АЭС салынатын аумақта зерттеу-іздестіру жұмыстары 1,5 жылдай жүреді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов Үлкен ауылында өткен брифингте атом электр станциясын салуға дайындық аясындағы инженерлік-іздестіру жұмыстары 18 айға жоспарланғанын хабарлады.

Оның айтуынша, болашақ АЭС орналасатын жерде жүргізілетін инженерлік-іздестіру жұмыстары өңірдің сейсмикалық белсенділігін қоса алғанда, барлық негізгі параметрлерді анықтауға бағытталған.
— Бүгінде құрылыс алаңы ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы белгіленді. Жұмыс барысында үш ықтимал учаске таңдалып, әрқайсысында кешенді инженерлік іздестіру жүргізіледі. Алғашқы кезеңдердің бірі – топырақ бұрғылау және үлгілерді алу болады, — деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, іздестіру барысында топырақтың сипаттамалары, жерасты суларының болуы, сейсмикалық белсенділік деңгейі, сондай-ақ белсенді және пассивті геологиялық жарықтардың бар-жоғы жан-жақты зерттеледі.
Бұл зерттеулердің қорытындысы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың негізін құрайтын бастапқы деректер жиынтығы қалыптасады. Дәл осы кезеңде болашақ АЭС-тің негізгі техникалық параметрлері айқындалады. Атом энергиясы жөніндегі агенттік өкілі далалық зерттеулер кемінде 12 айға созылып, жыл бойы жүргізілетінін, содан кейін алынған деректерді талдау және өңдеу кезеңі басталатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.
Бүгін Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды.