АЭС құрылысында халықаралық консорциум мәселесі де пысықталуы мүмкін – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Атом электр станциясын (АЭС) салып берген вендорға тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің мамандарды даярлаймыз. Бұл туралы елордада ядролық технологиялардың халықаралық көрмесінде ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин айтты.

Ғұмар Серғазин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Егер референдумда АЭС салуға халықтың басым бөлігі дауыс берсе, онда Үкімет деңгейінде вендорларды айқындаймыз. Бұл тұрғыда оларға қойылатын тиісті талаптар болады, яғни техникалық әрі экономикалық көрсеткіштер назарға алынады. Сонымен қатар, бұл ауқымды жұмысқа жергілікті өндірістер мен жұмыс күшінің тартылуына екпін қойылады. Атап айтқанда, біздің мамандардың білімін жетілдіруге көңіл бөлінеді, себебі кейіннен біз АЭС салып берген вендорға тәуелді болып қалмауымыз керек. Жалпы, еліміз отын шикізаты қоры бойынша алдыңғы орында екені белгілі», - деді А. Серғазин.

Оның айтуынша, бүгін Астанада өтіп жатқан көрмеге Қазақстанда АЭС салудан үмітті төрт вендор шақыртылды, яғни Франция, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея компаниялары бар.

«Бұл вендорлардың барлығы АЭС құрылысында өздерін жақсы жағынан таныта алды. Бүгінгі көрме аясында ел халқы қандай технологияларды қарастырып жатқанымызды өз көзімен көре алады. Осында заманауи реакторлардың үлгісі таныстырылып отыр», - деді департамент басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, АЭС құрылысына 10 жылдан астам уақыт керек.

«Бізде АЭС-ті басқара алатын кадрлық әлеует тапшы деп айтуға болмайды. Министрлікке қарасты екі мықты институт бар - Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталығы. Бұдан бөлек, еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарын жыл сайын жас тамандар тәмамдап жатыр», - деді А. Серғазин.

Бұдан бөлек ол АЭС құрылысында консорциум арқылы іске асыру тиімділігі пысықталып жатқанын айтты.

«Халықаралық консорциумды да қарастырып отырмыз. Осы орайда бүгін қамтыған үміткер компаниялардың барлығының қатысуын жоққа шығармаймыз», - деді департамент басшысы Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, Қазақстанда АЭС салу мәселесіне арналған республикалық референдум туралы Президент Жарлығының жобасы Үкімет қарауына жіберілді.

 

Соңғы жаңалықтар