Аграрлық салада атқарылатын жұмыстар көп
ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Өткен сенбі күні Сырдария, Жалағаш аудандарында іссапармен болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев аграрлық салада атқарылатын істер барысын саралап, бірқатар шаруаларды нақтылады.
Министр алдымен Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округінің «Мәди қажы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егістігінде аялдап, шаруашылықтың бүгінгі жай-күйімен танысты. Серіктестік төрағасы Аббас Камалатдин Министрге өзі басқаратын құрылымның қазіргі тынысы жайында әңгімеледі. Серіктестік өткен жылдың қорытындысымен едәуір нәтижелерге қол жеткізген. Алайда, қиындықтары да қат-қабат. Егіс алқабының 2325 гектарында Сыр салысын жайқалтқан еңбеккерлер әр гектарынан 45,6 центнерден өнім жинады. Сонымен қатар 1000 га жоңышқа, 3 гектар мақсары мен бақша, картоп және көкөніс дақылдарынан еңбектің өтеуі көрініс тапты. Басшы өткен жылғы жетістіктерін қайталауға ниетті екенін білдірді. Десе де, жүйелі жұмыстар жүргізуде қолдауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Ең бастысы, тыңайтқышпен қамтамасыз ету жүйелі түрде жолға қойылып, жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Соның ішінде азот тыңайтқышына сұраныс артып тұр. Жоғары сапалы, бірақ өте аз мөлшерде шығарылатын карбомид тыңайтқышы жеңілдетілген бағамен берілсе, тиімділігі зор. 1961 жылы тегістелген жерлердің қазіргі күйі сын көтермейді. Тоспалар, каналдардың да тозығы жетіп тұр, көмілген жерлерін қайта аршып, тазарту қажет. Әрине, мұны оңтайлы шешуге қомақты қаржы керек екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселелерді ықыласпен тыңдаған Ақылбек Күрішбаев су шаруашылығы мәселесіне келгенде шаруашылықтардың ісі ілгері бассын десек, судың тарифін көтеру керектігін айтты. Басқа өңірлерде әлдеқашан өз шешімін тапқан. Қызылорда облысында ғана ең төменгі бағада. Мұндай жағдайда саланы өркендету әсте мүмкін еместігін айтқан Министр бұл жұмыстың жеделдете қолға алынуы тиістігін жеткізді. Тариф көтерілгенімен, есесіне арнайы субсидия төленеді. Жерді тегістеу мәселелерін облыстық бюджет пен арнайы грант арқылы жүзеге асыруға болады. Ендеше алдағы уақытта іс түйіні шешіледі."Оңтүстік" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сервистік дайындау орталығы аудан бойынша егіс даласының 1000 гектарына күріш, 200 га жоңышқа, 50 га картоп, 30 га көкөніс, 20 га бақша өнімдерін егуді және 3700 га күрішті егіп, жинауға сервистік қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Сала мамандары бұл жайында кең көлемде түсініктеме жасады. Министр тиімді жобаны қуаттады. Жер кодексіне сәйкес қолданылатын жаңа заң талаптарының басын ашып берді. Айта кететіні, алдағы күндерден бастап әрбір шаруа өзіне тиесілі жерлердің құнарлылығын төмендетпей, әрдайым пайдаға жаратып отыруы шарт. Егер де жерді аздырып алса, пайдаланылмай қараусыз жатса, белгілі мерзімде мемлекет өз меншігіне қайтып алады. Бұдан кейін бұл мәселе әр бес жыл сайын қаралып отырады.Сапар одан әрі Жалағаш ауданына жалғасты. Республикалық аграрлық сала басшысы «Аққұм-Жер» ЖШС-нің егінжайында болды.
Аққұм ауылдық округі бойынша өткен жылы 3188 га жерге дақылдар егілген. Соның ішінде 1720 га күріш, 442 га жаңа жоңышқа мен 100 га бидай егілсе, тұрғындар картоп, көкөніс, бақша дақылдарынан межеге сай өнім алды. Олардың қатарда "Аққұм-Жер" серіктестігі де су тапшылығына қарамай, жақсы өнім жинады. Егін шаруашылығына 172 млн. инвестиция салынған. Құрылымдарға күріш өсіруге мемлекеттен 34 млн. теңге субсидия берілген. Қазір шағын шаруашылықтар ірілендірілді.
Егістік басындағы кездесуде еңбеккерлер Министрге салаға берілетін кейбір несие көздерінің қиындық тудырып тұрғанын, соған байланысты несие алу жолға қойылып, тиімді тетіктері қалыптасса, деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл мәселе төңірегінде бір шешімі боларын айтқан Министр ең бастысы, ауданда шағын шаруашылықтарды ірілендіру бетбұрысын жөн деп бағалап, жұмыс осы бағытта жүргізілуі тиіс екендігін айтты. Сапар соңында журналистермен брифингте ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелер шаш етектен екендігіне тоқталған Ақылбек Күрішбаев ойын былай түйіндеді: «Бұл өңірде маңыздысы ? су мәселесі. Ең алдымен суармалы жерлердегі мәселелерді қолға алу қажет. Қазіргі уақытта Шардарада 5 млрд. 428 млн. текше метр су бар. Соны үнемді жұмсауымыз керек. Судың да сұрауы бар екенін әрдайым жадымыздан шығармасақ деймін. Өйткені Сырдария арнасы бойынша жылына 1 млрд. 200 мың текше метр су жоғалтады екенбіз. Қазақстанда су тапшылығы белең алған кезеңде бұл берекеті жоқ ысырап болып тұр. Күрішке 1 гектарға 120-130 текше метр су жұмсалуда. Мұндай ысырапшылдыққа жол бермеу үшін алдымен су жолдарын жөндеуді қолға алуымыз керек. Сосын тамшылатып суару тәсіліне көшкеніміз абзал. Сонан кейінгі мәселелер су тарифін көтеру, тыңайтқышпен қамтамасыз етуді жолға қою және тұқым шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасауға тиіспіз. Тұқым өндіруді өзімізде қалыптастырсақ, сырттан тасымалданатын қымбат бағаға келетін тұқымға жұмсалатын қаржыны да үнемдер едік».