Африка құрлығымен қатынас: Руандамен байланыс қай бағытта дамиды?

АСТАНА. KAZINFORM – Руанда Президенті Поль Кагаменің 28-29 мамырдағы Қазақстанға ресми сапары аясында екіжақты ынтымақтастықты дамыту жайы талқыланып, бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Бұл қадам қос елдің экономикалық қарым-қатынасына жаңа тыныс сыйлайды деген пікір бар. Осы орайда Kazinform тілшісі кездесудің мәні мен тиімді мүмкіндігін саралап көрді.

Руанда
Коллаж: Kazinform / EPADOMINIC / FAVRE

Руанда: реформа мен экономикалық серпіліс

Көбіміз Руанданың атауын естігенімізбен, орналасқан аймағы, ел жайынан хабарымыз аз екені белгілі. Алыс-берістің әлі күнге көңіл көншітпей тұрғанына да осы фактор әсер етсе керек. Поль Кагаме сапарының ресми статуста жандануы олқылықты түзететін бірден-бір мүмкіндікке айналуы ғажап емес.

Сонымен, Руанда – Солтүстік Африкадағы шағын мемлекет. Уганда, Танзания, Бурунди, Конго Демократиялық Республикасымен шектеседі. Жан саны 14 миллонға жетеғабыл. БҰҰ-ның шешімі шығып, Бельгияның боданынан босаған Руанда 1962 жылы тәуелсіздік алды.

Руанда
Фото: shadowsofafrica.com

Елге қазіргі экономикалық көрсеткішке жету оңай болған жоқ. Өткен ғасырдың соңында Руандада қанқасап қырғын орнап, халық шетелге үдере көшті, экономика тұралады. Миллиондаған адам қаза тауып, ІЖӨ 20 пайызға кеміген еді. Сондықтан 2000 жылы билікке келген Поль Кагаме бірқатар реформа жүргізуге мәжбүр болған. Сарапшылар, дәл осы алғашқы кезеңдегі жасалған қадамдар мемлекетті құтқарды деген пікірде. Ол қандай әрекет?

Тұрақсыздықтан кейін «таққа» келген Поль Кагаменің алдында экономиканы оңалтудың түрлі моделі болған көрінеді. Алайда ол Африкаға таңсық «Азия жолбарыстары» (Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея) ұстанған жолмен жүруді шешкен: алдымен сыбайлас жемқорлықпен күресіп, кейін мемлекеттік инвестицияны көбейтті. 2000-2010 жылдары Руандадағы инвестицияның 50 пайыздан астамы мемлекетке тиеселі болуы - соның айғағы.

Бұл инвестициялар халықты жарқын болашаққа бастады. Аз уақыт ішінде автожолдар, суару жүйелері, ауруханалар, интернет-желілерінің құрылысы аяқталды. Әуежайларды жаңартып, ұлттық RwandAir компаниясы құрылды. Әсіресе, денсаулық сақтау жүйесі дамып, салаға бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 6 пайызынан асқан-ды. Бұл – дамушы елдер арасында айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

Орайы келгенде Руандадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты атап өтпесе болмас. Қазіргі инвестициялық климатты қалыптастыру осы жүйенің арқасында жүзеге асты. Кагаме билікке келген бетте барлық шенеунікке табыс декларациясын тапсыруды міндеттеп, жемқор басшыларды қызметінен босатумен болды. Тіпті көпшілік алдында жемқорларды әшкерелеу жұмысы жүйелі жүргенін білеміз.

Кагаме қолға алған реформалар өз-өзін ақтады десек артық емес. Дүниежүзілік банк дерегінше, 1994-2023 жылдары аралығында Руанданың ІЖӨ (жылдық өсім 7 пайыз) 18 есе, экспорты 70 пайыз ұлғайған. Елде өнеркәсіп, туризм, банк секторы, қызмет көрсету бағыты аяққа тұрды. Бала өлімі азайып, халықтың өмір сүру жасы ұлғайды, медицина мен білім беруге қол жеткізу жеңілдеді. Бүгінде мемлекет Африка құрлығындағы ең қауіпсіз елге айналған.

Алайда «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың пікірінше, жақын уақытта Руанда экономикасы Африка көшбасшысына айналады дегенге сену қиын. Логистикалық келеңсіздік қолбайлау болып қала бермек.

