Аграршы ғалымдар Елбасы ұсынған 5 реформаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Мәжіліс залында Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаны жүзеге асыру мәселелерін талқылаған «Қоғамды жаңарту - мемлекеттің жаһандық қатерлерге жауабы» тақырыбында ғалымдар форумы өтті, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Президенттің игі бастамасын қолдай отырып, ғалымдар жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен табыстылығын арттыруға байланысты нақты ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын пысықтады .
Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттары басшылары мен ғалымдары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шаруашылық жетекшілері, аграрлық саланың өзге де білікті мамандары мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушы-профессорлары, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Ғалымдар Форумын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов кіріспе сөзбен ашып, «Жалпыға ортақ дамыған мемлекет: институционалдық бес реформа» тақырыбында кең көлемді мазмұнды баяндама жасады.
«Жаһандық қатерлерге берген қазақстандық жауап саналатын бес реформа - қоғамда үлкен қозғаушы күшке ие болып, әлемдік қауымдастықты да мойындатып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің инновациялық бағытта қарқынды дамуына жол ашатын бұл стратегиялық шешім - қазақстандықтарды біріктіріп, отандық экономиканы өркендетіп, халықтың әл-ауқатын көтеріп, білім, ғылым, өндіріс саласында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ», - деп атап көрсетті Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов өз сөзінде.
Оның айтуынша, бұл ретте Президент ұсынған 5 институционалды реформа - ұлттық экономика мен заманауи жүйедегі білім мен ғылымды дамытудың негізгі кілті болып табылады. Сондықтан, мемлекет анықтаған талаптар бойынша интеллектуалды ұлт ретінде қалыптасқан, дамыған Қазақстан қоғамын құру үшін шешілетін міндеттерді айқындап, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға әрқайсымыздың қосар үлесіміз мол болуға тиіс.
Форум барысында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ директоры С.Б. Кененбаев, Қазақ ауыл шаруашылығын механизациялау және электрлендіру ҒЗИ директоры С.А Кешуов, Өсімдік қорғау және карантиндеу ҒЗИ директоры А.О.Сағитов, Қазақ ҒЗ ветеринария институтының директоры А.А.Сұлтанов, Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық өңірлерді дамыту ҒЗИ директорының орынбасары В.В. Григорук сынды ғалымдар сөз алып, Президент ұсынған реформаларды іске асыру бағытындағы білім мен ғылымға жүктелетін міндеттемелерді саралады.
Ғалымдар форумы Жоғары оқу орындары мен Ғылыми-зерттеу институттарына арнайы жұмысшы тобын құрып, Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсыруды ұсынып отыр. Бүгінгі күні мемлекет талаптарын орындауда аграрлық білім мен ғылымның жауапкершілігі мол және атқаратын істері де көлемді.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша жаңа реформаны қолдауға негізделген қарарқабылданды. Онда ғалымдар форумының мақсат-міндеттері мен экономиканы өркендетудегі инновациялық білім мен ғылым саласының алдағы уақытта атқаратын жұмыс бағыттары айқындалды.