Аграрлық несие корпорациясы банктерден 17,75%-бен алып, кооперативтерге 12–13%-бен берген

АСТАНА. KAZINFORM — Аграрлық кредит корпорациясы банктерден қаражатты 17,75%-бен алып, кредиттік кооперативтерге12–13 пайыз мөлшерлемемен берген.

Уласбек Садибеков
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков айтты.

— Квазимемлекеттік секторда да тұрақты проблемалар сақталуда. Бұл тұрғыда республикалық бюджеттің квазимемлекеттік сектордағы ірі қаражатын алушылардың бірі — «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ-ның жағдайы ерекше назар аудартады. Корпорацияның жыл басындағы қалдығы 43,8 млрд теңге болғанына қарамастан, оған қосымша тағы 180 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, корпорация екінші деңгейлі банктерден 17,75 пайыз мөлшерлемемен алынған қаражатты 12–13 пайыздық мөлшерлемемен жеке кредиттік кооперативтерге берген, — деді мәжілісмен.

Оның дерегінше, 2025 жылғы 1 қаңтарға қарай «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ-ның проблемалық несие портфелі 112,5 млрд теңгені құрады.

— Сонымен қатар, аграрлық секторға берілетін кредиттердің «бірлескен жауапкершілік» тәрізді шарттарының тиімділігі төмен. Өйткені бір қатысушының несие төлемін кешіктіруі барлық қатысушы үшін кредит желісінің жабылуына алып келуде. Осылайша, айтарлықтай экономикалық тиімділік болмаса да, бюджет квазисектор шығындарын жабудың негізгі көзі болып қала береді, ал қайтарымдылық пен нәтижелілік механизмдері толыққанды жұмыс істемейді, — деді Ұласбек Сәдібеков.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Парламент палаталарының бірлескен отырысында жекешелендіру шараларынан бюджетке түскен кірістерді атады.

Соңғы жаңалықтар