АЭС елге қандай өзгеріс әкеледі – Ұлттық ядролық орталық директорымен сұхбат

Қазақстанда атом электр стансасының салынуын біреулер қолдаса, енді бірі қарсы пікірде. Ал, Ұлттық ядролық орталық басшысы бұл туралы не ойлайды? Kazinform агенттігінің тілшісі орталықтың бас директоры Эрлан Батырбековпен сұхбат құрды.

ядролық орталық
Фото: Э. Батырбековтің жеке мұрағатынан

- Елімізде атом электр стансасы салынса, ол бізге не береді?

- Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясының үдемелі тапшылығы байқалып отыр. 2022 жылы Бірыңғай энергия жүйесіндегі ірі жүйелік авария және Қазақстанның электр желілері мен энергетикалық объектілеріндегі бірқатар жергілікті апат, көршілес елдерден сатып алынатын электр энергиясының үнемі өсіп келе жатқан көлемі – осының айқын көрінісі.

Қазақстанның негізгі өндіруші қуаттары – КСРО кезінде салынған энергияның жылу көздері, олар өздерінің соңғы ресурстарын өндіру үстінде және тез арада ауыстыруды қажет етеді. Парниктік газдар шығарындыларымен байланысты жаһандық экологиялық сын-қатерді ескере отырып, біздің мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытын қабылдады. Тиісті стратегия Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілді. Қазақстандағы жылу энергетикасы дәуірі, бүкіл әлемдегі сияқты, өзінің логикалық соңына жақындап келеді. Осылайша, энергетикалық жүйеміз жалпы алғанда жаңа ірі базалық өндіруші қуаттарды енгізуге, жаңғыртуға және әртараптандыруға аса мұқтаж. Сондықтан елімізде атом энергетикасы саласын дамыту – заңды әрі қисынды қадам.

- Атом электр стансасы салынуының тағы қандай тиімді тұстары бар?

- АЭС жұмыс істеген кезде парниктік газды шығармайды және көмірмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін станцияларға қарағанда отынды едәуір аз тұтынады. Бұл көміртегі бейтараптығы бойынша көзделген мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ядролық реакторды 24/7 режимінде 60 жыл немесе одан да көп уақыт пайдалануға және электр энергиясының белгіленген көлемін өндіруге болады. Болашақта 100 жылға дейін пайдалануға мүмкіндік бар.

Энергетикалық қауіпсіздіктің прагматикалық мақсаттарына сүйене отырып және Қазақстан әлемдегі уран қоры мен уран өндіру бойынша ірі мемлекеттердің бірі екендігін ескерер болсақ, Қазақстанда АЭС салу өте тиімді шешім. Атом электр стансасын салу экономиканың барлық саласына, ғылымға, білімге және әлеуметтік салаға да оң әсер етеді.

- АЭС салу мәселесінде Ұлттық ядролық орталықтың рөлі қандай?

- Бұл бағытта ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Біз 2008-2009 жылдары осы бағытта тұжырымдамалық зерттеулерді қолға алдық. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түрлі өңірлерінде АЭС салу мүмкіндігіне талдау жасалды. Біздің зерттеулеріміздің ең өзекті нәтижелері – «КАЭС» ЖШС тапсырысы бойынша орындалған Қазақстандағы АЭС құрылысының техника-экономикалық негіздемесінің маркетингтік бөлімінде тұжырымдалған, онда АЭС орналастыру ауданы, энергия блоктарының бірлік қуаты және АЭС-тің жиынтық қуаты бойынша, сондай-ақ құрылыс үшін перспективасы бар реакторлық технологияның түрі бойынша ұсынымдар берілген.

Осылайша, бүгінде Ұлттық ядролық орталық АЭС салу жөніндегі дайындық жұмыстарына ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп отыр. Бұл саладағы тәжірибеміз бен біліктілігімізді ескере отырып, біз атом электр станциясының жұмыс істеу циклінің барлық кезеңінде осындай қолдау көрсетуге дайынбыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Еске салсақ, 2022 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр стансасының қай аймақта салынатыны белгіленгенін айтқан болатын. 

Биыл ақпан айында Алматыда «Атом электр стансаларының мүмкіндіктері» тақырыбында жиын өтіп, АЭС құрылысы еліміздің дамуына қалай әсер ететіндігі сөз етілген еді. 

Соңғы жолдауында Президент атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу қажеттігін айтты.