.
Адвокаттың айтуынша, №75 мекеме, яғни Атырау қаласындағы тергеу изоляторында адвокаттар мен тергеу қамауындағы адамдар кездесетін арнайы бөлмелерде бейнебақылаумен қатар, олардың әңгімелері аудиожазбаға жазылады. Нұрлан Жолболов мұндай жағдайда мемлекеттік орган адвокат пен оның қорғауындағы адамның әңгімесін тыңдауға, жазуға және сақтауға техникалық мүмкіндік алады деп санайды.
Оның пікірінше, бұл адвокаттық құпия мен адамның қорғану құқығына қатысты мәселелерді туындатады. Оның сөзінше, қорғаушы мен күдікті кездесу барысында істің тактикасын, дәлелдерді, куәларды, шағымдар мен өтініштерді талқылауы мүмкін. Мұндай ақпараттың үшінші тұлғаға қолжетімді болуы қорғау тарабының ұстанымына әсер етуі ықтимал.
- Бұл – Конституцияны, Қылмыстық-процестік кодексті және адвокаттық қызмет туралы заңнаманы өрескел бұзу, сондай-ақ адамның қорғану құқығын жүзеге асыруға тікелей араласу және адвокаттық қызметке кедергі келтіру. Олар мұны адвокаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасады деген уәж айтылуы мүмкін. Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік орган кездесуді визуалды түрде бақылауға құқылы. Бірақ адвокат пен оның қорғауындағы адамның әңгімесінің мазмұнын тыңдауға құқығы жоқ. Қауіпсіздік мақсатындағы визуалды бақылау мен адвокатпен құпия әңгімені аудиоға жазудың арасында принципті құқықтық айырмашылық бар,-деді адвокат Нұрлан Жолболов.
Адвокат мәселенің тағы бір қыры ретінде тергеу изоляторларының құқық қорғау органдарымен ведомстволық байланысын атады. Оның пайымдауынша, адвокат пен айыпталушы арасындағы әңгімелердің аудиожазбасы басқа қызметкерлерге берілуі мүмкін.
- Тергеу изоляторы Ішкі істер министрлігінің жүйесіне кіреді. Сол жүйеде жедел-іздестіру қызметін және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын бөлімшелер де бар. Демек құпия әңгімелерді техникалық құралдар арқылы жазу мәліметтің жедел қызметкерлерге, тергеушілерге және түрлі ведомстволардың лауазымды тұлғаларына берілуіне нақты мүмкіндік туғызады. Ал прокуратура өз кезегінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалайды, барлық құқық қорғау органына процессуалдық басшылық етеді және сотта мемлекеттік айыптауды қолдайды. Сондықтан қорғау тарапының ұстанымы туралы ақпараттың мемлекеттік органдардың қарамағында болуының өзі заңмен белгіленген айыптау мен қорғау арасындағы тепе-теңдікті бұзады , – деді адвокат.
Нұрлан Жолболов бұл жағдайға байланысты Президентке, Бас прокуратураға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және Республикалық адвокаттар алқасына үндеу жасағанын айтты.
Ол №75 мекемемен шектелмей, Қазақстандағы адвокаттар мен күдікті, айыпталушы немесе сотталған адамдар кездесетін барлық мекемеде тексеру жүргізуді ұсынды. Атап айтқанда, аудиожазбаның қай кезеңнен бері жүргізілгенін, қанша кездесу жазылғанын, жазбаларға кімдердің қол жеткізгенін және олардың сақталуы мен қолданылу тәртібін анықтау қажет деп санайды.
Сонымен бірге адвокат аудиожазба жүргізуге арналған жабдықтардың басқа мекемелерде де бар-жоғын тексеруді және жүйеге қатысты жазбалар, журналдар мен техникалық деректерді сақтауды сұрады.
Нұрлан Жолболовтың пікірінше, егер оның айтқандары расталса, мәселе тек ішкі тәртіптік тексерумен шектелмеуі керек. Ол тиісті құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген жауапкершілік мәселесі қаралуы қажет екенін айтты.
Адвокат өз үндеуінде тексеру нәтижесі бойынша аудиожазбалардың саны, оларға қол жеткізген тұлғалар, олардың қолданылған-қолданылмағаны және қабылданған шаралар туралы ақпарат жариялануы қажет екенін атап өтті.
Осы жағдайға байланысты Kazinform тілшісі Ішкі істер министрлігіне сұрау жолдады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, № 75 мекемеде тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған, техникалық құралдары аудиожазба жүргізу функциясымен жабдықталған жеке кабинеттер, сондай-ақ адвокаттардың қорғауындағы адамдармен кездесулерін өткізуге арналған, аудиожазба жүргізілмейтін арнайы бөлмелер бар.
- Атырау қаласындағы тергеу изоляторында бейнебақылау ҚР қолданыстағы заңнамасының және тергеу изоляторларындағы адамдарды ұстау тәртібін, сондай-ақ қорғаушымен құпия қарым-қатынас жасау құқығын қамтамасыз етуді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте күдіктілердің, айыпталушылардың және сотталушылардың қорғаушымен кездесулері жеке және тергеу изоляторы қызметкері кездесу қатысушыларын көре алатын, алайда олардың әңгімесін ести алмайтын жағдайларда өткізіледі,-деді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Сергей Варго.
Комиетет нақты факт бойынша № 75 мекемесінде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның аясында орнатылған бейнебақылау камераларының техникалық сипаттамалары мен ерекшеліктері, сондай-ақ өзге де мән-жай зерделену үстінде.
Осы жағдай бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов №75 мекемеге 22 қыркүйекке барып, кездесуге арналған 7 кабинетті көріп қайтқан.
Оның айтуынша, 1 кабинет прокурордың, 2 бөлме адвокаттың, ал қалған 4 кабинет тергеушілердің айыпталушымен немесе күдіктімен кездесуіне арналған. Мекеменің бұл бағыттағы жұмысымен танысқан уәкіл Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бірқатар ұсыныс жіберген.
- «№75 мекеме» РММ-індегі қоғамнан уақытша оқшаулауды заңды негіздерде қамтамасыз ететін арнаулы үй-жайлардың заң талаптарына сәйкес жасақталуын қамтамасыз ету шараларын алуды, адамдарды арнаулы мекемелерде және үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттарын айқындау, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуді ұсындым, - деп пікір білдірді Амангелді Абдолов.
Бұған дейін Павлодарда түрменің бұрынғы қызметкеріне пара алғаны үшін 11,5 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.