АЭС салу референдумында саналы таңдау жасауға мүмкіндік аламыз — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Айдос Сарым АЭС салу референдумына қатысты пікір айтты.

«Ең бастысы, Қазақстан қоғамы өзіне қажет ең маңызды деген шешімдерге өзі таңдау жасайды. Ұзақ жылдар бойы бізде референдум өткізілмеген еді. Жақында ғана Конституцияны қабылдадық (2022 жылы 5 маусымда Қазақстан Конституциясына өзгертулер мен толықтыруларға арналған референдум). Енді биылғы референдумда атом электр станциясына қатысты шешім қабылдамақпыз. Бұл шешім — өте өзекті. Осы шешімді халық жүрегімен қабылдауы керек сияқты. Оның артықшылығын да, кемшілігінде қатар түсінуі қажет. Сонда, саналы таңдау жасауға мүмкіндік аламыз», — деді А. Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда депутат қазір Үкімет референдумды өткізу мерзімін айқындауы керек екенін айтты.
«Екіншіден, тиісті штаб құрып, олар халыққа барлығын түсіндіруі керек. Өңірлердің көбісінде кездесулер болды. Дегенмен, ақпарат әлі де аз деп санаймын», — деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде елде атом электр стансасын салу жобасы туралы пікір білдірді. Атап айтқанда, АЭС жөніндегі референдум күзде өтеді.