АЭС-тің түпкілікті координаты әлі айқындалған жоқ - Сәтқалиев
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде салынатын Атом электр стансасы орналасатын түпкілікті координат әлі айқындалған жоқ. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
- Росатом жобалау-іздеу жұмыстарына кірісті. Терңдігі 30-дан 150 метрге дейін жететін 70-тен астам ұңғыма бұрғыланды. Топырақ сынамасы алынды. Қазіргі уақытта топырағы зерделеніп жатыр. Мұнан бөлек, алдын ала сейсмикалық, картографиялық жұмыс жүрізілді. Барлық мәлімет техникалық-экономикалық негіздемеге, дұрысырақ айтсақ, жан-жақты инжиниринг, жобалық құжатқа енгізіледі. МАГАТЭ стандарттарына сәйкес, жұмыс басталмастан шамамен 18 ай бұрын алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ол жүргізіліп жатыр. Станса орналасатын түпкілікті координат белгілі болады, - деді агенттік басшысы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылым, жұмысшылар елді мекені, Қазақстанда жасалатын, шетелден сатып алатын жабдықтар мәселесі енді шешіледі.
- Мұның бәрі жобалық құжаттамада қамтылады. Қазіргі уақытта Росатоммен бірге айналысып жатырмыз. Ол барынша жан-жақты алдын ала жұмыстардан кейін жоспарланады, - деді ол.
Айта кетейік, елімізде салынатын бірінші Атом электр стансасының атауына қатысты 28 мыңнан астам ұсыныс түсті.