Әлібек Тәжібаев
Фото: Kazinform

«Африка құрлығындағы Руанданың әлеуеті орта деңгейден аспайды. Ел мұхитқа шыға алмайтын мемлекет санатында. Олар өндіретін колумбит-танталит секілді қазба байлықтарды тасымалдау оңай емес. Өнімін мұхитқа дейін жеткізу үшін Кения арқылы ғана жол бар, саяси жағдайға байланысты Конго арқылы тасмалдауға әзір мүмкіндік жоқ. Сондықтан олар үшін логистикалық бәрібір елеулі қиындық тудыратын болады», – дейді спикер.

Дегенмен Руанданың өзге Африка мемлекеттеріне қарағанда салмақты артықшылығы бар. Ол – тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) тартуға жасалған мүмкіндігі. Кез келген шетелдік азаматқа ел аумағында кәсіп жүргізуге жағдай бар. Әлібек Тәжібаев Руандада компанияны тіркеу, еңбек күшін пайдалануға рұқсат беру бірнеше күнде-ақ шешілетін іс екенін айтты.

«Мемлекеттің шетелдік инвесторларды тартудағы аяқалысы ғажап. Жан-жақты қолдау білдіріп, құжаттамалық процестің бәрін жедел жүргізуге тырысады. Мұндай ерекше қызметтік бағдар көптеген Африка елдерінде жоқ.

Оған қоса Руанда Африкадағы ең қауіпсіз ел саналады. Күн-түн демей кез келген ауыл-аймақта еркін жүруге болады. Қауіпсіздік деңгейі, тазалық сақтау көрсеткіші жоғары. Инвесторлардың басымдық беруіне осы мәліметтер есер ететіні сөзсіз», – дейді ол.

Поль Кагаме кім?

Поль Кагаме Руанда
Фото: Anadolu Ajansı

Ол – тутси тайпасының өкілі. Әрине, бір қарағанда тайпалық құрылым заманауи саяси өзгеріске әсер етпеуі мүмкін, алайда Африка мемлекеттері үшін аталған дерек шешуші рөл ойнайды. Поль Кагаменің билікке келуіне де тутси тайпасына жасалған геноцид әсер еткендей көрінеді.

Олай дейтініміз, 1994 жылы Руандадағы хуту тайпасы тутси тайпасын қырғынға ұшыратып, өткен ғасырдағы ең қанқұйлы қылмысты бастағанын білеміз. Кей деректе 1 миллионнан астам тутсилік қаза тапты деген дерек айтылады. Оның үстіне Поль Кагамеге дейінгі ел басшыларының барлығы хуту тайпасынан еді. Мұның бәрі саясаткердің құқықтық реформа жасап, қос тайпаны біріктіретін Руанда патриоттық майданы (RPF) партиясын бастауына түрткі болды. Қазір RPF билеуші партия мәртебесінде.

Поль Кагаме билікке 2000 жылдың 22 сәуірінде келді, яғни өткен айда Руанданың тізгінін ұстағанына тура 25 жыл толды. 2003, 2010, 2014 жылдары президенттік сайлау науқанында басым дауысқа ие болған. Ал 2015 жылы референдум нәтижесінде қайта үміткер болуға мүмкіндік алып, 2024 жылы төртінші рет мемлекет басшысы атанды.

Саяси байланыс

Қазақстан мен Руанда арасындағы дипломатиялық байланыс 2012 жылы 10 мамырда орнады. Содан бері байланыс үзілген емес. 2015 жылы Швейцарияда өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда екі ел сауда-экономикалық мәселелерді талқыласа, сол жылдың күзінде П.Кагаме Қазақстанға жұмыс сапарымен келген болатын. 2024 жылы Бакуде өткен Бүкіләлемдік климаттық саммитінде Қазақстан Президенті мен Руанда Президенті болашақ ынтымақтастық жоспарын талқылағаны есте.

Встреча Касым-Жомарта Токаева с президентом Руанды Полем Кагаме
Фото: Акорда

Үкіметаралық келісім де жанданып келеді. 2022 жылы Кигалиде Қазақстан-Руанда парламенттерінің кездесуі өтіп, бір жылдан кейін Руанданың Қаржы және экономикалық жоспарлау министрі У.Ндагиджимана бастаған делегация Астанадағы AIF шарасына қатысты. Бұл сапар аясында логистикалық бағытты дамыту, сауда көлемін арттыру туралы уағадаластыққа қол жеткен.

Өткен жылы қыркүйекте Руанда Президентінің Арнайы уәкілі, Руанда сыртқы барлау мен қауіпсіздіктің бас директоры генерал-майор Жан Поль Ньирубутама елордаға ат басын бұрған-тұғын.

