Ағылшын тілін үйретудің шебері Айнұр ізденуден жалыққан емес

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет білім-ғылымға мықтап ден қоя бастағанда сол мүмкіндікті тиімді пайдалануды ойлайтын талапты жастардың бар болғаны қуантады. Білім саласында бірнеше жыл еңбек етіп, ұстаздарға үлгі болып жүрген Айнұр Ахметчеева да ғылыми-зерттеуден қол үзбейтін маман. Ол қайда жүрсе де бала оқытудың тың әдісін үйреніп, өзгелерге үйретуден қашпайды. 

ипваерпано
Фото: Kazinform

Шет тілінен мектеп, университет мұғалімдеріне дәріс оқып, білім берудің озық әдіс-тәсілдерін үйретіп жүрген маман қазірде Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Бұл былай болған еді... Талапты ұстаздың бірнеше жылдық еңбегі, маңдайтері бағаланып, 2011 жылы Назарбаев университетінде грант ұтып алған. Ғылымға ден қойған маман онда да қарап жүрмей, түрлі зерттеулермен айналысқан. Ұлыбритания, АҚШ-тан келген мұғалімдерімен бірге жұмыс істеген. Дәл осы кезеңде Айнұр орта мектеп, жоғары оқу орындарында сабақ беретін мұғалімдерге шет тілінен үйретудің тың әдіс-тәсілдерін түсіндіре бастаған. Қазір де ол ісінен қол үзбей мектептерде семинар өткізіп тұрады. Жуырда ол екінші деңгейлі курс жүргізіп, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдеріне сабақ беріпті. Осының есесіне Кембридж университетінен 2-ші деңгейлі тренер сертификатын алыпты. 

Айнұр Серікқызының өзі Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бақбақты ауылының тумасы. Сондағы орта мектептің түлегі.

ипваерпано
Фото: Kazinform

– Мектеп жасынан ағылшын тіліне қызығып, олимпиадалардан қалмайтынбыз. Сөйтіп жүріп мектепті үздік аттестатпен аяқтадым. 2002 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері универистетіне мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Универистетте белсенді болып, қоғамдық жұмыстарға араластық. Шақырған жерден қалмауға тырыстық. Президенттік степендия иегері атандым. Сөйтіп жүріп, университетті, ізінше, сол университеттің магистратурасын қызыл дипломмен тамамдадым. Шет тілі мамандығында оқып жүріп «Шынайы мысалдар арқылы ағылшын тіліне оқыту» тақырыбына қызықтым, зерттедім. Мысалы, сабақты мультфильм көру арқылы меңгерген бала, сол елдің тілін меңгеріп қана қоймайды, мәдениетінен де хабардар болады. Осылайша, бала шет тілін әдеттегіден жылдамырақ меңгере алады, – деп бала оқытудың қыр-сырын жетік білетін А. Серікқызы. 

Айнұр өзі білім алған университетте магистратураға грантқа түсіп, әуелден өзі зерделеп жүрген «Студенттердің фонетикалық дағдыларын қалыптастыру» тақырыбын одан әрі тереңірек зерттеуге кіріседі. Магистратурадан соң, өзі оқыған мамандық бойынша студенттерге дәріс оқи бастаған. Бір сөзінде тәжірибелі маман бала оқытуда топпен жұмысқа көбірек иек артатын айтып қалды. Себебі, оқушылар кезекті дәрісті бірімен-бірі кеңесе, ақылдаса отырып үйренсе, тақырыпты жақсы қабылдайды деседі. 

– Аға оқытушылар, жас мамандар, универиситеттің мұғалімдеріне де дәріс оқыдық. Ағылшын тілінде оқу әдіс-тәсілдерін үйретуге тырысып жүрмін. Мысалы, қазіргі мұғалімдер топпен жұмыс кезінде студенттерге бүкіл ресурстарды беріп, тақырыпты сұрақ қою арқылы түсіндірсе, ұтылмайды. Тек осыны дұрыс ұйымдастара білу қажет. Себебі, егер біз адамның «түсіну пирамидасына» көз жүгіртсек, сабақ тек дәріс түрінде өтсе, онда оқушы мәліметтің 10 пайызын ғана қабылдайды. Егер студенттер практикада жұмыс істесе, онда материалды игеруі 50 пайызға жетеғабыл болады деседі. Ал олар тақырыпты өздері үйреніп, біріне-бірі топтасып үйретсе, тақырыпты қабылдауы 90 пайыз болады екен. Сосын, міндетті түрде оқушы мен мұғалім арасында кері байланыс болуы шарт, – деп тағы бір сырын айтты А. Серікқызы. 

Ұстаздарға ұстаз болып жүрген Айнұр Серікқызының өзі «білім бағдарламасының мынасы озық» деп шорт кесіп айта алмайтынын жеткізді. Оның пайымынша, нағыз шебер, оқушыға жанашыр мұғалім сабақ барысында мейлінше жаңа әдіс-тәсілдерге иек артуы керек. Сонда өзге мұғалімдер де жаңашыл ұстазға қарап бой түзейді.