Африканың ең ұзын тасжолы Трамп құрметіне аталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл шешім Америка көшбасшысына Батыс Сахара мәселесіндегі ұстанымы үшін алғыс білдіру белгісі болды, деп Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Марокко билігі елдің ең ірі тасжолдардың біріне АҚШ президенті Дональд Трамптың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Марокконың MAP ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып Asharq Al-Awsat басылымы хабарлады.
Тизнит пен Дахла қалаларын жалғайтын тасжолға Donald J. Trump Highway атауы берілді. Шешім туралы Марокко королі Мұхаммед VI жариялап, бұл Америка көшбасшысына 2020 жылы Батыс Сахарадағы Марокконың егемендігін мойындағаны үшін алғыс білдіру белгісі екенін атап өтті.
Марокко патшасы Дональд Трампқа жолдаған хатында бұл шешімнің «жеке ризашылығын» білдіретінін және екі ел арасындағы достық пен бейбітшілік құндылықтарын көрсететінін мәлімдеді.
— Сіздің 2020 жылы Марокконың Сахарадағы егемендігін тарихи түрде мойындауыңыз мароккалықтардың есінде мәңгі сақталады, — делінген патшаның хатында.
MAP мәліметінше, тасжолдың ұзындығы — 1055 шақырым, бұл оны Африкадағы ең ірі жол инфрақұрылымы жобасына айналдырып отыр. Жоба Марокконың оңтүстігін әл-Аюн арқылы Дахламен байланыстырады және Рабаттың оңтүстік аумақтармен және Батыс Африка елдерімен көлік байланыстарын дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық бағдарламасының бөлігі. Жобаның құны шамамен 850 млн еуроға бағаланды.
2020 жылдың желтоқсанында Дональд Трамп әкімшілігі Марокконың Батыс Сахарадағы егемендігін мойындады. Рабат сонымен қатар АҚШ делдалдығымен жасалған келісімдер аясында Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтірді.
Кейін Трамп Марокконың аймақтық автономия жоспарын қолдайтынын тағы да растап, Марокко короліне тасжолға оның есімін бергені үшін алғыс айтты.
Батыс Сахара Марокко мен ПОЛИСАРИО майданы арасындағы ұзақ уақытқа созылған даудың тақырыбы болып қалып отыр. Марокко аймақтың көп бөлігін бақылайды және оны өзінің оңтүстік провинциялары деп санайды. ПОЛИСАРИО майданы Алжирдің қолдауымен тәуелсіз мемлекет құруды жақтап отыр. БҰҰ Батыс Сахараны өзін-өзі басқармайтын аумақ ретінде жіктейді.
Осыған дейін Испания Мароккомен шекарада жаңа бөгет орнатуға кіріскенін жаздық.
Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Мұхаммед пен оның отандастарын Марокко Корольдігінің төл мерекесі — Таққа отырған күнімен құттықтады.