Аэротаксидің жол ақысы қанша болады

АСТАНА. KAZINFORM — Бағаны белгілеуде әлемдік тәжірибе ескеріледі. Бұл жөнінде «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді.

аэротакси
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөніндегі баспасөз конференциясында ол бұл сектордың шетелдердегі мысалдарына тоқталды.

— Әлемдік тәжірибе бойынша, қазір аэротаксилерге 5-9 адам отырады. Сонымен қатар, 1 шақырым қашықтыққа орта есеппен 1 доллар төленеді. Бізде де шамамен солай болады. Бүгінде таксилердің де эконом, комфорт, комфорт плюс тәрізді деңгейлері бар. Ал аэротаксидің жол ақысы таксидің ең жоғары класындағы бағамен сәйкес келеді. Өйткені, оның артықшылықтары бар екені түсінікті. Баратын жерге кептелісте тұрмай, тез жеткізеді, — деді ол.

Сонымен бірге, қор басшысы аэротакси тұрғындардың арасында үлкен сұранысқа ие болады деп ойлайтынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл қызметті, әсіресе, әуежайға баратындар жиі қолдануы мүмкін.

— Туристер тарапынан да зор сұраныс болатынына сенімдімін. Өйткені, аэротакси маршрутында тау кластері мен Қапшағай да қамтылады. Көлік тораптарына аэротакси қонатын аранйы порттар салынады. Сонда дейін азаматтар аэротаксимен жетіп, ары қарай не жаяу не көлікпен баруға мүмкіндігі болады, — деді Әлішер Әбдіқадыров.

Айта кетейік бұған дейін Алатауда аэротакси қашан қолданысқа берілетінін жазғанбыз.