АЭС құрылысы – референдумда шешілетін мәселе: Атырауда жария талқылау өтті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Қазір қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселенің бірі – АЭС құрылысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе референдум арқылы шешілетін айтты. Бүгін Атырауда өткен атом электр стансасын салу жобасы талқыға түскен жария талқылауға атқарушы органның, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері, энергетика саласының мамандары, экологтер, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен блогерлер қатысты. Басқосуда Энергетика министрлігінің, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері АЭС құрылысына байланысты заманауи технологиялар туралы, Қазақстанның бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық институттардың осы саладағы жүзеге ғылыми зерттеулер мен тұжырымдарын таныстырды.

Әлемде қанша АЭС бар?
Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың пікірінше, жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3%-ға өседі. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт-қа дейін 2 есеге өсетініне болжам жасалған.
«Қазір әлем елдерінде 416 реактор бар. Бұл реакторлардың жалпы қуаты – 347 641 МВт. Жаһанның бірнеше елінде 61 637 МВт қуатты құрайтын 59 реактор салынып жатыр. Мәселен, Қытайда - 25, Үндістанда - 7, Түркия мен Мысырда, Ресейде - 4, Ұлыбритания мен Кореяда, Жапония, Украина мен Бангладеште - 2 реактордың құрылысы қолға алынған. Франция мен Словакия, Бразилия мен Аргентина, Иран елі бір-бір реактордың құрылысын жүргізуге кірісті», - дейді Гүлмира Мұрсалова.
Жаһан елдеріндегі ең көп атом электр стансасы АҚШ-та салынған. Қазір бұл елде 94 реактор жұмыс істеп тұр. Қытай мен Францияда - 56, Ресейде - 36, Оңтүстік Кореяда - 26, Үндістанда - 20, Канадада - 19, Украинада - 15, Жапонияда 12 реактордан қуат өндіріледі. Жапонияда - 21, Үндістанда - 4 реакторды уақытша тоқтатып қойған.

АЭС-тің тиімділігі қандай?
Атырау жұртшылығын АЭС-тің қоршаған ортаға әсері мен тиімділігі толғандырады. Бұл ретте «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков АЭС құрылысы басталатын болса, елдің дамуына ықпал ететін бірнеше мультипликативтік әсері барын түсіндірді.
«Біріншіден, әлеуметтік тұрғыдан айтатын болсақ, құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін адам тартылады. Ал, АЭС пайдалануға берілетін болса, 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Екіншіден, отандық экономиканың дамуына оң әсерін тигізетіні даусыз. Осы орайда, алдымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Өйткені, бүкіл цикл бойынша ел бюджетіне 2,5-3 млрд доллар көлемінде салық түседі. Үшіншіден, техникалық тұрғыдан айтқанда, меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалану көзделіп отыр. АЭС пайдалануға берілсе, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Төртіншіден, қоршаған ортаға парниктік газ шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азайту мүмкіндігі туады», - деді Асуан Сиябеков.
Жетекші инженердің мәліметінше, жылу-электр стансаларынан қоршаған ортаға тарайтын ластаушы заттар шоғыры аз емес. Мәселен, 1 ГВТ энергия өндіру үшін жылу-электр стансаларынан ауаға 7-120 мың тонна аралығында күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 700-1500 тонна майда күл, 3-7 млн тонна көмірқышқыл газы, 300 мың тоннадан астам күл шығады. Ал, құрамында жылына шығарылатын 400 тоннаға жуық уытты металлдың құрамында кадмий, қорғасын, сынап секілді ластаушы заттар бар.
«Ал, АЭС-тен 1 ГВТ энергия өндіру кезінде ауаға күкірт тотығы, азот тотығы, майда күл, көмірқышқыл газы, күл мен уытты металл секілді химиялық ластағыш заттар тарамайды. АЭС-тің қоршаған ортаға осындай тиімділігі бар», - деді Асуан Сиябеков.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Каспий кешенін зерттеу және мониторинг зертханасының меңгерушісі Махамбет Құдайбергенұлының пікірінше, АЭС құрылысын жүргізу үшін халықаралық қағидалар сақталуы қажет.
«Қазір халықаралық қаржыландыру институттары көмірге инвестиция салудан бас тартып жатыр. Өйткені, оның болашағы жоқ. Ал, күн сәулесі мен жел бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан, күн мен желді алда тұрған мақсаттарды шешетін тұрақты энергия көзі деп айтуға болмайды. Осының ішінен озып шығатыны – атом энергетикасы. Атом индустриясын дамыту керек деп ойлаймын. Атом электр стансасы жаңа талаптарға сай технологиямен қамтылса, құптауға болады», - деді Махамбет Құдайбергенұлы.
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаевтың айтуынша, АЭС елдің экономикасын дамыту, электр тапшылығын жою үшін қажет.
«Елімізде көптеген кәсіпорын мен шаруашылық ашылып жатыр. Жаңадан облыстар құрылды. Демек, электр энергиясына сұраныс арта түседі. Осының бәрін ескеретін болсақ, болашақта энергия көздерін жетілдіру мәселесі туындайды. Қазіргі уақытта бізге энергия көздері керек. Оның ішінде ең басты энергия көзі – атом электр стансасы. Бұған күмән жоқ», - деді Кеңес Қосыбаев.
Су қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық сарапшы Серік Борановтың пікірінше, АЭС құрылысы кезінде ескеретін жайт бар.
«АЭС салу үшін Балқаш көлінің маңы таңдалып отыр. Елімізде мұндай көл соншалықты көп емес. Атом электр стансасын салып алып, Балқаш көлін жоғалтып алмаймыз ба? Өйткені, реакторды суыту үшін көлден көп мөлшерде су алынады. Су кері айдалған кезде көлдің температурасын көтеріп жібереді. Ал бұл судағы тіршілікке әсер етуі мүмкін. Осы мәселелер ескерілсе екен», - дейді Серік Боранов.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы күзде АЭС жөніндегі референдум өтетіні туралы айтқан болатын. Қазір қоғам жұртшылығы мәселені жан-жақты талқылап жатыр. Айта кетсек, бұған дейін Қарағанды қаласында және Ақтөбеде қоғамдық тыңдау өтті.