Аграрлық сектор Қазақстанның алдағы экономикасы өсімінің негізгі драйвері болуы керек - Е. Досаев

«Осыған байланысты 2016 жыл бойы Австралия мен Бразилия елдерінің тәжірибесі негізінде Дүниежүзілік сауда ұйымының «жасыл себет» шаралары арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылады. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологиялар енгізу мен инфрақұрылым құру шараларына басымдық беріледі. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырудың арқасында келесі жылы субсидиялаудың қолданыстағы жүйесін реформалау, өсімдік шаруашылығы саласында сақтандыруды жетілдіру көзделеді», дейді Е. Досаев.
Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Үкімет жақында өңірлерге кредиттер бойынша ставкаларды субсидиялауға қосымша қаражаттар бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл үшін айналым қаражаттарын толықтыруға 7,2 млрд теңге бөлініп отыр, ал 2016 жылы аталған мақсаттарға 7 млрд теңге қарастырылады. «Осының арқасында экономиканы кредиттеуге 202 млрд тартуға мүмкіндік туады. Ал өндірілген өнім 418 млрд теңгеге артатын болады», деді Е. Досаев.