Бүгінге дейін өткізілген кездесу нәтидесінде Руандамен 3 шарттық-құқықтық база қолданысқа енді:

· АХҚО мен Rwanda Finance Limited арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум (2023 жыл);

· Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісім (2024 жыл);

· ҚР және Руанда авиациялық билік орындары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум (2024 жыл).

Руанда
Инфографика: Kazinform

Қос мемлекет әлемдік аренадағы бастамаларына қолдау білдіруден қалыс қалмады. Руанда 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қатысты Қазақстанның кандидатурасын, биыл Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы қарарын қолдады. Өткен жылдан бастап Руанданың Түркия мен ҚР-дағы елшісі (қоса атқарушы) – генерал-лейтенант Чарльз Кайонга қызметіне кіріскен болатын.

Кигалиден келетін импорт: шай, кофе, киім-кешек

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан мен Руанда арасындағы тауар айналымының көлемі 381,7 мың АҚШ долларын құраған. Алайда мұның бәрі Руандадан келетін өнімнің үлесіне тиісілі, нақтырақ айтсақ, Қазақстан тек тұтынушы, Африка құрлығындағы достас елге тауар тасуы сирек. Бір мысал, өткен жылы екі елдің тауар айналымы саналатын 381,7 мың АҚШ доллары – Кигалиден келетін импорттың статистикасы. Өзге жылдардағы тауар айналымындағы көрсеткіш әрқилы, алайда мәселе ортақ: 2021 жылы – 136,6 мың АҚШ доллары (импорт), 2022 жылы 97 мың АҚШ доллары (импорт), 2023 жылы – 6,7 млн АҚШ доллары (импорт) болған.

Өткен жылы елге келген Руанда өнімін сараптасақ, төмендегіше өрбиді:

· Әйелдер киімі – 220,8 мың АҚШ доллары (59,9 пайыз);

· Шай – 98,8 мың АҚШ доллары (25,9 пайыз);

· Ерлер киімі – 36,6 мың АҚШ доллары (9,6 пайыз);

· Кофе – 13,5 мың АҚШ доллары (3,5 пайыз);

· Фторидтер, фторосиликаттар, фтороалюминаттар – 0,7 мың АҚШ доллары (0,19 пайыз);

· Вольфрам және вольфрам бұйымдар – 0,5 мың АҚШ доллары (0,13 пайыз).

Руанда
Инфографика: Kazinform

Кейінгі жылдары үдеген саяси байланыс Қазақстанның Руандаға бағытталған экспортын дамытуда. Биыл келелі келісімдердің алғашқы жемісін көріп отырмыз. Мәселен, Үкімет 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында еларалық тауар айналымын 104,7 мың АҚШ долларына дейін ұлғайтып, ондағы экспорт үлесін 13,3 мың АҚШ долларына дейін көтерді. Отандық кәсіпкерлер Руандаға мұнай өнімдерін (76,5 пайыз), физикалық немесе химиялық талдауға арналған аспаптар мен аппараттарды (22,4 пайыз), майлау материалдарын (1,1%) жеткізген.

Әлібек Тәжібаевтың сөзінше, алдағы еларалық келісімдер қатты пайдалы қазбаларға бағытталуы ықтимал. Руандаға Қазақстанның кенді бастапқы өңдеу технологиясындағы теңдессіз тәжірибесі аса қажет.

«Кездесу барысында кенді бастапқы өңдеу технологиясы сөз болатыны анық. Бұл өте маңызды, себебі Қазақстан – тантал кенін өңдеу технологиясы сақталған санаулы елдің бірі. Өскемендегі «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ тау-кен өндірісіндегі колумбит-танталитті өңдеу тәжірибесін бөлісе алады.

Екінші маңызды тақырып туризм мен азық-түлік саудасына арналатын секілді. Руанданың көлемі шағын болғанымен, табиғаты бай. Флора мен фаунасы сүйсіндіреді. Жеміс-жидек тасымалын ұйымдастыру, кофе мен шай импортын дамытуға болады. Туризм жобаларын жасауға да қолайлы», – деп түйіндеді сарапшы.

РУАНДА природа
Фото: planetofhotels.com

 

Әрине, Руанда Африка құрлығындағы басты ойыншы емес, алайда экономикалық әлеуеті жоғары. Әсіресе, ауылшаруашылығы, туризм, жеңіл өнеркәсіп саласында тәжірибе алмасуға, қолайлы нарық табуға көмегі зор. Мамырдың соңы өтетін екі ел президенттерінің кездесуі кенжелеген саяси қарым-қатынасты нығайтып, сауда байланысты жандандыруға жол ашпақ.

Соңғы жаңалықтар