Афиныда қуатты жарылыс болды: бір адам қаза тауып, екі адам жараланды
АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат - Афиныда жаңа лаңкестік әрекет орын алды. Қуатты жарылыстың салдарынан бір ер азамат қаза болып,
бір бойжеткен ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Europe1 радиостансысы. Кейбір мәліметтер бойынша, тағы бір жаралы адам бар көрінеді.
Бомба қаланың батыс бөлігінде, мемлекеттік қызметкерлерге арналған мектептің жанында жарылған. Қазір полиция мен лаңкестікке қарсы күрес бөлімдері оқиға орнын қоршауға алып отыр.
Айта кету керек, Грекияда әлемдік қоғамдастықты батыс саясаткерлері мен компанияларына қарсы акциялармен жиі дүрліктіріп отыратын «17 қараша революциялық ұйымы» сияқты бірнеше ішкі лаңкестік топтар бар. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қаңтар айында Афины орталығында Белгісіз жауынгердің ескерткішінің жанында, ел парламентіне жақын жерде жарылыс болды. Ол жолы жарылыстан ешкім зардап шеккен жоқ еді.