Африка ұлттар кубогы: дауға айналған финалда Сенегал құрамасы жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Марокко астанасы Рабат қаласындағы принц Мула Абдулла стадионында футболдан 2025 жылғы Африка ұлттар кубогының чемпионы анықталды.
Кубокты финалда Марокко мен Сенегал құрамасы сарапқа салды.
Бұған дейін жарты ғасыр бұрын марокколықтар осындай табысқа қол жеткізсе, Сенегал 2021 жылы үздік шыққан еді.
Алаң иелері фаворит саналғанымен, ойын барысында марокколық қақпашы Яссин Буну бірнеше рет қауіпті соққыны қайтарды.
Матч соңына таман конголық төреші Жан-Жак Ндала Нгамбо Марокко капитаны Ашраф Хакимиге қатысты ойын ережесі бұзылды деп, Сенегал соққан голды есептемеді.
Бірнеше минуттан кейін төреші Сенегал қақпасына күмәнді пенальти белгіледі. Мұның соңы үлкен дауға айналды. Бұған наразы болған Сенегалдың бас бапкері Пап Тьяв футболшыларын алаңнан алып кетті. Тек Сенегал сапындағы атақты ойыншы, кезінде ағылшындық «Ливерпульда» атой салған 33 жастағы Садио Мане «Біз ерлерше ойнаймыз» деп командаластарын қайта алып шықты.

Марокко сұрмергені Браим Диастың пенальтиді Паненка тәсілімен соғамын деген добын Сенегал қақпашысы Эдуард Менди оңай қақшып алды.
Қосымша уақыт белгіленіп, онда Сенегалдан Папе Гуйе 94-минутта жеңіс голын соқты.
Осылайша, Сенегал құрамасы өз тарихында екінші рет Африка ұлттар кубогын жеңіп алды.
Бұдан төрт жыл бұрын Африка елдері арасында алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен Марокко күмісті қанағат тұтты.
Қос құрама биылғы әлем чемпионатында өнер көрсетеді.
Үшінші орын үшін бәсекеде пенальти сериясында Мысырды жеңген Нигерия командасы қола жүлдегер атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Африка ұлттар кубогының финалистері белгілі болғанын жазған едік.