Аграрлық оқу орындарының білім бағдарламасы өзгереді

жоо
Фото: Pexels

Аграрлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасын заман ағымына қарай әртараптандыру қарастырылып жатыр. Бұл туралы Сенатта аграрлық ғылымды дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Аграрлық саладағы адами капиталға да назар аударуымыз қажет. Себебі аграрлық саладағы мамандар, оның ішінде орта буынды мамандар ауылды елді мекендерде тапшы. Оның негізгі себептерінің бірі - бұл салада еңбекақы төмен. Сонымен қатар, қаладағы мектеп бітіруші жастарымыз аграрлық мамандықтарды таңдамайды. Аграрлық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс барысында ауылдық квотаның төмен болуы да өз әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, аграрлық оқу орындарына ауылдық квота - 30 пайыз ғана. Ал, ауылда мектеп бітірген жастарымыз аграрлық жоғары оқу орындарына құжат тапсыру барысында шекті балдан өте алмайды. Оқуға түсіп, университетті тәмамдаған мамандарымыз ауылға бармайды. Осы себептен аграрлық салада кадр тапшылығы байқалып отыр», - деді А. Сапаров.

Оның айтуынша, аграрлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаcын заман ағымына қарай әртараптандыру қарастырылып отыр.

«Бұдан бөлек, біз дамыған шетелдік ғылымда функционалды интеграцияланған «кадр даярлау – ғылыми зерттеулер - өндіріс» моделіндегі зерттеу университеттеріне де назар аударуымыз қажет. Ғылымды дамытудың мұндай моделін елдегі аграрлық зерттеу институттарs мен университеттердің даму бағдарламаcына енгізіп, сол арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар